28.03.2017, 9:54
Қараулар: 225
Ерте жүктіліктің кеселі

Ерте жүктіліктің кеселі

 

Бүгінгі таңда кәмелеттік жасқа толмай ана атанып жатқан қыздар қатарының жиілеуі  қызы  бар үйдің  ғана емес, бүкіл қоғам үшін өзекті мәселе болып отыр.  Сәбилерін қоқыс жәшігіне не көп қабатты үйлердің кіреберісіне тастап кетіп жатқан қыздарымыз туралы хабар теледидардан да көрініс бере бастады. Өкінішке қарай, соңғы төрт жылда ауданымызда жасөспірімдер  арасында сондай 9 (2014 жылы – 3, 2015 жылы – 2, 2016 жылы  – 3, 2017 жылы – 1) жүктілік фактісі тіркелген. Бұл сандар өз кезегінде «қызға қырық үйден тыйым» көзқарасының аздық ететінін аңғартып тұрғандай. Айта кетелік, бүгінгі таңда ауданымызда босануға қабілетті әйелдердің 3212-сінің 256-сы 15-17 жас аралығындағы жасөспірім қыздар.

Жастықтың  жалынымен жаза басып, сан соқтырар жағдайға түсіп жүргені жайында айтылып та, жазылып та жатыр. Қыздардың балиғаттық жасқа жетпей жүктілікке бой алдыруын әлем гинекологтары олардың физиологиялық жетілуі ер балаларға қарағанда ерте жетілетінімен де байланыстырады. Сонымен қатар оған, біріншіден, жанұядағы  жағдай (әке-шешенің жұмыс бастылығы, ажырасуы, ішкілікке салынуы, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, т.с.с.) әсер етсе, екіншіден, бала тәрбиесіне көңіл бөлмеу, қадағаламау, баланың ата-анасының қамқорлығын, алақанының жылулығын сезінбеу, үшіншіден, жасөспірімдердің бір-біріне еліктеушілігі, алкогольды заттарды тұтынуы, ғаламтордағы әлеуметтік желілердегі толассыз келіп жатқан жаһандану жаңалықтары өз салқынын тигізуде.

Ерте жүктілік қыз баланың денсаулығына көп залалын тигізетіні айтпай-ақ түсінікті. Өзінің жас шамасына сәйкес келмегендіктен ерте ана атанғандар жүктілік кезінде де, одан кейін де  әртүрлі ауруларға (анемия, токсикоз, гипертония) шалдығуға, түсік тастауға, ерте босануға, салмақ жетіспеушілікке, нәрестенің іштей шетінеуіне, босану кезінде әртүрлі жарақаттарға ұшырау қауіпі жоғары. Сәби үшін физиологиялық және ақыл-ойының  дұрыс дамымауына, салмағының аздығы оның денсаулығына кінәратын тигізіп, өмірге мүгедек болып келуі мүмкін. Кей жағдайларда тіпті ана мен баланың өліміне әкеліп соқтырады. Сонымен қатар ерте жүкті болып қалған қыздарымыз оқу орнынан босатылып, орта білім алуға шамалары келмей, кейін тұрақты жұмыс таба алмай сабылып жүретіні де жасырын емес. Тағдырына налып, осындай күйзеліске ұшырағандар түрлі қатыгездікке баруы да мүмкін.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген атам қазақ. Тал бесіктен басталатын тәрбиеде қыз балаға мейлінше көп көңіл бөліп, оларға тілмен емес, өнегілі іспен көрсетіп,  олардың ең үлкен мақсаты болашақ ана, ұрпақ жалғастырушы тұлға екенін ұғындыра отырып, ол үшін өсіп-жетілудің маңызын түсіндірген абзал-ау деймін.   Әрі  белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «пәк болу үшін сақ болыңдар» деген өсиетін аруларымыздың санасына сіңіру жолында көп болып жұмыстансақ ғана ісіміз нәтижелі болмақ.

Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА,

аудандық аурухананың отбасын

 жоспарлау кабинетінің медбикесі.