28.03.2017, 11:02
Қараулар: 503
«Сәулесі бар Наурызда таңғы үміттің, Басын қосқан сан халық, сан ғұрыптың»

«Сәулесі бар Наурызда таңғы үміттің, Басын қосқан сан халық, сан ғұрыптың»

Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, қазақша жыл басы. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысты зерделі ел жыл басы Наурызды қараңғының – жарыққа, ызғардың – жылыға, қараның – аққа, сордың – баққа, кесірдің – киеге, жоқтың – барға ауысатын талайлы табалдырығы деп таныған.

Аудандық демалыс орталығының төрінде екі жаршы жиылған қауымды:

«Сәулесі бар Наурызда таңғы үміттің,

Басын қосқан сан халық, сан ғұрыптың.

Ұлыстың ұлы күнін паш етейік,

Белгісін достық пенен мәңгіліктің»,-деп мерекенің сәнін келтіруге шақырды. Сол, сол-ақ екен «Қош келдің, әз-Наурыз!» қойылым-концертінің жүргізушілері Сұлушаш Ғұбашева мен Миллат Насыров сөздің майын тамылжыта бұл мейрамның құдіретін тағы бір дәріптей түсті.

Міне, күн райының күрт өзгеруіне қарамастан, көңілдерге жылылық әкелген, бусанып, жасанған табиғат-ананың көркемдігіне көрік қоса келген бұл мерекемен құттықтауында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов: «Наурыз елге ырыс, құт-береке, халыққа бақыт әкелсін»,- десе, аудан имамы Назымбек Иманғалиев дұға оқып, барша мұсылман қауым үшін өткен жылға салауат айтып, келер жылдан елдің тыныштығын сұрады.

Ұлы даланы мекендеген түркі тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушысы, береке-молшылықтың тәңірі саналатын Ұмай ананың (аудандық саз мектебі) жылы лебізі шашу қып шашылды.

Нұр төгіп күміс түн,

Жарқырар ай мен пүліш күн.

Сағынтып ашқан қауызын,

Мен деген Ару-Наурызбын!-деп гүлін, мейірін төге қабыл алған «Көктем-ару» биі (М.Мәметова атындағы орта мектеп ұжымы), теңелген Күн мен Түн де көрермен жүрегіне жол тартты.

  • Зарыға күткен жаңа жылым келді. Менің ұрпақтарымды аман ет, пәле-жаладан сақтай гөр!-деп төрге шыққан әжелер (М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп):

Алас, алас!

Далақтаған даудан сақта,

Жалтақтаған жаудан сақта!

Алас, алас!

Ашынған бөріден сақта,

Қара жердің көрінен сақта,- десті.

Осынау күні дәулет беріп, бақ қондыратын Қызыр баба ел аралайды деседі. Бұл киелі адам ауылымызға да келіп,  жеті ұланның тілегін тыңдап, қабыл етті.

Иә, бұл мерекеде бәрі де болды, қыз бен жігіт айтысы («Ер Төстік» бөбекжайы) да патша көңіл тыңдарманның құлақ құрышын сазды әуенімен, ұтымды сөзімен, жарысымды қалжыңымен қандырса керек.

Сөз соңында айтарымыз, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» болғанға ұқсайды. Ең бастысы атадан балаға мирас болып келе жатқан әдет-ғұрпымыз бен заманауи сазды әуен өзіндік үндестігін тауып, мерекені тамашалай келген еңкейген кәріден бастап, былдырлаған сәби жүректеріне жылылық сыйлағандай.

* * *

 

Қай-қай тойдың да дастархан мәзірінсіз өтпейтіні белгілі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл аудандық мекемелер оны демалыс орталығының кіреберісіне (фойесіне) әзірлесе, Сайқын ауылдық округі әкімшілігі және педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті, тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы, туризм (соңғы үшеуі бірігіп) екі киіз үй орнатса, аудандық электр жүйесі жігіттері алтыбақан құрыпты. Жеке кәсіпкерлер қазан көтеріп, кәуап (шашлык) пісіріп жатты.

Бірқатар ұжымдар дастархандарын тағамға толтырумен шектелмей, «ЭКСПО – 2017», «Мәңгілік Ел», «әз-Наурыз», «Ару-көктем» сынды тақырыптарды таңдап, тұрған орындарын соған сай безендіріпті. Бөкейордасы колледжі қолөнер бұйымдарының шағын көрмесін алып шыққан. Аудан орталығындағы қос орта мектеп пен кірістер басқармасы ұжымы өнерге икемдіктерін байқатып, дастархан басында да сырнайлатып, домбыра шертіп, әнге басты.

Дастархан мәзірі байқауына қатысқан он сегіз ұжымның жоғарыда айтқанымыздай төртеуі ғана киіз үйлерді меншіктесе, қалғандары ішке жайғасқан. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Әлібек Айтқалиев бастаған қазылар алқасына байқау жеңімпаздарын анықтау оңайға соқпады. Бірі ұлттық тағамдардың сан түрін, енді бірі ұмытыла бастаған тағам түрін дайындауларымен ерекшеленіп тұрды. Ауыл әкімшілігіндегілер құмның құмаршығын да қойыпты. «Асылы округ әкімінің өзі Сейітқалидағы көзтаныстарынан алдыртқан шығар» десіп жатты кейбіреулер. Қалай болғанда да, ашаршылық кезде халқымыздың өзегін талдырмаған, дәмі тіл үйіретін бұл табиғи өнімнің мерекелік мәзірден орын алуы өте құптарлық жайт.

Сонымен қазылар алқасы әрі-бері ақылдаса келе төмендегі тоқтамға келді. Бірінші жүлде Сайқын ауылдық округінің әкімшілігіне (әкімі Мейрамбек Аққалиев), екінші жүлде аудандық аурухана (директоры Әділгерей Ғаббас), қос үшінші жүлде М.Мәметова (директоры Асылхан Аманғалиев), М-С.Бабажанов (директоры Жұбан Ғұмаров) беріліп, Бөкейордасы колледжі, «Ер Төстік» бөбекжайы, «Қазпошта», аудандық кітапхана, электр жүйесі, ХҚКО, кіріс, әділет басқармалары, педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті, тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы, туризм, қазынашылық және зейнетақы қоры ұжымдары ынталандыру сыйлықтарын иеленді. Бәріне де мадақтама қағаздар қоса табысталды.

ӨЗ ТІЛШІЛЕРІМІЗДЕН.

* * *

 

Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің  интернат (меңгерушісі Әбдірахман Құрақов) ұжымы  тәрбиеленушілермен  бірігіп, сахна жасап, алтыбақан құрып, Ұлыстың ұлы күнін қарсылады.  Қазақы  ою-өрнекті  текемет, кілемдері интернат ауласының  сәнін аша түсті. Ұлттық  киімдер  киген  тәрбиешілер дастарханды  жайнатса, ұлттық  киімдегі  оқушылар  ұлттық  ойындар  ойнап,  алтыбақан  теуіп,  мәре-сәре. Бейне даласы  жайнаған,  қазаны  қайнаған, ұл-қызы  ойнаған, әншісі  сайраған нағыз  қазақтың  ауылы  дерсің.  Округте  өткізілетін  барлық  қоғамдық, мәдени  шаралардың  бел  ортасында жүретін, технология  пәні мұғалімі  Әбдірахман  Сабырұлы биылғы жаңа жылда  баклашкадан  жасыл  шырша  жасап  таңғалдырса, әз-Наурызды да тамаша ұйымдастыра білді.

Сахна  шымылдығын «Ақ тілеу» әжелер  ансамблі ашып, бес  топқа  бөлінген интернат  тәрбиешілері  мен  тәрбиеленушілері ән айтып, би  билеп, ұлттық  ойындардан өзара  сайысқа  түсті. «Жерұйық»  тобының  әншісі Инабат Қабдолла  «Әридайды»  нақышына  келтіре  шырқап, бишілер  тобы  қазақ  биін  биледі. Асық  атудан «Қызғалдақ»  тобының мүшесі  Нұрсұлтан Қайыржанов  үздік көрінді.  «Жаңа  күн»  тобы да  қалыспады. «Тойға  шашу»  әнін қыздар  тобы  тамылжытса,  «Дала сазы» күйіне  қойылған  би де  әдемі  шықты. Арқан  тартыста «Алтыбақан»  тобы  жеңіске  жетті. Топтың  жас  әншісі    Абылай Асатаев    «Мерекем»   әнімен,  топ  мүшелері «Қара жорға»  биін  билеп  көпшілікті  сүйсінтті.  «Мергендер»  ойынына балалармен  бірге ересектер де қатысып, сайысты  қыздырды.   «Жерұйық»  тобының  мүшесі   Батырхан Ғалымжанов нысанаға дәл  тигізіп, мерген  атанды.  «Береке»  тобының  жезтаңдай  әншісі  Аружан Қуанғалиева  «Атамекен ақ  тұрағым» әнін, қыздар  тобы  қазақ  биін  көпшілікке  тарту  етсе, ұлдар қазақша  күрестен  жарысқа  түсті. Ақан Тілекқабыловтың  жауырыны  жерге  тимеді. «Қызғалдақ»  тобындағы Дамир Сахи  «Бәйге»  әнін  шырқап,  «Шашу» бишілер  тобы  қазақ  биін  билеп, көрермендер  көзайымына айналды. Аударыспақ ойыны да тартысты өтті.

Топтарға «Өнерлі топ», «Ұлттық  ойындарды  насихаттаушы топ», «Тәлімді топ», «Белсенді топ», «Үздік топ»  аталымдары берілді. Ауыл  әкімі  Қ.Саматов құттықтау  сөз  сөйлеп, мектеп  директоры  А.Шамшетдинова топтарға, жекелеген  оқушыларға  дипломдар  табыс  етті.  Мерекеге жиналған  ауыл  тұрғындары,  ата-аналар, оқушылар ақ  дастархан  басына  жиналып, наурыз  көжеден  дәм  татып, аталардың  ақ батасын алып, тарасты.

Е.ҚИСМЕТКЕЛІНІ.

Бисен  ауылы.