1.08.2017, 12:34
Қараулар: 309
Үміткерлерді қабылдау жүріп жатыр

Үміткерлерді қабылдау жүріп жатыр

Жауынгер жайында сөз қозғалған кезде ең алдымен Отанның, елдің қауіпсіздігі туралы ой келері кәдік. Өйткені, әскерилер ежелден сыртқы жаулардан аман алып қалатын қалқанымыз. Мемлекеттің қуаттылығы Қарулы күштерге, ал, Қарулы күштердің қуаттылығы жауынгерге тікелей байналысты. Осы ретте, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанын аяқтап, жоспарды толық орындады. Енді күзгіге әзірлік басталып, әскер жасындағы азаматтарға шақырту қағаздары дайындалуда.

Есімдері халқымызға танымал тұңғыш қазақ генералы Ғұбайдолла Жәңгіров пен тұңғыш кеңестік қазақ генералы Шәкір Жексенбаев шыққан топырақтан әскери салаға өмірлерін арнаған жерлестеріміз аз емес. Байтақ еліміздің әр түкпірінде қызмет атқарып жүрген бөкейлік офицерлердің қатары биыл тағы толықты. Мәселен, Сұлтанбек Камалов Ұлттық гвардия әскери институтын, Бағдат Керей радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтын, Наурызбек Оразов құрлық әскерлерінің әскери институтын бітірсе, Ренат Мінатов Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусын тамамдады.

Сөз реті келген соң айта кетелік, қазір бөлімімізде аталмыш оқу орындары мен «Жас Ұлан» республикалық мектептеріне үміткерлерді қабылдау жүріп жатыр. Ниет білдіргендердің бізге жолығып, толық ақпарат алуларына болады. Қатал тәртіп пен зор міндетті жүктеп қана қоймай, отансүйгіштікке тәрбиелеп, төзімділікке үйрететін әскерилер сапында жүру әр бозбалаға абырой деп түсінеміз.

Данияр ҚАДЫРҒАЛИЕВ,

аудандық қорғаныс бөлімінің

бастығы, подполковник.

Суретте: Алматы радиоэлектроника

және байланыс әскери инженерлік институтының

түлегі Бағдат Керей (оң жақтан бірінші) курстастарымен.