Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде аудандық кітапхана ұжымы Абай Құнанбайұлының туғанына 172 жыл толуына орай «Күйшілер» саябағында «Мен Абайды оқимын!» атты ағартушылық-поэзиялық акциясын өткізді.
Онда жиналғандармен еркін сұхбат жүргізіліп, білетіндер Абайдың өлеңдерін жатқа айтты. «Еркін микрофон» айдарында шараға қатысушы «Арай» туристік сауықтыру лагерінің демалушысы Назерке Сейсенғалиева ақынның туындыларын оқыса, сұрақ-жауап бөлімінде жүргізушілер дайындаған сұрақтарға Кәмшат Қайратқызы мен Арман Қаһарман мүдірмей жауап берді. Ал, Шерхан Молдашев «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін нақышына келтіре орындап, тыңдаушыларын баурап алды. Соңғы кезекті «Қоржын» айдарында ортаға төрт адам шақырылып, арнайы ұяшыққа жасырылған сұрақтарға жауап беру арқылы өз білімдерін сынады. Бұл сыннан сүрінбей өткен студент Ырысханым Нәбиғалиева өз білімдарлығымен ерекшеленді. Кеш соңында жеңімпаздар марапатталып, естелікке ақынның нақыл сөзері жазылған күнтізбе таратылды.
Әділет ӘБДІРОВ.