3.10.2017, 10:45
Қараулар: 313
Саралжындылықтар белсенділігі

Саралжындылықтар белсенділігі

Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық жасауды мақсат тұтқан ізгі ниетті жандар қолдарынан келген көмектерін аямады. Қ.Сағырбаев атындағы орта мектеп-балабақшасында аталмыш айлық «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету» ұранымен өтті. Ауыл әкімдігімен бірлесе 13 рейдтік шара жүргізіліп, кәмелеттік жасқа толмағандар тізімделді және мектеп жасындағы балалардың оқуға тартылуы тексерілді.

Акция барысында Саралжын ауылдық әкімдігі, ветеринария, телекоммуникация, «Қазпошта» қызметкерлерінен 13000 теңге, ал, мектеп-балабақша ұжымынан 23000 теңге көлемінде ақша жинақталып, оқушыларға спорттық киімдер сатып алынды. Сондай-ақ, жекелеген жандардың да белсенділігін атап өткеніміз жөн шығар. Зейнеткер-ұстаз Б.Төлешева 5000 теңге және киім-кешек түрінде көмек көрсетсе, мейірбан ана М.Әжіғалиева әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына өз қолымен мектеп формаларын табыстады. Мұғалім М.Ақтаров балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз етсе, мектебіміздің түлегі, бүгінгі күні ауылымыздың абыройын асқақтатып жүрген азамат З.Ғұбашев 30000 теңгеге аяқ-киім алып, ұл-қыздарымызға тарту жасады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қайырымды іс жасап, оқушыларға демеушілік көрсеткен барлық мекемелер мен әріптестерімізге, қолы ашық жандарға шексіз ризашылығымызды білдіреміз!

Венера САҚУОВА.