22.08.2017, 16:12
Қараулар: 318
Санаға серпіліс берген секция

Санаға серпіліс берген секция

Биыл арнайы түзеу және инклюливті, қосымша білімді дамыту және тәрбие жұмысы бөлімі бойынша облыстық тамыз кеңесі секциялары оздырылды. Аталмыш шара Орал қаласының оқушылар және жастар сарайында өтті.

Онда қосымша білім беру ұстаздарының қойған көрме жұмыстары ерекше болды. Сондай-ақ, қосымша білім беру ұйымдарының директорлары мен техникалық және экологиялық бағытта жұмыстанатын ұстаздар қатысқан пленарлық кеңестің шымылдығы «Менің туған жерім!» атты театрландырылған қойылыммен ашылып, «Білім берудің басым бағыттарын іске асырудағы қосымша білім беру жүйесінің міндеттері» тақырыбымен ұйымдастырылған келелі кеңеске ұласты. Алғы сөз МДЖОТжҚББҰ облыстық оқу-әдістемелік кабинеті директорының орынбасары Галина Архиповаға беріліп, ол шараға қатысушыларға өзінің ең ізгі тілегін жеткізді. Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік жобалық кеңесінің менеджері Г.З.Усагалиева оның маңыздылығы мен туған өлкенің құндылығына және мектептердегі музейдің жұмыстарын жандандырудың негізгі мақсаттарына тоқталды. Мәжілісте сөз алған облыстық экология-биологиялық орталығының биология бөлімі меңгерушісі Ф.К.Кауымбаева «Базалық және қосымша білім берудің мақсат-міндеттерінің біртұтастығы», облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының директоры Ш.Р.Шоңыраев «Робототехниканы дамытудағы үздік әдіс-тәсілдер» тақырыптарында ой қозғады. Сондай-ақ, ментальді-арифметикалық курс нұсқаушысы А.С.Қыдырқұлованың «Ойша есептеу» атты баяндамасы мен оқушыларының жетістіктері, ойша есептеу жылдамдықтарының ұшқырлығы баршамызды таң қалдырды.

ДЖОТжҚББҰ ООӘК арнайы түзеу, инклюзивті, қосымша білімді дамыту және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы З.А Габбасова жетекшілік еткен кеңестің екінші бөлімі балалар саз және өнер мектептері, балалар техникалық шығармашылығы, мектептен тыс тәрбие орталықтары, оқушылар және жастар сарайы, балалар шығармашылық орталықтары мен үйлері, экологиялық-биологиялық бағыт бойынша жұмыстанатын қосымша білім беру педагогтері секцияларына бөлініп, жұмыстанды.

Мен «Көркемдік-эстетикалық бағытты жүзеге асырудағы дәстүрлі жаңа ақпараттық технологиялар синтезі» тақырыбындағы секция жұмысында әріптестерім Г.Қаражанова С.Ғұбашева, Қ.Сейсенғазиев, М.Құрақ, Д.Жақашева, Д.Ізбасаров, Г.Бақтығұловалардың шеберлік сыныптарына қатысып, өз білім-білігімді ұштадым. Үнемі жаңашылдыққа жаны құмар, тың тақырыптарды ізденіп жүретін біздің саланың педагогтері кезекті рет өз шеберліктерімен бөлісті. Біз бұйымдар мен суреттерді аса қызығушылықпен бірге жасап, шеберліктерімізді шыңдадық. Бұл орайда, С.Сағынғалиқызының «Қолөнерді үйрену арқылы фаомираннан бұйымдар дайындау» және Г.Сапарқызының «Аралас материалдармен жұмыс» шеберлік сыныптарын ерекше атап өтуге болады. Секциялық отырыстың соңы ұсыныс-пікірлерге жалғасты.

Осылайша, тың тақырыптарға түрен салып, тәлімі мен тағлымы мол тамыз кеңесінің жұмысынан үлкен ой түйіп оралдық.

Әсемгүл КҮЛЕКЕЕВА,

аудандық мектептен тыс тәрбие орталығы

 директорының орынбасары.