20.09.2017, 0:54
Қараулар: 426
Айтудай-ақ айтылып жатыр…

Айтудай-ақ айтылып жатыр…

Әрбір округ әкімдігі жанынан қоғамдық кеңес құрылып, жұмыс істеуде. Олардың мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігіне, әлеуметтік-экономикалық һәм мәдени өміріне, өркендеп дамуына назар аударып, түйткілді мәселелерді шешудің жолдарын билік тармағымен бірлесе іздеу. Сайқын ауылдық округі әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңестің (төрағасы Тілеген Арыстанбеков) кезекті отырысының күн тәртібіне Аймекен суын үнемдеп пайдаланудан бастап, еңбек тәрбиесі, кедейшілікпен күрес, тұрғындардың малын бақтыруды ұйымдастыру сынды өзекті жайлармен қатар аудан орталығының бас жоспары негізінде бой көтермек көшелерге атау таңдау мәселесі қойылыпты. Соңғысы жөнінде округ әкімі Мейрамбек Аққалиев хабарлама жасаса, қалғанын кеңес төрағасы Тілеген Керейұлы өзі бастап қозғап, Ноқаш Қадымов, Елдос Кенжеғалиев, Иманбай Машотов, Бақыт Бекеева, тағы басқа еңбек ардагерлері өз ойларын ортаға салды. Бәрі де айтудай-ақ айтылып жатыр…

– Ханордалықтардың Жәнібек пен Сайқын ауылы тұрғындарының Аймекен суын оңды-солды шашып жатқанына, құм өңірінің қызылтақтана бастағанына алаңдаушылық білдірулері орынды,-деді Ноқаш аға. – Оның үстіне биыл ала жаздай аспаннан нәр тамбады. Бұрынғыдай жайлауға шығу деген бұл күнде жоқ. Аша тұяқты мал бір орында шиырлай берген соң жайылымның шаңы шықпай қайтеді? Бұл жайды да тиісті орындарға жеткізу керек.

Ал, Елдос қария аудандық қоғамдық кеңес отырысында айтқан «Шанабас» пен «Жәрмеңкеден» құбыр тарту, Сайқын теміржол бекетінің су мұнарасын (водокачка) да техникалық су қорына пайдалану жөніндегі ұсынысын тағы бір қайталады. Әрі қай басқосуда да қозғалмай қалмайтын жекенің малын бақтыру бұл отырыста да қызу талқыланды. Поезға басылып жатқан малдың саны да келтірілді. Жұмыссыз жүрген жастардың мал бағудан қашатыны, масылдыққа бой алдырғаны сыналды. Мүдделес жандардың саябақ серіктестігі, тұрғын үй-коммуналдық кооперативі сынды қоғамдық бірлестіктері сөз болып, мал бақтырушылар серіктестігін құру жөнінде де пікір білдірілді. Көше атауына келгенде отырысқа қатысушылар Алаш қозғалысының 100 жылдығын ескердіме, «Алашорда» мен «Тәуелсіздікті» таңдап, үшінші көшеге ауданымыздан шыққан жалғыз КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, марқұм Рахима Боранғалиеваның есімі лайық деп шешті.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, еңбек ардагерлерінің қоғамдық кеңесте білдірген ой-ұсыныстары жүзеге асып жатса, тіптен құба-құп.

Дәулет ӘЛИЕВ.

Жағымды жаңалық

Басқа да мақалалар