17.10.2017, 11:22
Қараулар: 291
Шамғон ұрпақтарымен кездесу

Шамғон ұрпақтарымен кездесу

 

 

Қазақ музыка өнерінің аса көрнекті қайраткері, КСРО-ның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор, жерлесіміз Шамғон Сағадденұлы Қажығалиевтың туғанына биыл 90 жыл. Ол 1927 жылы Ұялы ауылында дүние есігін ашқан. 2015 жылы өмірден өткен айтулы тұлға ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы мемлекеттік қазақ халық аспаптары оркестрін басқарды. Ол Ахмет Жұбанов орнықтырған дәстүрдің жалғастырушысы ғана емес, одан әрі құлпыртқан дарын иесі екені баршаға мәлім. Осындай өнер  саңлағының біздің туған жердің перзенті екендігі – қасиетті мекен тұрғындары үшін  үлкен мәртебе.

Қазақтың тұңғыш кәсіби дирижерінің әулеті, яғни, Шамғон Сағадденұлының жолдасы, қызы және ұлы жуырда атамекендері Саралжынға ат басын тіреді. Ауылдық мәдениет үйінде  олармен әсерлі кездесу кеші өтті. Қазақ халқы ұғымындағы «бір уыс топырақтың» мән-маңызының жоғары екенін естен шығармаған текті ұрпақ ауыл шетіндегі ата-әжелерінің (Шамғонның ата-анасы осы жерде жерленген) басына зиярат етіп, дұға-тілектерін бағыштап кетуді мақсат етіп келгендіктерін жеткізді. Шамғон атамыз жайлы айтылған әңгімелерден біз оны  терең тани түскендей болдық. Сонымен қатар, Ш.Қажығалиев өмірінен түсірілген бейнефильм қалың көпшіліктің назарларына ұсынылып, мәдениет үйі қызметкерлері мен өнерпаз өрендер  әннен шашу шашты. Айтулы  шарада  оқушылар  Шамғон Қажығалиевке арналған  ақындар өлеңдерін  оқыды. Қадірменді меймандардың ұлағатты  сөздерін естіп, баталарын алды. Кеш соңында округ әкімі Н.Сабыров қонақтарға жылы лебізін білдіріп, естелікке сый-сыяпат табыстады.

Кезінде Қазақ ұлттық академиялық оркестрінің репертуарын халық күйшілерінің, қазақ композиторларының шығармаларымен ғана емес, әлемдік классика туындыларымен толықтырған, ұлттық музыканы дамытуға зор үлес қосқан Шамғон Қажығалиевтің есімі ұмытылмасы анық

Гүлмира КӨШКІНОВА,

 кітапхана меңгерушісі.