Жаналыктар

АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Аудандық қауымдастық құрылды

Күні , 68 рет оқылды

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында оздырылған ауыл шаруашылық тауарын өндірушілердің аудандық кеңесіне өндірістік кооператив төрағалары, шаруа қожалығы жетекшілері, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен мамандары, қоғамдық ұйым жетекшілері, мекеме-кәсіпорын басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж.Халиоллин мен бөлім басшысы А.Есболов бастаған облыстық деңгейдегі бірқатар мекеме басшылары, мамандары қатысты. Жарыссөзге шыққан шаруа қожалық иелері өз бастарынан нақты мысалдар келтіре отырып, сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ордалық Амангелді Қадешев науқан кезінде жеңіл қақпен берілетін жанар-жағу майларына қолдары жетпей жүргенін, құм өңіріндегі үйірлі шегіртке мен қасқырды жою шараларын күшейту қажеттігін алға тартып, «Шалғайдағы малшы ауылға атқамінерлер ара-тұра болса да ат ізін салып тұрса» деген тілек айтты. Оның ауылдасы Рақон Ғұмаров күн батареясын орнатқанына, алайда, оған тиесілі жәрдемақыны алмағанына, ал, масиндік Әміржан Қатаев қой өсірудің тиімсіздігіне, терісі мен жүнін, ешкінің түбітін өткізетін жердің жоқтығына қынжылыс білдірді. Масиндік тағы бір азамат Мырзабай Боранбаев сатып алынатын асыл тұқымды бұқалардың пайдаланылу мерзіміне өзгеріс енгізуге және жер телімін анықтаудағы әдісті нақтылау жөнінде ұсыныс түсірді. Ауылдасын қолдаған Нағим Тәжімұратов жер телімін аларда тұрмыстық қажетке құрылыс салу деп «мәймөңкелетпей», тұрғын үй тұрғызуға рұқсат беру керектігін төтесінен қойды. «Біз жерді не үшін сұраймыз? Мал өсіру үшін ғой. Баспанасыз жерге малшы келе ме?»,-деді ол. Ұялылықтар Серік Садықов пен Сайлау Мұхтаров несие алу, кепілдік жайын қозғады. Облыстан келгендер олардың бірқатарына түсінік беріп, қайсыбірін қойын дәптерлеріне түртіп алды. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің аудандық қауымдастығын құру жөнінде аудандық ауыл шаруашылық бөлімі басшысы Сүйінбек Хайроллиннің хабарламасы тыңдалып, оны Саралжын ауылдық округі әкімі Нүркен Сабыров, масиндік шаруа қожалығы жетекшісі Нұрболат Темірғалиевтер қолдап сөз сөйледі. Сөйтіп, қауымдастық құрылды. Төрағалығына «Нарын» шаруа қожалығы жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Нағим Тәжімұратов және 7 адамнан алқа құрамы сайланды.

Каримолла ҒАЙСИН.


Пікір қалдыру


БҚО, Бөкей ордасы ауданы, Сайқын селосы, Ғ.Әзербаев көшесі, 10/1 үй
[email protected]

"Орда жұлдызы" газетінің
бас редакторы: 8 (71140) 21 5 30
Жауапты хатшы, тілшілер: 8 (71140) 21 8 42
Есіп және жарнама бөлімі: 8 (71140) 40 0 64