13.06.2018, 17:39
Қараулар: 195
Жамантау жақта не жаңалық?

Жамантау жақта не жаңалық?

«Ауданымызға облыс әкімінің өзі келіп, Елбасы тапсырмасымен қолға алынып жатқан қатқыл табан­ды жол салу, құрылыс, тағы басқа жайлармен таны­сып, Жамантауға да барады екен» дегенді естіген сайқындық ақсақалдар кеңес дәуірінен бергі сеңді жібітіп, облыс орталығына дейін асфальт жол төсеу ісін бастатқандары үшін Мемлекет, облыс басшы­ларына деген ризашылықтарын жеткізбекке аудан орталығының шығыс жақ бетінде жаңадан бой түзей бастаған көшенің тұсына жиналды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған ат үстіндегі азаматтардың Бөкей ордасындағы жұмысы осы жерден бастау алды.

Жиналғандармен емен-жарқын сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін Алтай Сейдірұлы Мемлекет басшысының облысымызға биылғы сапары өңіріміздің дамуына тың серпін бергеніне тоқталып, Бөкей ордасының тарихына, Жәңгір ханның Нарын құмды ну орманға айналдыру бағытындағы игі істеріне қысқаша шолу жасады. Жетілу, даму өмір заңы екенін, Елбасымыздың Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу жоспарын, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» қайыра еске салып: «Жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдаланып, еліміздің өркендеуіне үлес қосу әр қазақстандықтың міндеті»,-деді облыс әкімі. Тапсырмаға орай шағын кәсіпкерлік иелерін несиелендіруге биыл былтырғыдан екі есе көп қосымша қаржы, жоғары оқу орындарына түсушілерге 20 мың грант бөлінгенін, студенттерге арналып 7 жатақхана салынатынын айтты. Содан кейінгі әңгіме жол жайына ауысты.

Бөкейлік зейнеткерлер бұл бағытта ауылдың үлкен-кішісінің қуанышын жамырай жеткізіп, Елбасына, облыс, аудан басшыларына шексіз алғыс жаудырды. Ауыл қарияларының бірі Ноқаш Қадымов ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-дан келгендерге айтқанын облыс әкіміне де жеткізді, яғни, аудан орталығы көшелерін асфальттауды да осы жобаға қосқан жөн,-деді. Сайқын ауылының бес көшесін асфальттауға оралдық бір жол мекемесі келіскенін естігенде: «Біздің көше ілігер ме екен?»-деп әзіл-шыны аралас аудан әкіміне қарады ол.

Ал, зейнеткер Елдос Кенжеғалиев жол елдің күре тамыры екенін, ол жақсарса, бізге туристермен қатар инвесторлардың да келуі көбейетінін, сондықтан оның сапасына баса назар аудару, кейінгі ұрпаққа мұра болатындай ету қажеттігін тілге тиек етті.

– Елбасымыз Ордаға екі рет келді. Биыл жол құрылысына жоба жасалып, оның басталуы мен қарқын алуы күзгі салқынға ілігер. Сондықтан келер жылы Нұрсұлтан Әбішұлын шақырып, ілтипат, құрметімізді білдірсек,-деген ұсыныс тастады ауданның құрметті азаматы Чарльз Қойшыбаев. Сондай-ақ, ол Елбасына аудан ардагерлері атынан хат жолдағанын жеткізді.

Облыс әкімі мен жиналғандарды ауданымыздағы атқарылған, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов елді мекендерге ауыз су, газ құбырларын жеткізу жайларын картадан көрсете баяндап, Алтай Сейдірұлы қойған сұрақтарға тиісінше жауап та қайтарды. Облыс әкімі кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова бастаған бір топ кәсіпкермен кездесуге де уақыт тауып, жағдайларын сұрап білді. Шағын бизнестің өркен жаюына ұйытқы болуларын сұрады. Қолдан келген көмек көрсетілетінін баяндады.

Президент үндеген бес әлеуметтік бастаманың үшіншісі – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту. Бұл қалаға қатысты жайт болса, ауылдарда да мектептер мен мектеп жанындағы интернаттардың, балабақшалардың көркін келістіріп, оның жайлылығын көтеру назардан тыс қалып жатқан жоқ. Соның бір айғағы – Сайқында салынып жатқан жаңа үлгідегі жатақхана құрылысы. Екі орта мектепке ортақ бұл интернаттағы оқушылардың ескі ғимараттың тар бөлмелерінде тығылысып жүргенін ауданымызға алғаш келгенде байқаған Алтай Сейдірұлы білім мен қаржы басындағыларға тәртіп беріп, жоспарға енгізуді шұғыл тапсырған-ды. Өткен жылдың қыркүйек айында басталған құрылыс қарқыны қыста да баяулаған емес. Бұйырса, биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілмек. Облыс әкімі бұл нысанды да аралап көріп, құрылысшыларға табыс тіледі.

Сайқын ауылына осылайша аз-мұз аялдаған қонақтар одан кейін бірден Жамантауды бетке алды. Жолай шаруасын дөңгелентіп отырған сексенге аяқ артқан қадірменді қария Иран Дәуленовтың «Талап» қожалығына аялдады. Өз кезегінде еңбек етемін деген адамға қазіргі күні барлық мүмкіндік туғызылып жатқандығын баяндаған шаруақор азамат негізінен ірі қара мен жылқы өсіруге бағыт ұстағандығын айтты. Жаңадан тағы бір қысқы орын әзірлеп, өрісін кеңейтуді де жоспарлап қойыпты. «Қандай бұйымтайыңыз бар?» деген облыс басшысының сауалына ол әзірше еш нәрсеге мұқтаждық жоқтығын жеткізді.

Бөкей ордасы ауданына сапары барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов қиыршық тас (шебень) пен шағыл тас (гравий) қоры бар Жамантауға да арнайы ат басын бұрды. Бұл кеніште бүгіндері «БекетСадЖол» ЖШС жаңағы қос құрылыс материалына зерттеу жүргізуде. Мұндай жұмыстарды атқару үшін аталмыш мекеме БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан лицензия алған. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың сөзінен аңғарғанымыз, Жамантаудағы қиыршық тас пен шағыл тастың күні бүгінгі болжаулы қорының өзі 3 млн. текше метрді құрайтын көрінеді. Қазіргі дерекке қарағанда, бұл жердегі қиыршық тастың құрамы осы материалдың «М-800» түріне келеді екен. Ондай болса, ол асфальт жолдың табанына төсеуге жарамды деген сөз. Ал, Жамантаудың қиыршық тасын түбегейлі асфальттың құрамына қосуға келе ме, келмей ме, оны зертханалық сараптама 1-1,5 айда анықтап бермек.

Иә, мұндайда атам қазақ «көрінген таудың алыстығы жоқ» деуші еді ғой. Тақтайдай жолдың үстімен жүйткитін күн де жетер. Көгілдір отынды көреміз деп ойлап па едік?! Ендеше, жүйкені жұқартқан жол азабынан да құтылармыз.

Каримолла ҒАЙСИН.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.