22.11.2019, 11:17
Қараулар: 921
Бір мектептің үш жаңалығы

Бір мектептің үш жаңалығы

Тәуелсіздіктің 28 жылдығына арналып Б.Жәнекешев атындағы орта мектеп базасында аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің топтары арасында шағын футболға жарыс ұйымдастырылды. Осы спорт түрінің маусым аяғы болғандықтан жарысқа қатысушы төрт команда даярлықтарын көрсетуге тырысып, жеңіс үшін жанын салды. Тартысты өткен доп додасында бисендік бапкер Бекболат Ақтаров әзірлеген футбол командасы І орынды иемденсе, ордалық Абзал Оразгелдиевтің шәкірттері ІІ орыннан көрінді. Бисендік Нұрқат Абулхатин әзірлеген тәрбиеленушілер жасының кішілігіне қарамастан турнир кестесінде жоғары орынға көтеріліп, сайқындық қарсыластарынан даярлығы басым екенін көрсете білді.

Ойын барысында шеберлігімен көзге түскен жеке ойыншылар аталымдар бойынша марапатталды, оларға мектеп әкімшілігі бағалы сыйлықтар табыстады. Бисендік жас спортшы Мерхан Хабиболла үздік ойыншы деп танылса, Хан ордасынан Али Сыдиқов үздік қақпашы, бисендік Ернар Кенжеғали үздік қорғаушы, сайқындық Біржан Серік үздік шабуылшы аталды.

Қуанғали  ЖАНҒУАТҰЛЫ,

аудандық балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері

 

 

Спорт мектебінің сәтті сапары

Көршілес Қазталов ауданы Нұрсай ауылында  еңбек ардагері, Тереңкөл совхозының директоры болған Б.Әшімұлын еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы ашық аудандық турнир өтті. Додаға қатысқан сегіз команданың ішінде біздің  балғын палуандарымыз жақсы нәтиже көрсете білді.

Жалпы командалық есепте  аудан командасы  ІІІ орынды  иемденді. Ауданымыздағы спорт мектебінің І санатты бапкері Түйғынбек Жұмағазиев әзірлеген  Жалғас Өнаталиев 35 келі салмақ дәрежесінде барлық қарсыластарын жеңіп, І орыннан көрінсе, Елдар Сатканов 60 келі салмақ дәрежесінде ІІ орынды, Жәңгір Ескендіров 55 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орынды иеленді.  Бисендік бапкер Назарбек Құраковтың шәкірті  Сабиров Қунышбек 50 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орынды жеңіп алды. Сөйтіп мектеп командасы көрші ауданымыздан 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медалімен өз қоржынын толтырды.

Айта кетелік, көлігі болмағандықтан ауданымыздың спорт мектебі әрдайым өтетін жарыстарға командасын жолдағанда қиналатынын айта кету керек. Осындайда жомарт жандардан көмек сұрауға мәжбүр болатыны жасырын емес. Мектеп  әкімшілігі мен осы жарысқа қатысушы спортшылар сайқындық жеке кәсіпкер  Алмабек Казихановқа қысылғанда қол ұшын бергені үшін шексіз алғысын білдіреді.

Осы күні көршілес Жәнібек ауылында самбо күресінен кіші жасөспірімдер арасындағы  ашық аудандық  біріншілігіне 14 спортшыдан тұратын мектеп командасы қатысып келді. Мектеп қоржынына тағы 2 күміс, 1 қола медаль қосылды. Мұратсайлық бапкер Нұрашев даярлаған Каспи Әлменбет 39 келі, Пазылов Фархат 43 келі салмақ дәрежесінде,  сайқындық бапкер Туйғынбек Жумагазиевтің шәкірті Букенов Аралбек 35 келі салмақ дәрежесінде екінші орынды жеңіп алды. Сайқындық бапкер Нұрбек Газезовтың оқушысы Амангелдіұлы Тахир 31 келі салмақ дәрежесінде 3-ші орыннан көрінді.

 

Қуанғали  ЖАНҒУАТҰЛЫ,

аудандық балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері

 

Ауыл спорты

Басқа да мақалалар