10.05.2017, 12:31
Қараулар: 1513
Бірдейлендіру һәм дерекқор туралы

Бірдейлендіру һәм дерекқор туралы

в-188+

Облыс әкімінің 2016 жылғы 5 тамыздағы өкімімен «Мал ұрлығына қарсы жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді. Онда мал ұрлығын болдырмау, алдын алу бағытында жергілікті атқарушы органдармен ұйымдастыру, құқықтық ықпал ету және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру шаралары белгіленді. Жануарларды сатып алу кезінде сатушының заңды иелігін растайтын тиісті құжаттарды талап ету, мемлекеттік қаражат есебінен жүргізіліп отырған ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру, вакциналау және ветеринариялық паспорт бере отырып міндетті бірдейлендіру, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау, сою және сату ережелерін тұрғындарға түсіндіру, мал иелеріне бағып-күту ережелерін сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын ескерту көрсетілген.

Осы іс-шараларды жүзеге асыру үшін ауданда жұмыс тобы құрылды. Біздің аудандық ветеринария бөлімі мамандарды сол жұмыс тобы құрамында ауылдық округтерге шығып, шаруа қожалықтары басшыларымен, тұрғындармен өткізілген кездесулерге қатысты. Қолданыстағы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру мемлекеттік қызмет стандарты туралы түсінік беріліп, жадынамалар таратылды. Мұндай шара әлі де жалғасуда. Мысалы, биыл ауылдық округтердегі мал дәрігерлері арқылы аудандық прокуратура дайындаған «Елді мекендерде мал бағу ережелерін сақтамағандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы» 234 жадынама мал өсіруші субъектілерге таратылды. Аудандық «Орда жұлдызы» газетінің биылғы №4 санында «Төрт түлік иелері үшін жауапкершілік жүгі артты» атты мақала жарияланды.

Кез келген меншіктегі әрбір ауыл шаруашылығы жануарына жеке нөмір беріліп, жануар мен оның иесі туралы мәліметтер арнайы электрондық дерекқорға түсіріледі. Сонда ғана бұл жануар бірдейлендірілген болып саналады. Бұл бір жағынан ветеринарлық іс-шараларды атқару үшін қажет болса, екінші жағынан одан алынатын өнімдер мен шикізаттың тағамдық қауіпсіздігін қадағалау (растау) үшін де қажет. Қазіргі уақытта әр малдың қауіпті ауруларға тексерілгендігі  немесе вакцина егіліп, дауалау жасалғандығы туралы мәліметтер ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі («АШЖБ») дерекқорға енгізіледі. Кейін сол жануар сатылған немесе сойысқа тапсырылған жағдайда ветеринариялық анықтама электрондық түрде «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» порталы арқылы жасалады, жануар мен оның иесі туралы, ол малға жүргізілген тексерулер мен егу туралы мәліметтер «АШЖБ» дерекқорынан алынады. Егер мал есепке алынбаған, электрондық дерекқорға түсірілмеген болса, ветеринариялық анықтама берілмейді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мал жоғалған жағдайларда мал иесінен паспортын, тіркеу номерін (сырғасын), бір сөзбен айтқанда, ветанықтама талап етеді. Ол болмаса іздестіру шараларын ұйымдастырмауға құқылы.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларының» (бұдан әрі – қағида) 2 тармағына сай бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар – туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін, құлындар төрт айдан соң бірдейлендірілуі, яғни, сырғаланып, паспортталып, ол мәліметтер дерекқорға енгізілуі тиіс. Ол үшін мал иесі жергілікті ветеринариялық пунктке жеке басын куәландыратын құжатпен барып, белгіленген нысандағы өтінішті толтырады. Сондай-ақ, жануарлардың сырғалары бүлінген немесе жоғалған кезде иесі оны оқшаулап, жергілікті ветеринариялық ұйымға қайта бірдейлендіру жөнінде өтініш жасауы қажет. Ірі қара, ұсақ мал, түйелер, шошқалар және торайлар үшін – сырғалау, жылқылар үшін – таңба басу немесе чип салу қолданылады. Алайда, көптеген тұрғындардың меншігіндегі малдарын талапқа сай тіркетуде, оларға қатысты ветеринариялық шараларды толық көлемде жүргізуде жауапсыздыққа салынып отырғаны шындық. Сатылып-сойылып кеткендерін де есептен шығартпайды. Жалпы мал ұрлығының алдын алуда болсын, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті сақтауда болсын мал дәрігері мен мал иесі тең жауапкершілікте. Екеуі бірдей мүдделілік танытып, белсене қызмет жасауы керек. Мал мамандары өз тарапынан бірлесе қимылдап, қажетті ақпараттармен қамтамасыз етуге, түсінік беруге әркез дайын.

Нұрқайыр ҚҰСАЙЫНОВ,

аудандық ветеринария бөлімі басшысы.