30.05.2017, 12:05
Қараулар: 1371
Фитосанитарлық талаптар бұзылмасын

Фитосанитарлық талаптар бұзылмасын

в-212

Өсімдіктер карантині мемлекет аумағын немесе оның жеке бір бөлігін карантинді аурулар мен зиянкестер және арамшөптердің таралуынан сақтау үшін ұйымдастырылады. Шетелдерден келген және таралып кеткен осы зиянды организмдер елімізге орасан зор экономикалық зиян келтіреді. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін өсімдіктер карантині жүйесі құрылып, арнаулы өсімдіктер карантині заңымен бекітілді.

Өсімдіктер карантині сыртқы және ішкі болып, екіге бөлінеді. Сыртқы карантиннің негізгі мақсаты – ел аумағын карантиндік маңызы бар нысандардан қорғау. Осы мақсат үшін шекаралардағы арнайы бекеттерде елімізге әкелініп жатқан өсімдік өнімдерінің (дән, жеміс-жидек, орман және жеміс ағаштары, дәнді дақылдардың көшеттері мен тұқымдары, кесілген ағаш дайындамалары, т.б.) барлығы карантиндік тексеруден өтеді. Оларды басқа елге тасымалдау үшін арнайы фитосанитарлық сертификаты қажет.

Қазақстан Республикасы аумағы арқылы өтетін барлық жүк көліктері түгелдей тексерілуі тиіс. Әкелінетін жүктердің халықаралық стандартқа сай фитосанитарлық сертификаты болуы шарт. Фитосанитарлық сертификатты әрбір мемлекеттік карантиндік тексеру қызметі тасымалданатын жүкті тексеріп барып, импорттық карантиндік рұқсат қағаздары арқылы береді. Фитосанитарлық сертификат жүктің карантиндік жағдайы тексеріліп болғаннан кейін толтырылады. Қазақстан Республикасына шетелдік жүктер карантиндік рұқсат қағаздары мен фитосанитарлық сертификаттары болған жағдайда ғана өткізіледі және жүк куәліктері жолдама қағаздарымен қоса ұсынылуы керек. Карантиндік нысандардың бірі байқалған жағдайда барлық жүк залалсыздандырылады, жойылып жіберіледі немесе жіберген елге кері қайтарылады.

Ішкі карантиннің негізгі мақсаты – республика аумағында кездесетін, бірақ, әлі аса-кең тарала қоймаған карантиндік нысандарды жою және әрі қарай таралуын шектеу. Мемлекет ішінде тасымалдауға арналған карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік жай-күйін куәландыру үшін карантин сертификатын алу міндет.

Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы, яғни, фитосанитарлық талаптарды бұзушылық Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 400-бабына сәйкес жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға соғады.

Бауыржан ОРАЗОВ,

аудандық аумақтық инспекция басшысы.