23.05.2017, 11:53
Қараулар: 1330
Киелі сахнадағы отыз жыл күйші Ә.Хайрошеваны көпке танытты

Киелі сахнадағы отыз жыл күйші Ә.Хайрошеваны көпке танытты

а-482

Өнер киелі. Қара домбыраның шанағынан төгілген күй қазақы жанымызды елжіретіп, сезім пернесін дөп басады. Осының өзі адамды ғаламат кейіпке түсіреді. Бұл музыка… Оған сағыну, қуану, өкіну, шаттану тән. Яғни, адам табиғатымен үндес. Ала құйын өрекпуді жандүниесімен сезіне алмаған адам музыка тілін де ұғына алмайды. Құм Нарынның бөктерінде табиғатпен үндестік тауып  өскесін бе,  ол бала кезінен әуенге ынтазар болды. Әсіресе, қазақтың қара домбырасынан төгілген күйді тыңдағанда құлақ құрышы қанып, әсерленіп қалатын. Кішкене кезінде радиодан  тыңдаған күйдің орындалу шеберлігі  қызықтыратын.  Нағашысы Нұрқат Әшеновтің (анасы Жібектің інісі) қос ұлы Қанат пен Рафхаттың домбыра тартыстарына еліктеп, олар шығып кетісімен үйдегі ескі қара домбыраны қолына алып, сабалай жөнелетін. Сөйтіп жүріп, бесінші сыныптан бастап М.Горький атындағы орта мектептегі Уәсила Мұқанғалиева жетекшілік ететін домбыра үйірмесіне қатысып, ол аспапты  дендеп үйрене бастады. Жалпы, өнерге жалғанар жол осы мектептен басталды. Ал, жетінші сынып оқып жүріп, аудандық халық аспаптар оркестрі құрамына алынады. Болашағын саралап қойған үкілі қыз 1980 жылы алтын ұядан түлеп ұшқаннан кейін, Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің оркестр бөліміне оқуға түседі. Онда кезінде Бөкей ордасы ауданында үш-төрт жылдай қызмет еткен белгілі дирижер Еділман Жәбелов сабақ берген. Қабілетті оқушы музыка пәнін «бес» деген бағаға оқыған. Ұстазы да оны қанаттандырып, үнемі қолдап отырса керек. Тағдыр жолы оны 1983 жылы туған ауылына табан тіреттірді. Ол кезде аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі марқұм Жеңіс Уәлиев еді. Екі жылдан соң, өмірлік жары Ерболат (Өрес) Құрымбаевты жолықтырып, отбасын құрады. Қос ұлға жарық дүние сыйлайды. Бүгінде тұңғышы Дәурен Астана қаласында тұрады. Ботагөз есімді келіні, қылығымен қуантқан Аружан атты немересі бар. Жан жадыратар жақсылық пен қара қамытын кигізер қайғының қатар жүретіні өкінішті. Қалыпты тірлігін астан-кестен еткен 2015 жыл оның жүрегіне өз жарасын салып кетті. Қолдан келер дәрмен қайсы? Кенжетайы Дәулеттен қапияда айырылып қалды.Ана үшін бұл орны толмас өкініш. Мәңгілік сағыныш…

Аудандық халық аспаптар оркестрінің концертмейстері Әсима Хайрошеваның  бүгінде сахнада жүргеніне отыз жылдай уақыт болыпты. Оскестр ұжымы 1987 жылы Алматы қаласында өнер көрсетіп, лауреат атанса, 2008 жылы Ақтөбе қаласында өткен Бүкілодақтық өнер фестивалінде ІІІ орынды қанжығасына байлаған.

Иә, қара домбыраның күмбірін жүрегімен ұғынған Әсима  сахнаға шыққан сайын толқыныс сәтін бастан кешеді. Сәтті шығып, жүрекке жеткен шығарма өнерпаздың жандүниесін балқытады. Залда көрермен ретінде отырған кезінде ағыл-тегіл көз жасына ерік береді. Бұл – қасиет. Өнердің туын кірлетпеу үшін оны сезіну шарт. Шабытты жылдардың талайын артқа тастаған өнер адамы қызметтестерінің қолдауына ие болып, отағасына сенім артып, ұлы мен келіндерінің, бал қылықты немерелерінің тәтті сөздерінен жұбаныш табады. Болашаққа байыпты көз тастайды.

Ал, сахнада өз орындары бар әріптестері оған ыстық. Қазақстанның халық әртісі, дәулескер күйші, домбырашы Тұяқберді Шәмелов те көңіл төрінен кетпеген бейне. Жерлес ағаның (2011 жылы) 60 жылдық мерейтойы туған жері Саралжында аталып өткені аян. Әр елдің  сахнасында өнер көрсеткен дарабоз   Құрманғазының «Адай» күйіне жетекшілік етеді. Осы сәт халықтың зор ықыласына бөленіп тұрған әз аға тебіреніп:

– Аудандық халық аспаптар оркестріне дирижерлік етсем деген арманым болып еді. Сол арманыма бүгін қол жеткізіп тұрмын,-дегені бар. Атағы жер жарса да, қарапайымдылығын жоғалтпаған талантты жанның шынайы сөзі еді бұл.

2004 жылы  «Ғасырлар үні» облыстық фольклорлік ансамбльдер фестивалінде өнер көрсеткендері күні кешегідей есінде. Нұрғиса Тілендиевтің «Көш керуен» шығармасы орындалып жатқан. Кенет  Ермек Жәрдемовтің иелігіндегі баян қарысып қалады. Не істеу керек? Зал сілтідей тынған. Осы  сәтте  Бауетдин Ғабдоллиннің орынынан  ұшып тұрып,   дүйім жұрттың алдында аспапты  ұрып қалмасы бар ма? Сол ақ екен осы бір соққыны күтіп тұрғандай, баян ырғаққа ілесіп ала  жөнеледі. Халық қас пен көздің арасындағы оқыс көрініске қыран-топан болады. Бастысы, қазылар алқасының да көңіл-күйлері көтеріледі. Ән мен күйдің ортасында жүрген адамдардың балаға тән мінезі болатынының айқын көрінісі тұғын. Мұндай әртүрлі қызық жәйттердің орын алуы жиі кездесіп жатады. Белгілі музыкант Қонысбай Боранбаевтың мінезін сағынатын кездері бар. Кеше ғана өмірден өткен әріптесі Әлібек Наурызовтың өзіндік үні болатын. Ол орындаған ән жүрекке жететін. Талантты ұстаз Самал Рақымжановамен Әлібектің қосыла шырқаған «Ақжелкен» әнін тыңдағанда еріксіз егілгені де есінде. Бұл – сезім! Бұл – махаббат! Бұл – іңкәрлік!

-Оқуды жаңа  бітіріп келген уақытым. Маған «Нарын» ән-аспаптар ансамблінің жетекшісі марқұм Қонысбай Бекбайұлы бас гитарада ойнауды ұсынды. Шығарманың бір жерлерінде қате кетіп қалса керек, алдыма кілтті лақтырмасы бар ма?! Оң мен солымды әлі дұрыс айыра алмайтын кезім ғой. Не істерге білмей, булығып жылап шығып кеттім,-деп бүгінде сол шақты қимастықпен еске алған ол басшысының қайтымы да тез екенін сағынышпен әңгімеледі.

Әсима Хайрошева ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың Алғыс хатына ие болды. Бұл да еңбектің бағалануы.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.

Суретте: Күйші Әсима немересімен бірге.