17.02.2016, 11:51
Қараулар: 462
Маңызы жоғары басқосу

Маңызы жоғары басқосу

Аудандық прокуратураның бастамасымен аудандық білім бөлімінің акт залында «Орта мектептердегі оқушылар мен педагогтар арасындағы тәрбие жұмысын жүргізуде кездескен қиыншылықтар» тақырыбында жиналыс өтті. Екі аталмыш мекемелердің бірлескен бұл басқосуына аудан әкімінің орынбасары Л.Қайырғалиева, жергілікті полиция басшысы Е.Жоралиев, аудандық аурухананың дәрігер-сарапшысы Н.Нүркенова, мектеп және колледж директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Келелі жиынды аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Иманбаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіне сай алдымен аудандық прокуратураның аға прокуроры Р.Шәкіржановтың «Орта мектептердегі құқықбұзушылық, суицид, зиянды заттарды пайдалану, ерте жүктілік, педофилия, зорлық-зомбылық туралы» баяндамасы тыңдалды. Онда ауданымыздағы мектеп жасындағылар арасында орын алған келеңсіз жайлар мен оның туындау себептері айтылды.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Тілепова жаңа оқу жылы басталысымен мектепішілік есепке алу база жасалып, оған құқықбұзушылыққа бейім және қолайсыз отбасындағы жасөспірімдер мен арнайы есепте тұратындар енгізілгеніне, есепке алудың критерийлеріне тоқталды. М.Мәметова атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Бектелеуова ерте жүктілік жайында, М-С.Бабажанов, Жәңгір хан атындағы орта мектеп директорлары А.Қадымова мен О.Түсіпқалиев суицид пен зорлық-зомбылық, олардың алдын алу бағытын сөз етті. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе жасөспірімдер мен педагогтар арасындағы құқықбұзушылық және атқарылған шаралар хақында М.Бегалиева, Б.Жәнекешев, Қ.Сағырбаев, А.Құсайынов, М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп директорлары Т.Қабдығалиев, А.Шәмшетдинова, Т.Сметов, М.Қабиева А.Қадымовалардың хабарламалары тыңдалды. Айта кету керек, хабарламашылардың барлығы да аудан прокуроры Нартай Байменов пен қатысушылардың сауалдарына толық жауап қайтарды. Прокурор олардың әрқайсысына тапсырмалар берді.

Конституциямызда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi. Бүгінгі бала егеменді елдің ертеңі екеніне назар аударған Лариса Тельманқызы жастарымыздың өзгеге еліктемей, ата дәстүрімізді сақтау қажеттігін атап көрсетсе, Нартай Елібайұлы жиналғандарды қоян-қолтық жұмыс істеп, жайсыз жайлардың орын алмауына бар күш-жігерді жұмсауға шақырды. Ержан Мақсотұлы алғашқы рет оздырылып жатқан бүгінгі басқосудың маңызын жоғары бағалады.

Р.БАҚЫТОВА.