17.02.2016, 11:51
Қараулар: 840
Тергеу судьясының өкілеттілігі

Тергеу судьясының өкілеттілігі

г-191Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексіне (бұдан әрі – ҚР ҚПК) жаңадан тергеу судьясы институтының енгізілуі қажеттіліктен туындаған деп санаймын. ҚР ҚПК-нің 55-бабының 1-бөлігінде тергеу судьясының өкілеттіктері 12 тармақты құраған болса, сот төрелігі жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы Заңымен қосымша 4 тармақ енгізілді. Бұрын прокуратура органдарының құзыретінде болған қарап-тексеруді санкциялау, тінтуді санкциялау, алуды санкциялау және жеке тінтуді санкциялау мәселелері тергеу судьясының өкілеттігіне берілді.

Әрине, мұндай өзгерістер сот жұмысына қосымша жүктеме салатыны сөзсіз. Алайда, заңда Қазақстан Республикасы Конституциясының 16-бабына сай көзделген реттерде ғана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болатыны нақты бекітілген. Аталған өкілеттіктер адамның конституциялық құқықтарын шектеуге байланысты болғандықтан, оларды тергеу судьясының өкілеттігіне жатқызу, қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзудiң заңда белгiленген тәртiбiн сақтай отырып, адамды және азаматты негiзсiз айыптау мен соттаудан, оның құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғау қағидасына сәйкес деп есептеймін.

ҚР ҚПК-нің 55-бабы негізінде жалпы тергеу судьясының өкілеттігіне қылмыстық қудалау органдарының күзетпен ұстау, үйқамақ, лауазымынан уақытша шеттету, жақындауға тыйым салу, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту, кепілді қолдану, мүлікке тыйым салу әрекеттерін санкциялау, күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру, мәйітті эксгумациялау, күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселелерін, қарап-тексеруді санкциялау, тінтуді санкциялау, алуды санкциялау, жеке тінтуді санкциялау мәселелерін қарау жатады.

Сонымен қатар, тергеу судьясы анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің, прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды қарау, тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу туралы мәселені қарау, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәнің айғақтарын сақтауға қою, адвокаттар мен прокурорларды қоспағанда, сотқа дейінгі іс жүргізуде процестік міндеттерді орындамайтын немесе тиісінше орындамайтын тұлғаларға ақшалай өндіріп алуды қолдану, прокурордың ұсынуымен қылмыстық іс бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы мәселені қарау, сұрау салуды орындаудан бас тартылған не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайда, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтініш хаты бойынша, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, қылмыстық іс үшін маңызы бар кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру және қылмыстық іске қосып тігу туралы мәселені қарау, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтініш хаты бойынша, егер қылмыстық қудалау органы осындай өтініш хатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаса, сараптама тағайындау туралы мәселені қарау, қылмыстық процесті жүргізетін органға айғақ беру үшін келуін қамтамасыз ету қиындық тудыратын, бұрын өздері жауап алған куәні, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың өтініш хаты бойынша, мәжбүрлеп әкелу туралы мәселені қарайды және ҚР ҚПК-де көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.

Көрсетілген өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында тергеу судьясы сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органнан қаралып жатқан мәселе бойынша қосымша ақпаратты талап етуге, тиісті сотқа дейінгі іс жүргізудің барлық материалдарымен танысуға және оларды зерттеуге, процеске қатысушыларды сот отырысына шақыруға және олардан қылмыстық іс бойынша қажетті ақпаратты алуға құқылы. Сондай-ақ, тергеу судьясы өзінің өкілеттігіне жатқызылған мәселелерді қарау барысында адамның құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың заңмен қорғалатын мүдделерін заңсыз шектеу немесе өзге де бұзу фактілері анықталған кезде заң бұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселені шешу үшін жекеше қаулы шығарады. Демек, бүгінгі таңда қылмыстық іс жүргізу мәселесі Қазақстан Республикасында халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына барынша мүмкіндік жасалған.

С.ХУДАЙБЕРГЕНОВ,

аудандық соттың тергеу судьясы.