18.03.2017, 11:25
Қараулар: 71
Жаңартылған білім бағдарламасы

Жаңартылған білім бағдарламасы

Білім баспалдағы бастауыш сыныптарға енгізілген «Жаңартылған білім беру мазмұны» жаңа бағдарламасы біздің ауданымыздағы барлық бастауыш мектептерде де қолданылуда. Соған орай, мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету, педагогикалық тәжірибесін жетілдіру және кәсіби шеберлігін шыңдау, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында аудандық әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен  Жәңгір хан атындағы орта  мектеп базасында «Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу бағдарламасы бойынша 1-сынып пәндерін оқытудағы шығармашылықты арттыру жолдары» тақырыбында аудандық семинар-практикум оздырылды. Оны әдістемелік кабинет меңгерушісі Зинур Мұхтар ашып, мектеп директоры Олжас Түсіпқалиев  қош келдіңіздер айтқаннан кейін ашық сабақтар шеруі басталды.

Аталмыш білім ордасының бастауыш сынып мұғалімдері  Д.Мұсағалиева «Бәйтерек – өмір ағашы», Г.Ысмағұлова  «Теңдік және теңсіздік», ағылшын тілі пәні мұғалімі Қ.Ғазезова  «The big red bus», жоғары санатты музыка пәнінің мұғалімі Р.Алмурзина «Халық биі» атты 1-сыныптарға арналған жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша сабақтар өткізді.   Іс-тәжірибе алаңы  кезеңінде мектептің ағылшын, орыс тілі, музыка, бастауыш сынып мұғалімдерінің  «Саяхатқа дайындау»  Lesson study әдістемесімен өткізілген ықшам сабақтары, тәрбие жұмысын жаңаша ұйымдастыру мақсатындағы бастауыш сынып мұғалімі  Б.Жұмағалиеваның    «Бар өнердің бастауы – бастауышта»  сыныптан тыс шарасы  көрініс тапты.  Жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі  Э.Жамашева  «Жаңартылған бағдарламаны жүзеге асыруда жаңа әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігі» тақырыбындағы шеберлік сыныбын көрсетіп,  мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары  Т.Ермекова  «Жаңа бағдарлама бойынша бастауыш сынып оқушыларының шығармашылығын дамытудың әдіс-тәсілдері» атты баяндама оқыды. Жаңа бағдарлама бойынша  мектепте қазіргі таңда  критериалды, жиынтық бағалаудың қалай жүргізіліп жатқандығы, іс-қағаздарды жүргізу, тағы басқалар бойынша қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Оларға аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі З.Мұхтар анықтамалар табыстады.

  Алтынгүл ҒАЙСИНА,

                                                        аудандық әдістемелік кабинетінің әдіскері.

мектепішілік шара

Басқа да мақалалар