5.06.2018, 11:47
Қараулар: 261
Қорғай жүр, қайырымдылық!

Қорғай жүр, қайырымдылық!

Ислам дінінің өткенге салауат айтып, келешекке үмітпен қарап, мүмкіндігінше мұқтаж жанның алғысын алуға ұмтылуды үндейтіні белгілі. Әсіресе, қасиетті Рамазан айында мұсылмандар үшін бұл ұстанымдар еселене түспек. Өйткені, бұл айда істелген игі істің сауабы молаяды.

Сайқын ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Аққалиевтің айтуынша, аудан орталығында ауқатты да қалталы азаматтар болғанымен, жергілікті әкімшілікке жолығып, Рамазан айында өз рақымын танытып жатқандар жоқтың қасы. Тек кезінде өзі осы жерде қызмет етіп, кәсіпкерліктің тізгінін ұстап, оның нәсібін көрген, Орал шаһарына қоныс аударғанына да біраз жыл болған Шынар Хайрошева ғана әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға жәрдемдесуді өзінің парызы санаған екен. Былтыр жүз жерлесті, одан бұрын тағы да отыз адамды жарылқаған ол биыл тағы да отыз отбасына азық-түлік тарту етті. Ауылдық әкімшілік ұсынған тізім бойынша Ш.Хайрошеваның сенімді өкілі Дәметкен Қабделова таратқан азық-түлік иелерін тауып, өз кезегінде олар қайырымды жанға алғыстарын жаудырды.

Иә, біреуді баршылық, енді біреуді таршылық сынап жататыны жасырын емес. Барымен бөлісуді мұсылмандық борышы деп ұғынып, қол ұшын созған Шынар Зинелқызының игі ісі өзгелерге де жұғысты болғай.

 

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.