12.06.2018, 15:26
Қараулар: 220
Мәдениет – ұлт мәйегі

Мәдениет – ұлт мәйегі

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Ақжайық ауданының Бударин ауылы көркемөнерпаздарының «Жайдарман» халықтық әжелер ансамблі және «Мерейлі отбасы – 2014» республикалық байқауының жеңімпаздары, яғни, Сәндібековтердің отбасылық ансамблі Хан ордасына саяхаттап келіп, ауыл тұрғындарына әдемі кеш сыйлады.

Келген қонақтар алдымен боздақтар монументіне гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етсе, әрмен қарай «Шебер әжелер» клубының мүшелерімен жүздесіп, ісмер кейуаналардың қолынан шыққан туындыларды тамашалады, ұлттық салт-дәстүрлер жайлы әңгіме қозғады. Клуб мүшелері де қазақы қонақжайлықпен меймандарға дәм ұсынып, ауылдың алты ауызын шырқады.

Екі ауданның мәдени тынысын кеңейтіп, өзара тәжірибе алмасу мақсатын көздеген бұл шара кітапханада оздырылған дөңгелек үстелге ұласты. «Дедімай-ау», «Ағажан ләтипа», «Ой, жайлау», «Мәртебелі ел», «Жылқы ішінде бір ала», т.б. халық әндерін нақышына келтіре орындайтын ақжайықтық әнші әжелердің әрқайсысы салиқалы ұрпақ өсіріп отырған ұлағатты аналар. Ансамбль мүшелерінің еңсерген жетістіктері де аз емес көрінеді. Мұны жиын барысында жетекшілері Анар Есенәлиева айтып өтті. Бүгінде аталмыш өнер ұжымының «Мейірім» атты ізбасарлары да елге танылып қалыпты.

Шығармашылық мәдени байланысты дәріптеуге қосқан үлесі үшін ауданымыздың әкімі Нұрлан Рахымжановтың атынан алғысхатты табыстаған орынбасары Лариса Қайырғалиева «Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатырған асыл өнеріміз жұтамасын» деген тілегін жеткізді. Бударин ауылдық мәдениет үйінің директоры Нұрболат Сәндібеков те «Балаларымыз бойын жат қылықтан аулақ ұстау үшін музыкаға баулуымыз керек. Ұл-қыздарыма кішкентайынан түрлі аспаптарда ойнауды үйреттім, 2009 жылы отбасылық ансамбліміз дүниеге келді. Өнердің биік шыңын әлі талай бағындырамыз деген сенімдеміз» дей келе бөкейліктердің қошеметіне ризашылығын білдірді. Өнердегі әріптестеріне өзіміздің «Нарын әжелері» әншілері тәбәрік тарту етті.

Әннен шашу шашқан ақжайықтықтарға көрермендер де дуылдата қол соғып, зор ілтипат көрсетті.

Ажар БАЛАБАСОВА,

мәдениет үйінің әдіскері.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.