7.12.2018, 11:20
Қараулар: 1328
Аналар кеңесінің маңызы зор

Аналар кеңесінің маңызы зор

 

Қазақстандық патрио­тизмді, толеранттылық пен этносаралық келісімді, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтауды мақсат тұтқан Аналар кеңесінің маңызы зор бүгінде. Талдықорған қаласында өткен  «Көпэтносты және конфессиялы қоғамдағы Аналар кеңесінің рөлі» атты  кеңейтілген отырыс осының бір дәлеліндей. «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» демекші, бұл жиын да ауқымдылығымен, мазмұндылығымен ерекшеленді.

Жиында отбасындағы бала тәрбиесі, ана мен әкенің рөлі, «Қазақтану» жобасын іске асыру жайы, ұлттық дәстүрлерді ұлықтау мен отбасы мәртебесін нығайту, тіл туралы, т.б. мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.

Этнограф Зейнеп Ахметова, айтыскер ақын Надежда Лушникова, журналист, «Ұлттық арнаның» жаңалықтар жүргізушісі Қымбат Досжан және ақын Сәуле Досжан секілді біртуар әйел азаматшалармен жүздесудің өзі үлкен әсер сыйлады. Мәселен, Надежда Лушникова қазақ тілінің мәртебесі жөнінде сөз қозғап, туған тілге құрмет елге құрметтің белгісі деп келелі ой тастап, Елбасыға арнаған өлең шумақтарын паш етті. Танымал тележурналист  Қымбат ханым да өзекті мәселелерге тоқталып, әсіресе,  ғаламтордың жастарға тигізер зиянды әсерлері туралы айтып өтті. Ұлттың анасына айналған Зейнеп апамызбен Жетісу телестудиясындағы «Болмыс» бағдарламасына қатысудың сәті түсіп, апамыздың қазақ қыздарының абыройы, ене мен келіннің өзара сыйластығы жөнінде сүбелі ойларын ұйып тыңдадық. Қазақстан жазушылар және журналистер Одақтарының мүшесі Сәуле Досжанның «Төркіндеу» тақырыбында өткізген кездесуі де саналыға терең ой саларлықтай өтті.

«Жақсы адаммен өткізген бір күнің мың күніме татиды» дейді. Игілікті істерімен елдің мақтанышына айналып, сүйіспеншілігіне бөленген жақсылармен жүздестірген осынау шара жалғасын таба берсін деймін.

Гүлжан БИСЕКЕНОВА,

«Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы