4.06.2021, 10:47
Қараулар: 100
ЕҢБЕК ЕКШЕЛІП, ЕЛЕНГЕН КҮН

ЕҢБЕК ЕКШЕЛІП, ЕЛЕНГЕН КҮН

Мәдениет қызметкерлерінің биылғы төл мерекесі «Мәдениетті өркендету – заман талабы» атты ауқымды шарамен ерекшеленді.

Алдымен ауылдық мәдениет ошақтарының директорлары аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Жоламан Сисенғалиевке жыл басынан атқарған жұмыстарымен таныстырып, аудандық мәдениет үйінің фойесінде слайд арқылы бес айлық есебін берді. Айта кету керек, көпшілігі санитарлық талаптарды алға тартып, жоспарлы шараларды онлайн немесе шағын форматта өткізгендігін мәлімдеді. Есеп беру барысында директорлардан кітапханамен бірге жұмыс та сұралып, кейбіріне ескертулер де жасалды. Әсіресе, қызмет бірлігі жеткілікті Хан Ордасы мәдениет үйі директорының міндетін уақытша атқарып жүрген Марат Агишановқа айтулы мерекелер – Бөкей хандығының құрылғанына 220 жыл және Жәңгір мектебіне 180 жылдығына арналған шаралар әлі-ақ қолға алынбай жатқандығына ренішін білдірді. Осы ретте, Мейрамбек Аққалиев «Табылмаған таланттар», «Ер қанаты – ат», «Қыз Жібектің сіңлілері», «Нарынның нар ұлдары», т.б. онлайн шараларды насихаттап жүрген Бисен ауылдық клубының жұмысына шын ризашылығын білдіріп, шектеуді қалқан қылмай, жұмысты осылай аудан емес, облыс көлемінде танытуға болатынын баса айтты.

Ал мәдениет ошақтарының әдіскерлері дәстүр бөлмесінде бас қосып, Тәуелдігіміздің 30 және Бөкей хандығы мен Жәңгір мектебінің мерейлі мерекелеріне арналған шаралардың топтамаларын ұсынды. Сонымен қатар әдіскерлер бір күндік еңбегін бейнебаянға түсіріп, көпшілік алдында  қорғады. «Есімдер аллитерациясы», «Көңілді сөз» тренингтерін өткізіп, әдіскерлер жұмыс барысын талқыға салды.

Шара барысында мәдениет қызметкерлерінің жұмысы сарапқа салынып қоймай, сергіту сәттері де ұйымдастырылды. Әдіскерлер түрлі тренинг өткізсе, мәдениет үйі директорлары мергендіктіктерін сынға салып,  мәдениет қызметкерлері «Бес асық» ойынын ойнап, ептілігін байқатты.

«Мәдениетім – мәртебем!» атты алқа отырысында бірнеше мәселе қарастырылды. Ең бастысы ол, әрине,  еліміз және ауданымыз үшін айтулы мерекелерді тиісті дәрежеде ұйымдастыру болды. Сонымен қатар мұнда Бисен ауылдық мәдениет үйінің директоры Екатерина Мөкешева «Әлеуметтік желімен тығыз байланыс» мәселесінде баяндаса,  аудандық орталықтандырылған кітапхана басшысы Айнагүл Батырханова «Оқырманды тарту және кітапты оқуға баулу» мәселесін қозғады. Ал Мұратсай ауылдық клуб директоры Қасым Есекешев «Онлайн форматта ұсынуға болатын тың жобаларды» талқыға салды.

«Күйшілер аллеясына» қызыл кілеммен кірген шығармашыл ұжымдар  төл мерекеге арналған шара барысында еңбектері еленіп, жетістікке жеткендері марапатталды. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов:

– Мәдениет ол адамның рухани баюына ықпал ететін сала. Бұл сала ел-жұрт демалып жатқанда көпшілікке рухани азық сыйлау үшін талмай еңбектенетіндер сапында. «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы мен парасаты» деп жатамыз. Міне, осы қасиеттерді дәріптейтін сіздерсіздер – мәдениет қызметкерлері. Кәсіби мерекелерің құтты болсын!– деп ізгі тілегін жеткізді.

Марапаттың төресі саналатын «Еңбек даңқы» төс белгісі Ұялы ауылдық мәдениет үйінің директоры, мәдениет саласында 40 жыл қызмет еткен майталман маман Сайлаубек Мұхтаровтың өңіріне тағылды. Айталық, өз саласында үздік танылғандар анықталды. «Үздік мәдениет үйі» мәртебесін биыл Бисен ауылдық мәдениет үйі иеленсе, осы ауылдық округтің кітапханасы да аудан бойынша үздігі танылды. Бұл марапат жауған кеште әншілер мен бишілер, кітапханашылар, сонымен қатар техникалық қызметкерлер де мадақталды. Мәдениет саласының ардагерлері де ұлықталып, көңілдері игі тілекке, құшақтары гүлге толсын деген ниетпен гүл тарту етілді.

Марапат кеші гала-концертке ұласып, мәдениет қызметкерлері жиналған жұртқа тағы да мереке сыйлады.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ