29.07.2021, 11:53
Қараулар: 52
ҚҰРБАН АЙТ — МҰСЫЛМАННЫҢ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕСІ

ҚҰРБАН АЙТ — МҰСЫЛМАННЫҢ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕСІ

Құрбан араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді,  яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғатта терминдік мағынасы «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге келеді.

 

Құрбандық шалудың үкімі

Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу — Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Уәжіп дегеніміз міндетті деген сөз. Уәжіптігінің аят хадистердегі дәлелдері төмендегідей:

Алла тағаланың Құран Кәрімде «Намаз оқы және құрбан шал» — деп Кәусәр сүресінің бұйыруы құрбан шалудың уәжіптілігін білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «кімде кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» деп қатаң түрде ескерткен.

Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?

– Мұсылман болуы;

– Ақыл-есі дұрыс және балиғат жасына толуы;

– Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;

 

Құрбандық шалудың қысқаша тарихы және айт ретінде бекітілуі

Ибраһим (а.с.) пайғамбар өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ізгі ұрпақ сұрап, көп жыл бойы Алла тағалаға жалбарынған еді. Бұл тілегі қарттық шағында қабыл болды!

Күндердің күнінде Ибраһим пайғамбар түсінде баласын құрбандыққа шалғалы жатқанын көрді. Белгінің Жаратушыдан келгеніне көз жеткізген Ибраһим пайғамбар бұл белгіні орындауға бекемденді. Ұлы Жаратушы әмірі қайткенде де сөзсіз орындалуы тиіс. Ақыр соңында тәуекелге бел буды. «Балам, түсімде Алланың әмірімен сені құрбандыққа шалуға ниеттеніп, бауыздайын деп жатыр екем. Бұған не дерсің?» дейді. Баласы әкесінің ойын түсінді: «Әкетай, еш тартынба! Алла Тағаланың бұйрығын не болса да орында. Тәуекел ет!» деді қасқая.

Әке мен бала бұйрықтың басқадан емес, Ұлы Жаратушыдан келгенін түсіне білді. Сол үшін де дауыс шығармастан, «кессең мойным міне» деп пышаққа түсті. Әттең, қанша қайралса да пышақ өтпей қор қылды. Соңынды сынақтан да сүрінбей өтті-ау. Алланың өзі аян білдірді:

«Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылай марапаттаймыз!» Иә, Алла тағала сынағаны болмаса, Исмайылды құрбандыққа шалуды қаламады. Ол тек Ибраһим пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтқысыз орындауына тәнті болуды қалады. Нағыз тәуекел ете білудің үлгісін көрсетті.

Ибраһим пайғамбардың кезінде құрбан шалу қажылықтың бір шарты ретінде сүннетке айналып, соңғы елші хазірет Мұхаммедке де (с.а.с.) жетті. Осы кезден бастап құрбан шалу қажылықтың бір рәсімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылықтың түріне айналды. Құрбан шалу Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да міндеттелді. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.

 

Құрбандық шалудың пайдалары мен хикметтері

1) Алла тағаланың әмірлерін қалтықсыз орындау пендені Жаратушының ризашылығына бөлеп, ақыретте сый-сыяпатқа кенелтеді. Пайғамбарымыз хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: «Адам баласы құрбан айт күні қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».

2) Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбарымыздан (а.с.) жалғасып келе жатқан сүннет.

3) Адам баласы құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.

4) Табиғатында өзімшілдік, сараңдық, дүниеқоңыздық секілді жағымсыз қасиеттері бар адам нәпсісі құрбан айтта тек қана Алла тағаланың ризашылығын ойлайды. Бір малын қиып, жағдайы аз қамтылған отбасыларға  жәрдем беру арқылы жаман қылықтарын бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады.

5) Дүниежүзінде жыл сайын миллиондаған мал сойылып жатады. Бірақ сол сойылған малдың еттері кедей жағдайы аз қамтылған отбасыларға  бәріне жете бермейді. Құрбан айтта осы жағдайы аз қамтылған отбасылар ойластырылады.

 

Құрбандық шалу берекетке себеп

«Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдасын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ жітікке де жегізіңдер!» (Хаж сүресі, 27-28)

 

Құрбандық шалудың негізгі мәні мен маңызы

Құрбан шалу – мұсылмандықтың белгісі.

Құрбан шалу – ұлы ғибадат.

Құрбан шалу – жүректі дүниеқұмарлықтан, сараңдықтан сақтайды.

Құрбан шалудың қоғамдық пайдалары мол.

Құрбан шалу – құл екендігіміздің, дінге бекемдіктің белгісі.

Құрбан шалу – Алланы еске алу әрі шүкір ету.

Құрбан шалу – Алланың жомарттығына құлдардың да қайтарым жасауы.

Құрбан шалу – Аллаға деген сүйіспеншіліктің белгісі.

Құрбан шалу- шаңырақты берекеге бөлейді.

Құрбан шалу- бәле-жалалардан сақтайды.

Құрбан шалу- Алланы ұлықтауды әрі мұсылмандардың бір-біріне деген жанашырлығын білдіреді.

Құрбан шалған адам- өзінің діни міндетін орындаған болып табылады.

Құрбан шалу- мұсылман баласын ана дүниеде мол сауапқа кенелтеді.

Құрбан шалу- бай мен кедейдің арасын жақындастырады.

Құрбан шалу-көрші ақысын еске салып, татулыққа бастайды.

Құрбан шалу- мал шаруашылығына көңіл бөлдіреді.

 

Құрбандыққа шалынатын малдарға қойылатын шарттар

– Шариғат бекіткен малдан болу. Олар: түйе, сиыр, қой және ешкі. Бұл жануарлардың еркек не ұрғашы болуы шарт емес.

– Малдың он екі мүшесі сау болуы шарт. Яғни ауру, бір көзі жоқ, соқыр, ақсақ, көтерем, шұнақ,  сонымен қатар құлағы не құйрығының үштен бірі кесілген мал құрбандыққа жарамайды. Ал құлағы тілініп не кесіліп ен салынған мал құрбандыққа жарамды. Тоқал және мүйізі сынған, піштірілген мал да құрбандыққа жарамды деп саналады.

Егер құрбандыққа шалынатын малды сатып алғаннан кейін оның денесіндегі бір кемістікті байқаса, оны ауыстыру керек. Ал сойғаннан кейін не сояйын деп жүріп бір кемістікті байқаса, оқасы жоқ. Мысалы, соямын деп пышақты малдың көзіне тығып алса немесе союға сүйреп келе жатып, аяғын сындырып алса, сол малды құрбандыққа шала береді.

  • Құрбандыққа арналған мал шариғат бекіткен жасқа толуы керек. Қой мен ешкінің жасы бір жылдан асқан болу керек. Тек алты айдан асқан семіз, бір жастан асқан басқа қойлардан дене-бітімі кем емес, бағлан марқа қозыны құрбандыққа шалуға болады. Сиыр екі жастан, ал түйе бес жастан асқан болуы қажет.

Құрбандыққа шалынатын мал қанша адамға жетеді?

Қой және ешкіні бір адам ғана сояды. Бір адам екі не одан да көп құрбандық шала алады және барлық құрбандықтарының сауабын алады. Ал сиыр мен түйені жеті адам бірігіп союларына болады. Бір адам жалғыз өзі бір сиыр не түйені құрбандыққа шалуына рұқсат етіледі.

 

Құрбандықтың уақыты

Құрбандық шалудың бекітілген уақыты бар. Ал осы уақыттан бұрын шалынған құрбандық күнделікті қажеттілік үшін сойылған мал есебінде болады және ол құрбандықтың орнына жүрмейді.

Айт намазы уәжіп болған елді мекендерде құрбандық шалу айт намазын оқып болғаннан кейін басталады. Ал айт намаздары оқылмайтын жерлерде таң атқаннан бастап малын соя беруге болады. Құрбандық шалу Құрбан айт күнінің үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Биылғы жылы пандемияға байланысты мешіт ауласында құрбандық шалынбайды. Әр адам өз отбасында құрбандығын шалып, таратса болады.

Қуандық НАСЫРОВ,

аудандық мешіттің бас имамы