12.05.2021, 14:59
Қараулар: 191
МӘҢГІЛІК ЖӘҢГІР ХАННАН ҚАЛҒАН МҰРА

МӘҢГІЛІК ЖӘҢГІР ХАННАН ҚАЛҒАН МҰРА

Жәңгір хан елдің ертеңінің қалай болмағы өскелең ұрпақтың зеректігіне байланысты екенін қапысыз түсініп, саналы шешім қабылдады. Заман оқығандікі екенін ұқты. Жәңгір еуропалық үлгідегі жаңа мектептердің қазақ арасында, өте қажет екенін түсінді. Оны ханның қазақ балаларын еуропалық білім жүйесімен оқытуды арман етіп, білім саласын дамытуға бағытталған бастамашыл саясатынан да көруге болады. Халқына да соны ұқтыруға тырысты. Біз Жәңгір ханды Қазақстанда, оның ішінде Бөкей Ордасында алғашқы болып ұлттық білім жүйесін қалыптастыру ісімен тікелей айналысқан тұлға ретінде танимыз.

Қазақ балалары үшін бірінші арнайы мектеп Екатерина II-нің 1789 жылдың 28 ақпанындағы шешімімен Орынбордың Айырбас ауласы мешіті жанынан ашылды. Үкімет қарамағындағы бұл мұсылман мектебінің өз имамы, муедзині, қайманы және мударисі болды. Онда балаларды сауат ашуға және мұсылман дініне үйретті. Оқушылар саны 64 болып белгіленгенімен, оқуға нақты тартылған балалар саны көп болған жоқ. 1808 жылы барлығы 12 қазақ баласы болды. Кейін мектеп жабылып қалды.

Орынбор өлкесінде қазақ балаларына оқуға рұқсат етілген бірінші оқу орны 1825 жылы ашылған Неплюев кадет корпусы болды. Онда бірінші тәрбиеленген қазақ балалары Бөкей хандығынан еді.

Жәңгір хан мектеп ашу ісіне 1831 жылдан кірісе бастайды. Сол жылы Орынбор генерал-губернаторы П.К.Эссенге хат жолдап, өзінің Хан Ордасында мектеп үйін салғысы келетіндігі туралы ұсынысын білдіреді. Сондай-ақ 1839 жылдан бастап Орынбор ұлықтарына жолдаған құжаттарында қазақ балаларын Қазан университетіне, Орынбордағы Неплюев кадет корпусына, жол қатынасы, орман, инженерлік училищелерге қабылдау жөніндегі мәселелерді ұдайы көтеріп отырды. Ал бұл оқу орындарына түсу үшін еуропаша оқытып, әр түрлі ғылым негіздерін үйрететін мектеп қажет еді.

Сол жігерлі жұмыстардың нәтижесінде Хан ордасында Жәңгір ханның қазақ балалары үшін өз қаражатына салдырған мектеп үйінің құрылысы бітіп, 1841 жылғы 6 желтоқсанда оның салтанатты ашылуы өтеді. Ол Жәңгір училищесі деп аталады. Оның қазақ жеріндегі бұған дейінгі мұсылман мектептері мен медреселерден айырмашылығы сол, ол еуропаша білім беретін бірінші қазақ-орыс мектебі болды. Мұнда ислам діні сабағынан басқа негізгі пәндер ретінде арифметика, география, шығыс тілдері, орыс тілі және Ресей тарихының қысқаша курсы оқытылды. Кейінірек мектепте арнайы курс ретінде шешекке қарсы егу ережелері, кітап түптеу, жер өлшеуді үйрететін бөлімдер де ашылды.

Жәңгір хан училищенің оқытушыларын өзі таңдап, мектеп шығынының бәрін өз қазынасынан төлеп отырды. Училищенің алғашқы оқытушысы және меңгерушісі болып Ордада мал дәрігері қызметін атқарған Константин Петрович Ольдекоп тағайындалды. Оған орыс тілін, арифметика және географияны оқыту, сондай-ақ оқушылардың тәртібі мен тәрбиесін, орыс оқу орнындағы талап, шарттармен сәйкес жүргізу мәселесін қадағалау жүктелді.

Ал, діни оқу, шығыс тілдерінің оқытушысы болып молда Садреддин Мұхамет Әминев тағайындалды. Бұл туралы Хан Ордасы музей қорығының қорында төмендегідей 1842 жылы 29 қазанда Орынбор әскери губернаторы генерал-лейтенант В.Обручевтің Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Г.Генске жолдаған қатынас қағазында: «……При Ставке хана учреждено училище для приготовления малолетних киргизов к поступлению в гимназии, и в училище этом обучаются они чтению и письму на языках: арабском, персидском, татарском и русском, элементарным наукам и закону магометанскому, ходатайствует об утверждении преподавателем в этом училище магометанского закона и восточных языков из сейтовских мещан старшего мухтасипа, имама и мударриса, муллу Садреддина Мухамет Аминева, приглашенного ханом в Орду для преподавания помянутого закона с татарского грамотою и оказавшего в этом заслуживающие уважения опыты усердия» делінген.

Музей қорындағы Жәңгір училищесі туралы Әділ Бөкейхановтың хабарламасына жүгінсек: «Помещается в особо выстроенном единственно для сего предмета доме; учащихся на иждивении хана было от 8 до 15 человек, учителями: ветеринарный врач Ольдекоп, жалованья не получал, но пользовался разными подарками от хана, на превышающими суммы 500 руб.ассигнациями; Оренбургской губернии Сейтовского посада имам, мулла и мударрис Садриддин Аминов, жалованья получал, также пользовался подарками в год до 1000 руб., сторож получал по одному барану в месяц, пользовался пищею и платьем-2 рубахи, 1 шуба и 1 халат простой в 10 руб.ассигнациями. Освещение, отопление и пища доставлялись в это училище от хана».

Бірінші жылы мектепке 25 оқушы қабылданып, оның 7-еуі мектеп жанындағы жатақханада жатып, ал 18-і үйден келіп оқыған. Олардың ең ересегі 22 жаста, ал кішісі 9 жаста болды. Мектептің алғашқы оқушыларының ішінде Ибрагим, Ысмайыл, Ахмед-Гирей Жәңгіровтер, Мұхамед-Салық Бабажанов, Мырзағали Ақболатов, Мұхамед-Кәрім Жолгұтов, Жүніс Саламатов, Дияр Жолгұтов, Ерғалий Шынғалиев, Бердіғалий Джарасов, Хангали Бесжанов, Ахметкерей Хансұлтанов, Мұханбетше Байтүменов, Мұхаммед Бажақов, Жүсіп Шомбалов, Мүфти Жанторинов, Сейіт-Батал Балқы ұлы, Сейд-Ғалий Танасов, Нұр-Мұхамед Шөкиев, Мұрат Құдайбергенов т.б. балалар болды. Жәңгір мектебінде білім алушылар санының артып отырғанын Хан ордасы музей қорығының қорындағы 1844-1845 жж. жазылған тізімнен де көре аламыз (ол мәлімет 1846 жылғы 9 наурызда толтырылған).

Училищеде оқыту үшін Востоковтың «Қысқаша орыс грамматикасы», Буняковский «Арифметикасы», Шульгиннің 2 бөлімнен тұратын «Географиясы», Голаховтың «Қысқаша хрестоматиясы», Устряловтың 2 томдық «Орыс тарихы» оқулықтары пайдаланылған.

Оқу жылы қазанда басталып, мамырдың соңында аяқталатын. Жыл сайын желтоқсанның 6-сында оқушылардың ата-аналары шақырылып, олар ханның басшылығымен жүретін емтихандарда оқушылардың алған білімінің нәтижелерін бағалауға қатыстырылатын. Оған қоса мектепте өткізілетін әр түрлі шараларға міндетті түрде хан қатысатын еді. Мектептегі сабақтардың жүргізілуін, оқушылардың білімін бақылау істерін, емтихандарды, оқу бағдарламаларын, оқу жоспарларын хан тікелей қадағалап отыратын.

Жәңгір шәкірттерге бастауыш білім берумен шектеліп қана қоймай, оларды жоғары оқу орындарына жіберу, ел басқаруға үйрету бағытын да ойластырды. Соның арқасында ханның маман кадрлар және мұғалімдер даярлау саясаты мемлекеттік деңгейде жүзеге асып, мектеп түлектері патшалық Ресейдің әр түрлі арнаулы орта және жоғары оқу орындарда оқуын жалғастыру мүмкіндігін алды. Бөкей хандығының қазақ балалары үшін ең беделді оқу орнының бірі болып саналатын Неплюев кадет корпусынан орын бөлгізді. 1852 жылы Неплюев кадет корпусын 37 адам бітріпті. Соның 7-еуі Бөкей ордасынан барған қазақтар болатын. Олар: Арыслангерей Бөкейханов, Зұлқарнай Нұралыханов, Мұхамбетжан Бекмұхамедов, Сұлтан Шалабаев, Мұхамедсалық Бабажанов, Мырзағали Саңғырықов, Жүсіп Ниязовтар. Сонымен қатар қазақ жастары Орынбор әскери училищесінде, Астрахан гимназиясында, Қазан университетінде, Санкт-Петербург кадет корпусында және т.б. оқу орындарда білім, мамандық алып шыққан соң, Бөкей Ордасындағы хандық әкімшілікте, ставка кеңсесінде, салық, қаржы бөлімінде, әскери қызметте және т.б. маңызды орындарда қызмет атқарды. Ал кейбір қазақ маман кадрлары Ресейдің ірі елді-мекендеріне қызмет істеді.

1845 жылы Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін, 1847 жылдан бастап, Бөкей ордасындағы (Ішкі Ордадағы) хандық басқару құрылымы жойылып, оның орнына жаңа әкімшілік- Уақытша Кеңес құрылады. 1848 жылдың 22 наурызда шыққан жоғарғы мәртебелі өкімнен кейін, Жәңгір мектебі мемлекет қарауына алынып, оған жылына 1404 сом қаражат бөлінетін болды. Кейінірек мұғалімдерді тағайындауды Ішкі Орданы басқару жөнінднгі Уақытша Кеңес қолға алды. Деректерде 1862 жылы ветеринар Яковлевтің грамматикадан сабақ бергені, Уақытша Кеңес аудармашысы Роготниковтың арифметика оқытқаны жазылып қалған. Мектептің бір ерекшелігі – ол ашылған күннен бастап бір сәт те жабылып көрген емес. Жылдан жылға ұлғайып, көркейіп дами түсті.

1866 жылдың 17 қарашасында Бөкей Ордасының жеті қисымында қазақ балаларына 7 мектеп ашуға рұқсат етілді. Осыған орай, 1868 жылы 17 қарашасында Бөкей Ордасының Қалмақ қисымының Владимировка (Тұзқала) ауылында, Қамыс-Самар қисымының Новая Казанка (Жаңақала) ауылында, Нарын қисымының Ұялыкөл мекенінде, Талов қисымының Талов (Казталов) ауылында, Торғын қисымының Хан Ордасында, I Теңіз жағалауы аймағының Кокарев кордоны қасында, II Теңіз жағалауы аймағының Бакалев кордонында мектептер ашылды. Барлық қисымдық мектептерде оқу мерзімі 4 жыл болды. Мектепте оқушылардың жастарына сәйкес дайындық, төменгі, орта және жоғары топтарға бөлініп, қазақ және орыс тілдерінің жазылуы мен оқылуы, арифметиканың төрт амалы, қазақ тілінен орыс тіліне аударма ісі пәндері оқытылды.

Мектептің кітап қоры жыл сайын толықтырылып, қажетті кітаптарды мұғалімдердің өздері алдыртып отырған. Мысалы: музей қорығындағы деректе 1866 жылғы 19 қараша күні мұғалім Ситниковтың орыс тілінен кітаптар алдырту туралы жазған баянатынан өз пәніне  мынадай кітаптар сұратқанын көреміз: «Для воспитанников обучающихся в киргизской школе необходимо иметь какие-либо детские книги, так какдальнейшего упражнения в чтении, в школенет никаких книг, кроме журнала «Самообразование», который для мальчиков поступивших в школу лишь прошлом и настоящим годах, не удобопонятен. А потому я, с своей стороны признаю полезным иметь для этого книгу «Детский мир» и «Хрестоматию» Ушинского. Приобрести ее можно от штатского смотрителя Черноярского Уездного училища по 578 коп, за экземпляр и в книжном магазине Якова Алексеевича Исакова выписывающим несколько экземпляров разом уступается каждая часть по 40 коп. Донося об этом Временному Совету имею честь просить распоряжения его несколько экземпляров названной мной книги»,-делініпті.

Жәңгір негізін қалаған мектеп құрылымы уақыт өткен сайын жиі-жиі өзгерістерге ұшырап отырды. 1879 жылдан барлық орыс-қазақ мектептері Халық ағарту министрлігінің қарамағына өтіп, мектеп басшылығына инспектор лауазымы бекітілді. Алғашқы инспектор болып А.Алекторов тағайындалды, одан кейінгі уақытта бұл орында Муравьев, Воскресенский, Филиппов, Данилевский, Николаев, Кочуров деген инспекторлар қызмет етті.

Жәңгір училищесі 1879 жылы 6 жылдық орталау мектеп бағдарламасы көлемінде білім беретін жоғары бастауыш мектеп дәрежесіне көтеріліп, Халық ағарту министрлігінің екі кластық училищесі болып қайта ашылды.

1905 жылы екі кластық училище Хан Ордасының Орталық төрткластық училищесі атанды. Бұғанда музей қорындағы Қазан оқу аймағы қамқоршысының Астрахан губернаторына, Хан Ставкасындағы екі кластық училищені төрт кластық қалалық училище етіп өзгерту туралы хабарламасы дәлел. Бұрынғыдан үлкейген оқу орнының жанынан мұғалімдер даярлайтын тұрақты педагогикалық курстар жұмыс істеді. Училищеде жаратылыстану, геометрия, әдебиет сияқты жаңа пәндермен қатар еңбекке дағдыландыру сабақтары жүргізілді.

Пән мұғалімдері И.Кочуров, И.Сиротов, А.Филипов, Ф.Белов, С.Меңдешев, Н.Евдокимов, И.Левшин болды. Мектептің жанынан шекті аспаптар оркестрі, хор және бай кітапхана жұмыс істейді. 1908 жылы осы төрт кластық училище жанынан мектептер үшін оқушылар даярлайтын 2 жылдық педагогикалық курс, 1911 жылы сол курстың жанынан үлгілі училище ашылды.

Ал 1920 жылы осы төрт кластық қалалық училище Бөкей халық ағарту институтына, 1923 жылы ол институт педагогикалық техникумға айналдырылды. Оның алғашқы директоры Қ.Ғабдрахманов Қазандағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітірген, білімді, мәдениетті ұлағатты ұстаз болатын. Осы білім ордасынан болашақ Кеңес Одағының батыры Т.Масин, өмір жолын әскери қызметке арнаған генерал Ш.Жексенбаев та педагогикалық мамандықты алып шықты.

1930 жылы техникум колхозшы-жұмысшылар мектебі, 1936 жылы орталау мектеп болып өзгертіледі. 1991 жылдан ол Орда орта мектебі болып, 1999 жылдың 9 желтоқсанынан бастап Жәңгірхан атындағы орта мектеп деп аталады.

Қазақстанда тиянақты білім бастауы болған Жәңгір мектебі хан мектебі өзінің байырғылығымен ғана емес, білім беріп, ұшырған түлектерімен де мәртебелі. Мектептен елге танымал талай дара тұлғалар шықты. Қазақтан шыққан алғашқы ғалымдардың бірі, Орыс географиялық қоғамының мүшесі Мұхамед-Салық Бабажанов, әкім-правительдер Мақаш Бекмұхамедов пен Өтешқали Атаниязов, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик Ғақаш Бияшев, физика-математика ғылымының докторы, академик Асан Тайманов, биология ғылымының докторы, профессор Майя Шығаева, профессор Ерден Әзербаев, Фатиха Жұмағалиева, биология ғылымының докторы, академик Фазыл Мұхаметқалиев, медицина ғылымынның докторы, профессор Әкрам Ыдырысов, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымының кандидаты, профессор Қазихан Бөкейханов, министрлер Ахмет Дауылбаев, Махмұт Сапарғалиев, мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаева, генералдар Ғұбайдолла Жәңгіров, Рамазан Құрманғалиев, Шәкір Жексенбаев, ақын-жазушылар Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Тайыр Жароков, Сатыбалды Даумов,  Кеңес Одағының батырлары Темір Масин, Ахмедияр Құсайынов, Социалистік Еңбек Ерлері Қарасай Сариев, Жұмағали Иманғалиев, Әмірғали Имамеденов, композитор Мансұр Сағатов, еңбек сіңірген өнер қайраткері, көптеген симфониялық музыкалық шығарма авторы Базарбай Жұманиязов, Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мұғалімдер Сақып Ақбаев, Ахметфаиз Тажетдинов, Ғұмар Зарипов, Мұхаметжан Дәрішев, Қасым Омаров, Қадем Есқалиев т.б. осы мектеп түлектері.

Иә, талай жылдар, талай ғасырлар өтер. Бірақ, халықтың санасына білім шырағын жағушы Жәңгірдей бабалардың есімі, игі ісі ешқашан ұмытылмақ емес. Бір кезде ағаш үйден мектеп салып, Ресей жерінен құрал-жабдығы мен ұстаздарын алдырған білім ордасы, бүгінде заман талабына сай үш қабатты ғимаратпен, озық техника құралдарымен жабдықталған тәуелсіз елдің мектебіне айналды.

Өзінде бүршік жарған арман бұла,

Ұшырған талай қыран, тарланды да

Мектебім, қасиетті мекенімсің.

Мәңгілік Жәңгір ханнан қалған мұра, — деген жыр жолдары талай ғасырдың куәсі болған Жәңгір мектебінің болашағы зор, жолы айқын екенін көрсетеді.

Гүлзада ӘБІЛХАЙРОВА,

облыстық Хан Ордасы музей қорығының

қор сақтау бөлімінің басшысы