19.02.2021, 18:05
Қараулар: 278
БАЛАНЫҢ ҚЫЗЫҒЫ НЕДЕ?

БАЛАНЫҢ ҚЫЗЫҒЫ НЕДЕ?

Балалы адамға «Осы балапаныңның қызығын көруге жазсын!» дегеннен артық тілек жоқ. Сондағы баланың қызығы неде?

Пайғамбар жасына жеткен әкесі машина мініп, анасы қымбат ішек кисе, «баласының қызығын көрді деген осы» деп тамсанамыз.

 «Баланы дүниеге әкелдік, өсірдік, тәрбие бердік, одан қалды жоғарғы оқу орнына түсірдік, лайықты әрі жалақысы жоғары қызметке тұрғызу үшін  қаншама таныстың есігін қақтық. Енді баланың қызығын көреміз дегенде…» деп опынған ата-ананы да көріп жүрміз.  Бұндай әңгімелердің желісі сіздерге де таныс…

Баланың қызығы деп ер жеткен баламыздың көлік мініп, үйлі болғанын, бой жеткен қызымыздың ауқатты күйеуге тап болып, қымбат ішікті иыққа іліп, алтынға малынғанына тіреп қойған жоқпыз ба?

Өмірдегі бар қызықты тек балаға тіреп тастап, ата-аналық қызметінің өтеуін талап ету қазақы отбасыларда жиі кездесетін секілді. Немесе жастығында қол жеткізе алмаған белесіне ұл-қызын бағыттау да біздің қоғамда үйреншікті құбылысқа айналып барады. «Баланың қызығын көрейік» дейтұғын ата-аналар  бұл сөздердің аясын тым шектеп тастаған жоқ па? Әйтпесе, «әкем заңгерлікті бітіргенімді қалады, анам тігіншіліктен не табасың, есепшілік салаға бар, бір мекеменің қаржысы сенің қолыңда болады деді» деп  ата-анасының айтуымен өз армандарынан қол үзіп, мүлдем қызығушылық танытпаған мамандықты  еш құлықсыз игеріп жүрген жастарды көріп те жүрміз. Шынтуайтында ата-ана үшін  ұл-қыздарымыздың рухани һәм кемел тұлға ретінде қалыптасулары  материалдық тұрғыдан жоғары тұруы керек емес пе? Шын бақытты, еркін жетілген бала  әкесі мен анасын да жақсылыққа кенелтеді емес пе? Таңдау мен бостандық, зор сенім мен салиқалы әңгіме секілді ұғымдарды жастайынан ұғынып өскен баланың қызығын көру маңыздырақ емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?

 

Ляззат Махметова, мұғалім:

– Баланың қызығы неде дейсіз бе? Әлбетте, бұл сұрақтарға сан түрлі жауаптың табылары сөзсіз. «Дүние – қолда еритін мұз, бала – артыңнан қалар із» дейді ғой. Алайда, ізімізді жалғай түсетін ұрпағымыздың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп жүрміз бе? Ұл-қызымыздың бойына рухани қасиеттерді сіңіре алдық па? Мың құбылған жаҺандану дәуірінде осы сұрақтар әр ата-ана үшін ең өзекті екені шыңдық. Өкінішке қарай, сананы тұрмыс билеген заманда көптеген ата-ананың балаларының еркіндігін шектеп, өз эголарына сүйене шешім шығаратындарын байқаймын. «Адамның шын бақыты – балада» дегенді тура мағынасында қабылдайтындай… «Біз сіздерді өсірдік, аяқтарыңа тұрғыздық, оқыттық…» деген желеумен ата-аналық құқықтарын бұлдайтындар да жоқ емес қоғамымызда. Осындай түсінбеушіліктерден  бала мен әкенің, анасы мен қызының арасында теке-тірестер, жанжалдар туындайды. «Балам өскесін мені бағады, асырайды, сол үшін тудық емес пе?» деп таңдауымен санаспастан міндет артып қою – бақытсыз ұрпақты тәрбиелеудің алғышарты. Саналы ата-ана үшін баласының қызығы дүниелік нәрселерге байланбауы тиіс. Жасымызға жас қосылған сайын парасатты, иманды, мінезі келіскен  ұрпағымызбен ғана  өміріміздің мәні арта түсетінін ұғынғандаймын. Көзімнің ағы мен қарасындай бір ұлым мен қызым бар. Қызым бүгінгі таңда геодезист мамандығы бойынша Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық оқу орнында магистратурада білім алуда. Ұлым М.Мәметова мектебінің он бірінші сыныбында оқиды. «Алтын белгі» медаліне үміткер. Балаларымның келешекке деген нақты жоспары, айқын мақсаттары бар. Сондықтан, аналары ретінде ақыл-кеңесіммен бөлісіп, бағыт-бағдар көрсетіп отырсам да өз еркі мен қалауларына қарсы ешқандай да әрекетке бармаймын. Өйткені маған ұл-қызымның тұлға ретінде қалыптасып, шын бақытты болғандары маңыздырақ. Екеуімен де жиі пікірлесіп, әңгімелесемін. «Бүгінгі күндерің қалай өтті, қандай жаңалықтар орын алды?» деп үнемі сұрау арқылы замана көшінен қалмаған, қазіргі жаңашылдықтарды да білетін досы, сырласы ретінде жақындығымды білдіріп отырамын. Олардың әр жеткен жетістіктері аналық бақытымды еселей түседі. Мен үшін баланың қызығы – құлыншақтарымның эмоциналдық жай-күйлерінің керемет, психологиялық-моральдық тұрғыдан еркін, бүтін болуы.

 

Тілеген Арыстанбеков, қоғамдық кеңестің төрағасы:

  • Бала – біздің тұяғымыз, ұрпағымыз, ізімізді жалғастырушы. Қазекем әу бастан баланы өмірінің мәні мен сәніне балап «Артымда қарайып ұрпақ қалсын, шаңырағымда шырақ жансын» деп ұрпақ жалғастығына зор мән берген. «Өмірдің бір қызығы – бала деген» деп толғанған Абай ақынның өзі баланың болашағынан көп үміт күткен ғой. Өзінің де, ағайындарының да балаларын оқуға беріп, көзі ашық, көкірегі ояу болғандарын құптаған. Сондықтан, баланың қызығы олардың саналы, жан-жақты, парасат-пайымы кең тұлға ретінде, бастысы қоғамға, қоршаған ортасына пайдалы, еңбекқор боп қалыптасуы деп білемін. Ол үшін баланың тәрбиесіне кішкентайынан  жөнді мән беру керекпіз. Өткенде Орал қаласынан  келдім. Жол қысқарсын деген ниетпен жүргізуші баланы әңгімеге тарттым. Бір басында қос дипломы бар. Алайда, жоғарғы оқу орнын бітіргенін растайтын құжаттары сандық түбіне жатып қалғанына бірталай жыл болыпты. Сөйтсек, мамандығы бойынша жұмыс істегісі жоқ, кезінде әкесінің айтуымен ғана оқуға түскен екен. Өмірлік мақсатын дұрыс бағдарлай алмағандықтан ең оңай әрі табысты  тірлік деп таксист атанып шыға келіпті. Мен бұл жерде оның жұмысын кемсіткелі отырған жоқпын. Тек баланың осыншама жасқа келсе де өзінің қалауы бойынша әрекетке бармай, жастық жылдарын мүлдем қызықпаған, қажетсіз оқуға жұмсағанына налыдым. Әлгі әкенің баланың таңдауымен санаспағанына ренжідім іштей. Өздерінің арман-мұраттарына жете алмағасын қалауларын ұл-қыздарына таңып қоятын ата-аналарды түсінбейді екем. Қаншама мықты мұғалім, әнші, композитор т.б болатын мамандарды мүлдем басқа ағыспен айдап жібердік екенбіз… «Сендердің қызықтарыңды көрейік» деп ақ батасын беруші еді ғой қарияларымыз. Көнекөз ата-әжелеріміздің ұрпағының жақсы сөзін естіп, жамандығын көрмейік деген  тілеулерін   енді өзіміз де айтып жүрміз. Әрқайсымызға ұрпағымыздың қызығын көруді жазсын.

Аға буын осылай дейді. Сол ата-анаға қызық көрсететін жастарымыз бала қызығын көр дегенді қалай түсінеді? Не қызық көрсетіп жүр? Осы сауалдармен бірнеше ақыл тоқтатып, елге танылған жігіттерімізді де сөзге тартып көрдік.

Райымбек Құрманғазиев, мұғалім, аудандық мәслихат депутаты:

  • Бала есеюдің бірнеше кезеңінен өтетіні белгілі. Әуелі дүниеге шыр етіп келуі арқылы әкесі мен анасын шексіз қуанышқа кенелтеді. Сәбидің былдырлап тілге келуі, алғаш тәй-тәй басуы, күлгені, ойнағаны секілді қадамдармен ата-анасын баға жетпес қызыққа бөлейді. Бұдан соң мектептің табалдырығын аттайтын жасқа келгенде жасөспірімдік өмірдің жетістіктерімен мүлдем жаңа  қызықтарға кенелтеді. Ата-ана «Балаларым мектепте озат, белсенді, білікті маман атанса» деп тілейді, бауыр етінің жетістігімен мақтанып, қуанады. Кейін қалаған оқу орнын бітіріп, қызметке тұрып, өз алдына шаңырақ құруға бекінеді. Ата-ана әлбетте «Балам келін әкелді, не қызым тұрмыс құрды деп тағы да қуанады. Сол секілді сәбиінің ересек атанғанға дейінгі әр кезеңнің ерекшеліктері, жетістіктері ата-ана үшін маңызды боп келеді. Сондықтан ата-анамызға қызығымызды көрсету деп тура жолдан тайқымай, мақсат-мұратымызға адал түрде жетіп, қартайған шақтарында қамқорлық танытып, перзенттік парызымызды орындау деп ойлаймын.

Мұратхан Нәбиғалиев, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың теолог маманы:

–  «Дүниенің бір қызығы – бала деген» деп жырлап өткен хакім Абай  баланың қызығын көру дегенді басқаша сезінеді ғой. Ұл-қызының білімді, дүниені танығанын, жақсы-жаманды айыра білетін, терең ойлайтын тұлға боп қалыптасқанын қалайды. Сондықтан, кез келген ата-ана ұрпағының саналы, сауатты, бастысы адамгершілік қағидаттарды берік ұстанса дейді. Әйтпесе, ішіп-жеген азығы мен жинаған мал-мүлкінің бүтіндігімен құр мақтану, тоқмейілсу – тәрбиесі мен мінезі келіскен ұрпақ  қалыптастырудың жолы емес. Әулеттің ізін абыроймен жалғастырар баласына үлкен жауапкершілік жүктеу «Адам бол» дейтұғын ұстаныммен пара-пар. Кез келген көреген ата-ана осынау мұратты көздейді деп есептеймін. Мансап, материалдық жетістіктер адамдық түсініктермен салыстырғанда едәуір кейінгі орында тұрады.

Сіз үшін баланың қызығы неде, құрметті оқырман?

Арайлым ЕСМАҒҰЛ