27.05.2021, 10:59
Қараулар: 114
АЙСАРАҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР

АЙСАРАҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР

Қысқа ғана ғұмырында спорт және туризм саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, әріптестері, достары, шәкірттерінің жүрегінде айшықты орны бар Айсара Тәженованың құрметіне аудан орталығында әйелдер арасында волейболдан аудандық еске алу турнирі өтті.

Айтулы шараға Айсараның анасы Қаламқас Сапарова, оның бауырлары және жолдасы Кемел Жоралиев арнайы келді.

Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев достарының турнир өткізу жөніндегі бастамасына ризашылығын білдіріп,  Қаламқас Ғалымжанқызына камзол кигізіп, жаулық жапты.

Сонымен қатар Айсараның көзі тірісінде қызмет еткен орны әрі осы турнирге қосымша демеуші болған аудандық экология және туризм орталығы басшысы Жаслан Хайрушев, аудандық білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Манарбек Алтаяқов, турнирді ұйымдастырушы достары атынан сөйлеген Мәулен Құрмашев марқұм туралы естеліктерімен бөлісті.

Өз кезегінде Айсараның анасы Қаламқас апа, ағасы Бахтияр, әпкесі Жадыра және жолдасы Кемел турнирді ұйымдастырушылар Айсараның достары мен әріптестеріне, оны қолдаған аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

  • Кім ойлаған жас шағында ел болып Айсарамды еске алымыз деп. Қамшының сабындай ғұмырында атқарған еңбегін еліп, достығын ту етіп, осындай ауқымды шара ұйымдастырып жатырған достарына, әріптестеріне, оны қолдаған аудан басшылығына ризашылығым шексіз. Айсарам көңілді де көпшіл еді. Спортқа ықыласы бөлік еді. Оған әпкесі Жадырамен бірге баратын. Әттең, көрер жарығы аз болды. Алланың ісі, қайтеміз енді. Қызым осыншама адамның көңілінде болғанына ризамын. Бақытты болыңдар, ауырмаңдар, -деп аналық тілегін айтты Қаламқас апа.

Салтанат барысында жиналғандар Айсараның қызметтік жолы туралы бейнероликті тамашалады.

Тоғыз команда қатысқан турнир спорт кешені мен М-С.Бабажанов мектеп базасында өтті.

Тартысты ойында І орынды  Шанхай командасы, ІІ орынды Бисен ауылы, ІІІ орынды  Сайқын ауылы волейболшылары иеленді.

Турнир барысында жақсы  ойын өрнегін көрсеткен волейболшылар  анықталды. Сөйтіп, Айгерім Анарбекқызы үздік қорғаушы, Райгүл Шиниязова үздік ойыншы, Әйгерім Ахонова үздік шабуылдаушы, Инабат Кайырболатқызы үздік байланыстырушы боп танылды.

Раушан БАҚЫТОВА

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ