29.07.2021, 12:13
Қараулар: 61
МАРАФОНШЫЛАР ТАРИХИ МЕКЕНДЕ

МАРАФОНШЫЛАР ТАРИХИ МЕКЕНДЕ

Бөкей хандығының 220 жылдығы,  ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына  орай Хан ордасы ауылында қалалық  «Uralsk Runners» клубының ұйымдастыруымен және  аудан әкімдігінің тікелей қолдауымен  жүгіруден марафон өтті.

Марафонның ұйымдастырушысы «Uralsk Runners» клубы туралы не білеміз? Марафоншылар клубы 2018 жылы құрылып, сол жылы қала бойынша ең алғашқы жартылай марафонды ұйымдастырады. Кейін екі жыл қатарынан, яғни  2019 және 2020 жылдары да  ауқымды марафон өткізуге мұрындық болды. 2019 жылы аталмыш клуб Орал қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында жүгіру жолағын төсеу үшін арнайы краудфандигті жобаға бастамашы боп, тамаша нәтижеге қол жеткізеді. Биыл (беговая дорожка) жүгіру жолағының құрылысы аяқталып, желаяқтардың,  скандинавиялық жүріс, жаяу демалуды қалайтын қала тұрғындарының сүйікті орнына айналып үлгерді. Клуб ұжымының басты ұраны «Орал – мықты адамдардың қаласы». Салауатты өмір салтын дәріптейтін клубтың бастамасымен марафоншылар бұл жолы тұңғыштар мекеніне еліміздің әр қиырындағы желаяқтарды жинады.

Хан ордасына ат басын тіреген марафоншыларға  аудан әкімі Нұрлыбек Даумов сәттілік тілеп, бұқаралық спортты  насихаттаудың маңыздылығын айтып, жергілікті мекеннің тарихынан сыр шертті.

«Жасқұс» қонақүйінің  маңынан  бастау  алған марафонға 80-ге жуық жүгіруші  қатысып, сегіз шақырымдық жолды түрлі көрсеткіштер бойынша еңсеріп өтті. Бұл спорттық шараға  жүгіруге тұрақты қатысып жүрген клуб мүшелері ғана емес, әр ауданның үлкенді-кішілі желаяқтарымен қатар Байқоңыр, Ақтау, Атырау, т.б. қалалардан арнайы келген жүгірушілер де қатысты. Ең жас марафоншы 13 жастағы сайқындық Нұртілек Машан болса, ең үлкені ақсайлық 58 жастағы Ақалқа Баймұқанова.  Осы орайда Нұртілектің өзін де сөзге тартып көргенбіз.

  • Марафонға әкем екеуміз бірге қатыстық. Мені жүгіруге дайындап, үлкен дайындықпен келдік.  Жүгірудің пайдасы зор,  тек жаттығудың техникасын дұрыс меңгеру керек, – деп өз әсерін жеткізе білді.

Марафонды ұйымдастырушылардың бірі Руслан Мұқанбетқалиевтің айтуынша аталмыш шараға халық тарапынан оң көзқарас қалыптасып келеді екен.

– Жүгіру марафондары шет елдерде өте кеңінен тараған. Жас талғамайтын еркін спорт түрі. Көпшілік «неліктен қала орталығынан ең жырақта орналасқан жерді таңдадыңыздар?» деп сұрайды. Бөкей ордасы – 220 жылдық тарихы бар бірегей аудан. Ең алғашқы мектеп, аурухана секілді маңызды нысандардың негізі осы жерде қаланған. Бұл баршамыз үшін ортақ тарих деп білемін. Сондықтан осындай атаулы датаны назарсыз қалдырмайық деген ниетпен арнайы өткізуге бел будық,–дейді ол.

Елдегі эпидахуалға баланысты санитариялық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілген марафон қатысушыларға үлкен серпіліс берді. Мұны шараны ұйымдастырушылардың өздері де айтып отыр.

  • Пандемия деп осымен екі жыл болды, көп нәрсені шектеп, көп шараны кейінге қалдырып келдік. Ендігі де осы жағдайды қабылдап, тірлігімізді жалғастыра беруіміз керек шығар. Марафонға қатысушылар осы басқосудың өзін бір ғанибетке теңеп отыр. Алысы Байқоңыр, берісі Ақтау, Атыраудан келген марафоншылар мүдделестерімен кездескеніне, ел көріп, жер танығанына риза. Біздің бастамамызға қолдау білдірген аудан әкімдігінен бастап, қонақжайлылық танытқан ордалық ағайынға айтарымыз алғыс қана, – дейді Руслан Мұқанбетқалиев.

Сонымен сегіз шақырымды  оңайлықпен еңсеріп, бірінші орынды  Жарас Айтуаров талассыз иеленді. Екінші боп мәре сызығын кескен ордалық Сұлтанбек Өтепов бұрын-соңды спорттық  жарыстарға мүлдем қатыспапты. Алайда,  аталмыш марафонға ерекше қызығушылық танытқан соң бағын сынап көруге бел шешіпті. «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі Еркін Жабасов сексенге жуық жүгірушінің ішінен оқ бойы оза шауып, жүлдегерлердің қатарынан көрінген жерлес інісіне ат мінгізіп, жомарттық танытқаны да ел мерейін көтергенін айта кетелік. Үшінші орынға  Баубек Ильясов табан тіреді.

Әйелдер арасында Январцево ауылынан ат арытып жеткен қос ару да жүлделі орыннан көрінді. Жас  спортшы Наталья Панова үздік атанса, жерлесі Виктория Глотова екінші, атыраулық Амина Зинорова  үшінші орынды жеңіп алды.

Жеңіс тұғырынан көрінген марафоншылар ақшалай және  естелік сыйлықтармен марапатталды.

Арайлым ФАРИТ