1.07.2021, 16:42
Қараулар: 101
ӨТІНІШТЕР НАЗАРСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

ӨТІНІШТЕР НАЗАРСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Аудан халқының мұң-мұқтажын, пікір-тілектерін білмек ниетпен ұйымдастырылған билік өкілдерінің  жергілікті жұртшылықпен кездесуі өз жалғасын тапты.

Сейсенбі күні Жәрмеңкеде өткен жүздесуде аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева:

–«Nur Otan» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында жеті бағыт бойынша 88 іс-шараны жоспарлаған болатын. Олардың барлығы да тұрғындардың тұрмысын жақсартып, сұраныстарын қанағаттандыру үшін қолға алынуда. Солардың негізгісі жылдар бойы жыр болған жолды асфальттау. Басшыларымен тілдестік, ауа-райы жаңбырлы болып, жұмыс кешеуілдегенімен олар жайлап жұмыстарын бастап жатыр. Тағы бір күрделі мәселе ол – Мұратсай көліне су күйғызу, сол арқылы арнамызды суландырып, мүмкіндігінше суармалы егін не бақша ісін жандандыру және былтырдан бері бас ауру болған киіктерге резерват салу ісін жылдамдату болып отыр. Осы бағыттарда тиісті органдарға депутаттық сауал жолдап, елдік мәселелерді  жеткізудеміз, – деді.

Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова:

  • Шабындыққа шалғы түсетін уақыт таяп қалды. Араңызда бұл істі бастап кеткендер де болар. Тек осы ретте өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтасаңыздар. Әсіресе, техникаларыңызды тиісті тексеруден өткізгендеріңіз абзал. Олай болмаған жағдайда техника иесіне қомақты айыппұл салынады. Әрі тексерілмеген техникада ақау болса, ол далалық өрттің шығуына себепкер болуы мүмкін. Ал ол өз кезегінде қыруар шығынға әкеледі. Яғни, өздеріңізді нәпақадан, малдарыңызда азықтан айырасыздар,–деді.

Аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкерлер палатасының басшысы Бибігүл Жұмағұлова күнелтісін  мал шаруашылығынан айырып отырған ағайынды АӨК-ге, яғни ауылшаруашылық өндірістік кооперативке бірігуге шақырды. Бірігу нәтижесінде берілетін субсидия, түрлі жеңілдіктерге тоқталды.

Сонымен қатар осы жиынды мерзімді  баспасөзге жазылу жайы айтылып, әлемде анықталған, дәл бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда тіркелген коронавирустың индиялық штаммы туралы кеңінен ақпарат беріліп, оның алды алу үшін екпе алуға үндеді.

Жәрмеңкеліктер жауын-шашыннан кейін шоқалшақ болған жолдарға, ұялы байланыстың нашарлығына реніштерін білдірді.

  • Жазда «үф» еткен желге, қыста сымға тұрған қырауға бола жарық «жылп» етіп сөніп қалады. Жарықтың өзі болса көнеміз ғой. Сол жарықпен үйге ауыз су, қыста жылу таратылатынын ескерсек, біз жөндеу жұмыстары аяқталғанша тамшы суға зар боламыз, үйіміз де уақыт өткен сайын суып кетіп жатады. Осы электр желілерін жөндеуге болмай ма? – деген ауылнайы Ораз Мұқановтың өтініші де назарсыз қалмайды деді аудандық мәслихат хатшысы.

Шара соңында қоғамдық қабылдау өтті.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ