29.07.2021, 11:57
Қараулар: 63
ХАЛЫҚ АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАҒАННАН НЕ ҰТАДЫ?

ХАЛЫҚ АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАҒАННАН НЕ ҰТАДЫ?

Ел басқару ісі қай заманда да, қай қоғамда да оңай болған емес. Кеше де, бүгін де, ертең де солай. Атам қазақтағы: «Әкім бол, халқыңа жақын бол», «Ұлық болсаң, кішік бол» деп келетін қанатты сөздер жайдан-жай айтыла салмаған. Өз халқының жүрегінен мәңгілік орын тепкен Мақаштай әкімдердің (Халық құрметтеп Мақаш деп атаған Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетов, 1830-1904, Бөкей ордасы — белгілі қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым, елу жылдай ел басқарған) санаулы екені — осының анық дәлелі. Даңқты жерлесіміз Қадыр Мырза-Әлі өзінің сұқбатында әкімді мақтаған жанды халқымыздың онша ұната қоймайтынын айтқаны бар. Шыныменен ұлы шайырдың неге бұлай толғанып, тереңнен сыр суыртпақтағаны ерекше назар аударарлық. Қазақ қоғамындағы қараша халықтың «бек-мырзалар» мен «би-шораларға» соншалықты қырын қарауының сыры неде? Неліктен билік пен бұқара үнемі баррикаданың екі жағында? «Бөліп ал да билей бер» деп, қоғамды жік-жік қылып, тарихымызды таптық тұрғыдан түсіндірген бодау заман әлдеқашан артта қалды емес пе?! Әйтсе де бұл мәселе — сан қырынан саралап, әлі де талдап-тарқатуды қажет ететін өзекті тақырып. Соның негізгілерінің бірі — соңғы ғасырларда қазақтың өз билігінің өз қолында болмауы. Уақытында Хакім Абай мұны жеріне жеткізе жазып кеткен-ді. Сөйтіп жергілікті атқарушы билік патшалы Ресей тұсында Петербор сарайының, кеңес кезеңінде Кремльдің озбыр отаршылдық саясатын жүргізуге мәжбүр болды. Туып-өскен халқының талап-тілегінен бұрын империяның ұлы державалық өктемдігін алдыңғы орынға шығарған әділетсіз билікті қалың бұқараның құрметтеп, мадақтауы мүмкін бе?! Тақырып осы мәселеге ойысқанда ата қазақтың «Елге бай құт емес, би құт» деген нақылы ойға оралады. Бүгінгі өмірмен байланыстыра сараласақ, қазіргі байларымыз — кәсіпкерлер, қаржы алпауыттары, ірі меншік иелері, ал билеріміз — ел тізгінін ұстаған ел ұстарлары, нақтырақ айтсақ әр түрлі деңгейдегі әкім-қаралар мен шенді-шекпенділер. Дәстүрлі қазақ қоғамында билердің халық арасындағы ықпалы мен беделі қалай болды деген мәселеге байланысты Халел Досмұхамедұлының «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты терең мағыналы еңбегінен мынадай қызық ойды кездестіреміз: «Қазақ халқы көшпелі салтта ақсақал дәуірінде болды. Қара бұқараның билігі ру бастықтары билердің қолында болды. Руды билеген билердің өз руынан басқа айрықша тілегі болмады. Қара шаруа мал бағуға лайық шарттар тіледі. Қоныс жайлы болса, ел бейбітшілік болса, малға, адамға түсетін салық аз болса, талас шыққанда әділ билік айтатын ақсақалдары болса, қара халықтың көңілі тыныш болды. Ел билеген ақсақалдар да елдің тілегін тілеп, елдің жоқшысы болды. Ақсақал болу, би болудың өзі елдің сайлауынан болғандықтан, бұлар елден бөлініп кете алмайтын еді». Келтірілген осы үзіндіде отарлау дәуіріне дейінгі дәстүрлі қазақ қоғамындағы саяси билік жүйесінің төменгі әкімшілік буынының жәйі өте дәл баяндалған. Өкінішке қарай бодандық дәуір бұл жүйенің быт-шытын шығарды. Хандық билік һәм дәстүрлі билер институтының жойылуымен бірге қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық-демократиялық жөн-жоралғылар да құрдымга кетті. Қазақ халқы бұған жанталаса қарсыласып, ұлт-азаттық күрес жүргізді. Артындағы қалың қарашасының мүддесін қорғаған талай рубасылар һәм би-батырларымыз ат үстінде шәйіт кетті, дарға асылды, итжеккенге айдалды. Түрмеге тоғытылды. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің пайымдауынша, «Ендігі уақытта би мен билік әкімшілікке толық тәуелді буынға айналды, бидің сөзі мен шешімі бұрынғы бедел, қуатынан айырылды, бұрынғы бидің әділ билігі мен салмақты сөзінің орнын пара мен парықсыздық басты». Қазақ мемлекеттілігі тарихын тереңнен қаузаған Әбіш Кекілбаевтың ой-толғамына иек артсақ: «Отарлық кезеңде патшалы Ресей әуелі аталастыққа қарап ауыл, болыс, уезд құрып, жүзіне қарап әр қайсысын әр губернияға бағындырса, Кеңес үкіметі тап сол қағиданы басшылыққа ала отырып, колхоз, совхоз, аудан, облыс құрған, кадр іріктеген. Қазақ екеуінің тұсында да «бір-біріне көз алартудан», «бір-біріне айдап салушылықтан» арыла алмады». Патша заманында Абай Құнанбайұлының — Күлембайға (1889 ж.) арнаған: «Болыс болдым, мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта жал, Қалмады елге тығындап…»,- деп басталатын жыр жолдары сол заманның көрінісін көз алдыңа әкеледі. Зерттеуші-ғалым Мекемтас Мырзахметовтің дерегінше, қазақтың арасында парақорлықтың дендей енген тұсы — осы Абайдың заманы. Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Партия қуған өңкей қырт, Жазылмайтын ол қылқұрт. Мен тартам ел қайғысын Әкімі — залым, биі — әңгүрт» деп күйзелуі жоғарыдағы Абай өлеңін толықтыра түседі. Қазақ даласындағы ауылнай, болыс сайлауларын көріп-біліп отырған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов та өз заманында Қазақ даласына әділ Англия билігін өнеге қылған еді. «Таласпен болған биде не қасиет, не әділдік болады»,-деп налыған еді. Осы көтерілген мәселені егжей-тегжейлі саралап, оған тереңірек үңілсек әлі де Абай айтқан шындықтан көп ұзап кетпегеніміз байқалады. Оған негіз әлі күнге дейін билік сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізіп жатыр. Ащы да болса ақиқат — қоғамды жегі құрттай жайлаған жемқорлық бұқараның ресми билікке деген сеніміне селкеу түсіріп отыр. Мұның ел болашағына аса зор қауіп екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевта, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта әртүрлі келелі жиындарда бірнеше мәрте қаққан қазықтай қып қадап айтты. Қалай десек те бүгінгі біз қозғап отырған мәселе — тәуелсіздік тұсында басқа саяси бешпент оранған күйінде қайта жаңғырды. Осы ретте белгілі журналист, бүгінде сенатор Нұртөре Жүсіптің сәл бұрынырақта жазған, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовті әлі тірі деп есептейтін әкімдердің ішінара кездесетіндігі туралы дәйегі езуіңе еріксіз күлкі үйіреді. Осындай «билікшілер» қайдан шықты деген сауалды бүгінде сарапшылар сан қырынан саралауда. Біріншілері, саяси жүйені модернизациялаудың уақыты келді десе, екіншілері, еліміздегі капиталдың алғашқы қорлануы заңсыз жүріп, «дүмшелердің» билікке жаппай жайғасқанынан, ал, үшіншілері, мұның бәрін қазақ халқының саяси белсенділігінің төмендігі, яки, ұлтымыздың саяси мәдениетінің қалыптаспағандығымен байланыстырады. Қалай болғанда да қазіргі ел билігі «халық сайламай, әкім оңбайды» деген тоқтамға келіп, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жаңа саяси тәжірибеге жүгінгелі отыр. Керісінше, бұл саяси науқан барысында жергілікті жерлерде әр ру немесе әр топ «өз баласын» билікке сүйреп әкеліп, баяғы болыс сайлауындай екі жаққа дай-дай боп бөлініп кетпесе екен деген алаңдаушылық та жоқ емес. Тағы бір назар аударарлық маңызды нәрсеге тоқталайық. Біздіңше, ширек ғасырдан астам уақыттан бергі ауылдағы қордаланған барлық әлеуметтік мәселе — ауыл әкімінің халықшыл, мемлекетшіл, елшіл ниетінің қарымтасы ретінде бірден шешіле салмасы анық. Ендігі жерде округ әкімдері бұрынғыдай аудан басшысы мен аудандық мәслихатқа тікелей тәуелді емес, өзін сайлаған халыққа ғана есеп беретін өкілет иесі болғанымен, оның «көсілетін көрпесі» қысқалау емес пе? Ауыл әкімінің сол жердегі тұрғылықты әлеуметтің әлеуетін дүр сілкіндіретіндей пәрмені бар ма? «Түбі тесік» жергілікті бюджеттің жай-күйі онсызда белгілі емес пе?! Қазіргі ауыл әкімдері кешегі Кеңестер одағы тұсында «жарты құдай» болған совхоз директорларының ширегіне де келмей қалғанын кімнен жасырамыз?! Соның кішкене бір дәлелі — қазіргі ауыл әкімдері алатын мардымсыз жалақы. Демек халық сайлаған ауыл әкімдерінің «бақытын баянды ету» үшін үкімет жергілікті төртінші деңгейдегі бюджет мәселесін дер кезінде шешуі керек. Әйтпесе бұл да осыған дейін ауыл һәм аудан әкімдеріне байланысты талай жүзеге асырылған көптеген эксперименттердің бірі болып қала берері хақ. Ауыл әкімдерін сайлау тетігін қалыптастырғаннан кейін, тап осы жолмен аудан, облыс басшыларының сайланатындығы туралы да айтылды. Сондықтан бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайтындығы белгілі. Мәселен, саяси сарапшылар бүгінде еліміз бойынша кадр тапшылығы сезілетінін, ел басқару ісінде әбден ысылып, халықтың сый-құрметіне бөленген бірегей басшылардың саусақпен санарлық екенін алға тартады. Осы ретпен келген кезде кешегі совет кезеңінде кадр тәрбиелеудің, оны саты-сатымен өсірудің өзіндік озық үлгісі болғанын ұмытпауға тиіспіз. Кезінде кеңестік номенклатураның әп-әсем мектебі қалыптасқаны белгілі. Сол бір сабақтастық кейін үзіліп қалғандай болады да тұрады. Қоғам һәм халық толық танып үлгермеген, тіпті жұрттың көпшілігі біле бермейтін, яки, мемлекеттік қызметте өзін жарқыратып көрсете алмаған кейбір билікшілер «жер астынан шыққандай» дардай лауазымдарға жайғасып жататынын күнделікті өмірден байқап қаламыз. Сондықтан еліміз бойынша алғаш жүзеге асып жатқан бұл қадам — алғыр, іскер, жаңашыл жергілікті әкімдердің қалыптасуына оң ықпал етіп, кадр саясатына тың серпін береді деген үміттеміз. Әрине, бұл кең көлемді, жан-жақты зерделеуді қажет ететін, өзінің тұңғиығына тарта беретін күрделі тақырып. Сондықтан біз аттың басын осы жерден тартқанды жөн көрдік.

 P.S. Мұстафа Кемал Ататүріктің: «Ұлтқа қожалық жасауға болмайды, оған тек қызмет ету керек» деген аталы сөзін ұстанатын жаңа буын әкімдердің ерекше шоғырын, қуатты тобын қалыптастыру күн тәртібіндегі кезек күттірмес міндеттердің бірі. Батыстық классикалық демократияны былай қойғанда, дала демократиясы — ғасырлар бойы қазақтың қанына сіңген құбылыс.

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

облыстық мәслихатының депутаты.

 Орал қаласы