17.06.2021, 18:01
Қараулар: 117
ЕКПЕ ЕКПІН АЛМАЙ ТҰР

ЕКПЕ ЕКПІН АЛМАЙ ТҰР

Бұл туралы апталық бас қосуда ауданның бас дәрігері Анарбек Белисанов айтты. Оның мәлімдеуінше, аудан халқы бізбен тең келетін, өзі де біздің аудан сынды шекара шебінде тұрған Жәнібек ауданында екпе алушылар қатары бізден екі еседен артық. Сонда бөкейліктерді екпеден алуын тежеп тұрған не екен? Осы сауалға  жауапты біз алдымен тұрғындардан іздедік.

ТҰРҒЫНДАР ПАЙЫМЫ

Олардың жауабы әр қилы болды. Мәселен, жастар жағы «Аламыз ғой. Жалпы қарсы емеспін, негізі екпе алғандардың бірқатары ауырмапты ғой. Егер екпе алмасаң, екі апта сайын  ақылы түрде ПТР тест тапсыру талап етеді екен. Әр сапар сайын қосымша шығынға тап болмас үшін тегін екпені алған да дұрыс емес пе?» деп ақыл қосуды сұрады. Енді бірі екпе салдырту түрлі демалыс орындарына кедергісіз кіру үшін қажет деп түсіндірді. Сауық-сайранды жаны қалап отыратын жастар үшін «Ashyq» платформасының жаппай енгізілуі екпе алуға түрткі болып жатқаны рас. Ол платформа ұялы телефонға жүктелген қосымша көмегімен телефон иесінің Covid-19 дертіне шалдығып-шалдықпағанын, оған қарсы екпені алған-алмағанын анық көрсетеді. Жалпы бұл платформа екпенің қай түрі енгізілгенін де нақтылап береді екен. Сонымен қатар екпе алғандар тексерушіге егілуші төлқұжатын да ұсына алады.

–Егілуші паспорты деген құжат порталымызға жақында ғана енгізілді. Оны тұрғындар ұялы телефон арқылы eGov порталынан өзі жүктей алады. Немесе халыққа қызмет көрсету орталығы қызметіне жүгініп, мамандар көмегімен ала алады. Жалпы әлемге таралған Covid-19 індетіне қарсы егілу науқаны басталғалы бұл төлқұжатты өзге де жеке құжат ретінде рәсімдеп, жанқалтаға салып жүруді жөн санаған бірқатар бөкейлік бар. Қалта телефонына жүгініп, керекті қызметті өздері алғандарды есептемегенде, 50-ден астам бөкейлік егілу төлқұжатын орталығымыздан рәсімдеп, алып кетті,-дейді аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Мейрам Ағисов.

Үлкендер арасында екпе алуға деген пікір мүлдем басқа десем болады. «Оның маған не үшін керегі бар? Жасым болса біразға келді, жасарып келе жатырғаным жоқ. Бір күні ауру, бір күні сау боп жүргенімде ағзама әлденені салдыртып, сырқаттанғаннан гөрі, Аллам берген жасты жасап, қалған өмірімді тыныш өткізбеймін бе?» дейді зейнеткер Баян Халиуллина. Арасында «Шипажайға баратын едім. Сондықтан алуыма тура кеп тұр. Себебі онда да ПТР тексеріс қажет екен. Ол тест анықтамасы бар болғаны үш күнге жарамды. Діттеген жеріме көлікпен, теміржолмен жетіп жығылғанша әлгі анықтаманың жарамдылық уақыты асып кетуі де ғажап емес. Сонда мен қайыра тапсыруыма мәжбүр боламын. Оған тағы да қаражат қалтамнан төлеуге тура келеді. Осылайша әр құжаттың жарамдылығына алаңдап жүрмес үшін екпе алғаным жөн деп ойлап жүрмін» Десе де, бәрі бірдей екпеден бас тартып, не әлі де толғану үстінде деуге болмас. Қазірдің өзінде  өз еріктерімен екпе алғандары жетерлік.

  • Мен екпені алдыңғы қатарда алғандардың бірімін. Өйткені алдағы уақытта Ресейде тұратын сіңлілерімен қатынап тұрмақпын. Шекара асу үшін ПТР сынамасын тапсыру сұралады. Ал ол ақылы. Туғаныммен байланыс үзілмесін деп «Спутник -V» екпеcін алып алдым. Шүкір, қазір жағдайым жақсы. Жалпы менде екпеден соң дене қызуы көтерілмеді. Тек екпенің алғашқы компонентін алғанда әлсіздік  болды. Екіншісінде 2-3 күн бойы еккен орны ісіп тұрды. Уақыт өте бәрі де реттелді. Енді екпе туралы көршілес Ресейде туыстары бар таныстарыма да айтып жүрмін,-дейді Жұмазия Сәрсенғалиева.

Орта жастағылардың екпеге көзқарасы да екіге жарылуда. Қызмет жасайтындардың дені «Саналы азамат, тек өзімді ғана емес, өзгені де, жақын туыстарымды аурудан сақтау үшін өзім де айналамдағы адамдар үшін залалсыз болуым керек. Сондықтан екпе алдым» деген пікірін білдірсе,  қазақы жайбасарлыққа салынып, әліптің артын бағып жүргендері де бар.

  • Жұбайым Гүлжанат екеуіміз екпені Мәдениет үйі алдындағы жылдымалы медициналық кешеннен егілдік. Ешқандай теріс көрсеткішті сезінбедік. Жақында екінші компонентін алмақпыз. Оған шақырту ұялы телефонға хабарлама түрінде келеді деп ескертілді маған,-деді аудандық демалыс орталығының қызметкері Ермек Жәрдемов.

«Екпе алып, өлімімді жақындатпай-ақ қояйын», «Чип енгізіп, біреудің бақылауында болғанның несі жақсы?», «Сол екпелердің теріс ықпалы көп дейді. Ұмытшақтық пайда болады екен, бара-бара басқа аурулар да қосылуы мүмкін ғой» деп күмән келтіріп отырғандар да аз емес.

Қанша адам болса, сонша пікір болуы заңдылық. Десе де мамандар бұл жағдайда не дейді?

 

МІНДЕТ – ҰЖЫМДЫҚ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Аудандық аурухананың бас дәрігері Анарбек Белисанов:

– Ақпараттық кеңестіктің қолжетімді болуы адамдарды әр нәрседен күмәндануды үйретуде деп есептеймін. Ғаламтордан жылт еткен жаман жаңалыққа тұрғындарымыз иланып жатады. Ол ақпардың шынайылығына байыпты көзқарас танытпайды. Кейде қисынсыз нәрсеге сеніп қалады. Мәселен, сол чипқа келсек, иненің ұшымен егілетін сұйықтықпен чипты қалай енгізуге болады деп олар мүлдем ойламайды. Тіпті баламен жұмыс істейтін, оқыған-тоқығаны бар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың өзі кей алып-қашпа әңгімелерге ілесіп жүргені рас. Бүгінде жалған ақпарды фейк дейміз. Міне, осы фейктің салдарынан ба, әлде насихаттың аздығынан ба бізде екпе алу  өзге аудандармен салыстырғанда қарқын алмай келеді. Десе де Еуропа елдеріндегі екпеге деген көзқарас көп ұзамай бізде де қалыптасады деп ойлаймын. Өйткені бұл дертті жеңудің бірден бір жолы ол екпе алу екендігін қайталап айтамын.

Бүгінде Covid-19 індетіне қарсы бірнеше вакцина түрі ұсынылуда. Солардың қайсысын алуға кеңес берер едіңіз деген сауалымызды да қойдық.

– Осы күнге дейін ауданымызда екі түрлі вакцина егілді. Солардан байқағаным, «Спутник» екпесінің салдары айқын сезіледі. Оны бізде негізінен дені сау азаматтар алды. Ал «Hayаt-Vaх»-тың екпеден кейінгі көрсеткіші жеңілдеу келеді. Сол себептен мұны диспансерлік топтағы азаматтарға ұсынылғаны дұрыс. Отандық «QazCovid-in» екпесі бізге енді жеткізілді. Оның көрсеткіші уақыт өте белгілі болады.

«Кей екпелер шетелге асуға жарамсыз келеді екен. Қайсысы қайда жарамды?» деген сауалымызға аудамыздың бас дәрігері жауап бере алмады. «Біздің міндет екпені егіп, ауданда ұжымдық иммунитет қалыптастыру»,-деп қысқа қайырды.

 

ЕКПЕ НЕСІМЕН ТИІМДІ?

–Коронавирус ауруына қарсы екпе кәмелеттік жасқа толғандардан бастап барлығына егілуге болады. Онда жас шектелмейді. Екпені «Д» тізіміндегілерге, яғни, саулығындағы түрлі дерттерімен диспансерлік есепке алынғандардың бірқатарына алуға кеңес береміз. Тек ауыр онкологиялық ауруларға, екпе компоненттеріне аллергиясы бар азаматтарға, жүкті және емізулі сәбиі бар әйелдерге, ауыр түрдегі демікпесі бар тұрғындарға екпе алуға болмайтынын ұмытпау керек. Екпе алдың екен, енді мүлдем ауырмайсың деген сөз емес. Сақтанбасаң, ауырасың. Алайда екпе науқастың өкпе желдеткішіне тәуелді болмауына себепкер болады. Екпе өз нәтижесін беруі үшін тұрғындарымыздың 70-тен астам пайызы оны алуы қажет. Сонда ауданымызда ұжымдық иммунитет қалыптасып, бір-екі жұқтырған азаматтардың ауруы ары қарай тарамайды. Аурудың ошағы өздігімен жойылады. Міне, осындай нәтижеге жету үшін көпшілігіміз екпе алуға бетбұруымыз қажет. Ауданымызда 15 мыңнан астам тұрғын болса, екпеге жатпайтын контингентті алып тастағанда,  шамамен 6500-дей бөкейлік екпе алуы шарт екен. Қазірде ауданда екпе алғандар саны осы көрсеткіштің 20%-дайын ғана құрап отыр. Санмен айтсақ, қазір 1685 тұрғын екпе алды,-дейді аудандық аурухананың дәрігер-эпидемиологы Әсел Бектұрсынова.

Мамандардың айтуынша, екпе алушылар үшін барлық жағдай жасалған. Аудан орталығы Сайқын ауылында ауруханада және мәдениет үйі жанында орналасқан медициналық кешенде екпе енгізілуде. Ал ауылдық округ орталықтарында бұл қызмет медициналық мекемелерде жүргізілуде. Келген екпені округтерге аптасына 10 данадан таратады екен. Сұранысқа болып жатса, қосымша екпені жеткізу жайы да қарастырылған. Жалпы бүгінгі таңда аудан тұрғындары үшін елімізде ұсынылған барлық вакцинаны таңдауға мүмкіндік бар. Осы аптаның басында 10 дана «QazCovid-in», 200 «Hayаt-Vaх» және 300 адамға арналған «Cпутник-V» вакцинасы әкелінген. Өткен екі күнде 40-тан астам азамат вакцинаның алғашқы компонентін егілген.

–Екпенің тиімділігін арттыру үшін жоспар жасақталған-ды. Аудан халқының санына қарай күніне 50 деген адамды егу көзделген. Алайда, егілушілер көрсеткіші күніне 20-30 адамды құрап отыр.  Көріп отырғаныңыздай бұл үдерістен шыға алмай отырмыз,–деді эпидемиолог маман.

–Бас санитар дәрігер Қиясовтың соңғы қаулысына сай екпенің екі компонентін де алған азаматтар Covid-19 індетіне шалдыққандармен қарым-қатынаста болса да, ол шектеуге алынбайды. Қызметін жалғастыра береді. Жаппай екпе алынса, ауру қарқыны басылып, біртіндеп шектеулер алынар еді. Халық та қалыпты жағдайда өмір сүрер еді ,–дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Светлана Рамазанова.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Көпшілікпен тілдесе келе, бөкейліктерді екпеден алшақтатқан қорқыныш сезімі екенін ұғындық. Бірі аты бөлек, заты бөлек екпені ағзаға енгізуден тартынса, бірі егде тартқан анасын ойлап, еңбектеп жүрген баласын уайымдап, екпені алып жатыр. Әрине, әркімнің екпені алу-алмау өз еркі. Тек… Тек қызмет ететін азаматтар екпе алмаған болса, жұмысын қалыпты жалғастыруы үшін екі апта сайын 8530 теңге тұратын ПТР тестісін тапсыруы тиіс екендігін естен шығармасын. Медальдың екі жағы болатындай, мұнда да екі түрлі ой туындайды. Бірі – осылайша мемлекет қызмет ететіндерге қысым жасап жатыр деген ой болса, екіншісі – дені сау азаматтардың уайымсыз қызмет етуі үшін қолға алынып жатырған алдын алу шарасы деген. Қай жақты таңдасаңыз да өз еріктеріңіз, құрметті оқырман. Тек… Тек өзініңдің және өзгенің саулығына қауіп төндірмеу керек екенін ұмытпағайсыз.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ