22.09.2015, 16:56
Қараулар: 705
Аллаһтың құлы, адамның ұлы болған қалпе

Аллаһтың құлы, адамның ұлы болған қалпе

Атақты Нарын даласының батыс бөлігін тұтасқа дерлік алып жатқан Азғыр өңірінде де кейінгі ұрпаққа толық жеткізілмей жатқан, бірте-бірте ел есінен ұмыт болар қаупі байқалатын асыл перзенттер табылады. Солардың бірі – алыстағы қазақ ауылында алғашқы мектеп ашып, балаларды оқу-ілімге жетелеген зерделі ұстаз, парасаты жоғары ағартушы, көзі тірісінде қасиетті қалпе, бақиға барған соң аруақты әулие болып танылған Айтбаев Бекмұхамбет қалпе. Тарихтың тұңғиығында жылдар бойына ауызға ілікпей жатуына да себеп сол «қалпе» деген атағы болатын. Діни ұғымда аталатын сөздер болса шошына қарайтын заманда «қалпені» құбыжық санағанымыз, кейде қауіпті деп есептегеніміз ел есінде қалып отырғаны ақиқат. 1985 жылы Бекмұхамбет Айтбаевтың зираты басына кейінгі ұрпақ-туыстары силикат тастан күмбездеп шағын кесене тұрғызғанда, «халықты қанаған қауіпті қалпені дәріптеп, әулие танып жатыр» деп ауылдық жердің еденге жата қап жазатын арызқойларының тура Мәскеуге бір хатты айдап жібергендері де бар. Сол арыз бойынша Азғыр даласына аттанған комиссия құрамында осы мақала авторы да бірге жүрген. Бірақ ол сапарымызда олжалы оралдық…

Бекмұхамбет Айтбаевтың «қауіпті қалпе» емес, Азғыр даласының алғашқы ағартушысы екеніне көз жеткізгенбіз. Сол кезден бастап ұлағатты ұстаз жайында ізденуді мақсат тұтқанбыз. 1990 жылы Ресей жеріндегі Төменгі Басқұншақ қаласында тұратын Файыз Хамзаұлы Айтбаевпен ұзақ әңгімелесіп, соның нәтижесінде «Асылдың сынығы» деген мақаламды жазғанмын. Ол кезінде аудандық, облыстық газеттерде жарияланған. Бекмұхамбет қалпенің немересі Файыз ақсақалдың суреті басылған.

Енді ағартушы әрі әулие Бекмұхамбет баба туралы кеңірек таныстырайын. Айтбаев Бекмұхамбет 1845 жылы (Абайдың құрдасы) Сүйіндік ауылында дүниеге келген. Руы – Есенғұл Беріш. Сүйіндіктен сексен шақырым жердегі Хан Ордасындағы Жәңгір аштырған мектепте оқыған. Одан кейін Уфа, Қазан қаласы сияқты қалалардағы медреселерден білім алғанға ұқсайды. Бізге «естіген құлақтардың» жеткізуі солай. Бекмұхамбеттің өзіне тән құжаттары қазірде ешкімнің қолында жоқ.

Оның сырын сәл кейін айтармыз. Тегінде Айтбаев Бекмұхамбет Түркияда, оның Стамбулында оқыған тәрізді. Араб елін аралап, Меккеде болып, «қалпе» атанып келген көрінеді.

Туған ауылына келген соң Бекмұхамбет халықты сауаттандыруға, білім беруге көп жұмыстанады. Ол кезде Бөкей хандығы таратылып, оның орнына Ресей патшасының әкімшілігіне бағынатын Уақытша Кеңес болғаны тарихтан белгілі. Негізінде ол кеңес Астрахань қаласының генерал-губернаторының құзырлығына бағынатын болған. Сондықтан Бекмұхамбет ұстаз туған ауылында мектеп ашу қызметіне білек түре кірісіп жүріп, Астраханның әкімшіліктерінде талай мәрте болған, кейін Сүйіндікке генерал-губернатордың өзі де келген. Ақыры 1871 жылы Нарын даласы тұрғындарының балаларын сауаттандыратын алғашқы мектеп-мешіт есік ашады.

Біздің қолымызда ұлағатты ұстаздың шәкірттерінің бірі, кейін көп жыл ел басқару қызметінде жүріп, жасы ұлғайғанда мұғалім болған, Сайқын стансасында тұрған Ермұханбетұлы Сапар ақсақалдың 1983 жылы жазып берген естелігі сақталуда. Онда мынадай жолдар бар: «Бекмұхамбет Айтбайұлы – кезінде арабша көп оқыған адам. Оның қайда, қашан, қандай оқу тәмамдағанын білмеймін, бала кезімізде оған зердеміз жетпесе керек. Әйтеуір, ауылға «қалпе» атанып келді. Ондай атақ қазірше жоғары дәрежелі білім бар екенін дәлелдейді.

Бекмұхамбет туған ауылы Сүйіндікке келген соң мектеп-мешіт ашып, алыстағы тұрғындардың балаларын сауаттандыруға көп жұмыстанғанын көрдік, өзіміздің үлкендердің сүйсіне әңгімелеп отырғанына талай куә болғанбыз. Мектепте оқуға талаптанушы шәкірттер жылдан-жылға көбейіп отырды. Сондықтан мектеп-мешіттің жаңа құрылысын салдырды. Ол жеті-сегіз бөлмелі үлкен үй болатын. Бөлмелердің едені мен төбесі тақтайлы, терезелері үлкен, жарығы мол-тұғын. Мектеп-мешіттің қасында екі үлкен сарай (қойма есебінде) және шәкірттер тамақтанатын асхана салынған. Және шағын дүкен жұмыс жасады. Онда шәкірттерге қағаз, қалам, басқа да оқуға қажетті құралдар сатылатын. Мезгіл-мезгіл жеміс, мәмпәси сияқты балалардың тәуір көретін тағамдары да болып қалатын. Бекмұхамбет қалпенің зайыбы татар қызы Сәбира шешей үй ұстауға таза, аса ұқыпты адам-тұғын. Ол кісі есік, терезе перделерін, стол, орындық жабындыларын үнемі кіршіксіз таза ұстайтыны әлі есімде.

Мектеп-мешіттің өзіндік оқыту тәсілі, тәртібі болды. Оның үлкен дәріс бөлмесінде қабырғаға толтыра әр түрлі кітаптар жинаулы тұратын. Маңдайшасында қай күні қандай пәннен дәріс жүргізілетіні жазулы болатын. Ол кезде әр түрлі пәнді тұтас бір күнде оқытатын. Мәселен, араб тілін сенбі, орыс тілін жексенбі, діни сабақтарды дүйсенбі күндері оқитынбыз. Ал жұма күні жас та, жасамыс та мешітте намазға тартатынбыз. Бір күн тұтастай жазу күніне арналатын. Қауырсын қаламмен жол-жол етіп сызылған ақ қағазды қажет болып қалғанда мектеп іргесіндегі дүкеннен алатынбыз, сия, қарындаш табылып жататын. Мектеп-мешітте таза жазуға ерекше мән берілетін және қатесіз сауатты жазылуын талап ететін. Араб қаріптерінің бір бөлшегін қате түсірсең, сөздің оқылуы да, мағынасы да өзгеріп кетеді. Сондықтан әр таңбаны нақты, дұрыс салуға тырысатынбыз».

Бұдан кейін Сапар ақсақалдың естелігінде 1916 жылы Ресей патшасының қазақ даласынан майдандағы қара жұмысқа 19-49 жас аралығындағы азаматтарды алуына байланысты ел ішінде үлкен дүрбелең болып, мектеп жұмысы тоқтап қалғаны, ал, Қазан төңкерісінен кейін кеңес өкіметі тұсында белгісіз себептермен Бекмұхамбет мектебі жабылғаны айтылады.

Бірақ бұл мектеп-мешіт жұмыс жасаған жылдарында көптеген қазақ жастары ойдағыдай білім алуға үлкен мүмкіндік тапқан. Онда ғылымның әр саласынан хабардар ететін пәндерден сабақ жүйелі түрде жүргізілген, орыс тілі пәні де оқытылған. Ол жайында жоғарыда аталған Файыз ақсақал былай деген болатын: «Атамыз қазақ балаларына орыс тілін үйретпек болып Астрахань генерал-губернаторына өтініш жасады. Оның қай жылы екенін білмеймін. Мен 1914 жылы туғанмын. Мектеп-мешіт салынып, жұмыс жасағаны тым әріректе. Оқуды жазда ел жайлауға шыққанда, Саралжында үлкен салқыншақтың астында оқытады екен. Бір күні Астрахань әкімінің өзі ел аралап жүріп, Бекмұхамбет атамыздың ісін көзімен көреді. Артынша орыс тілі пәндерінен сабақ беретін Қарасаев Нығыметолла мен Усков Михаил дегендерді ұстаздық қызметке жібереді. Олар мұнда көп жылдар бойы бала оқытқанын көрген адамдар күні кешеге дейін болғанын білеміз».

Қалай дегенде де, Бекмұхамбеттің мектеп-мешітінен білім алған шәкірттері халқының қамын ойлайтын саналы азаматтар қатарына қосылған. Олардың ішінен Сапар ақсақалдың жазбаларында мынадай есімдер аталады: белгілі ақын, революционер, қазақтың тұңғыш атты әскерінде полк комиссары болған Бисен Жәнекешев, ағартушы, ақын өз дәуірінің көрнекті қаламгері, бірнеше кітаптардың авторы Ғұмар Қарашев, кезінде білікті азамат атанған, ел басқару ісіне араласқан, патшалы Ресейдің Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланған Мұстажапов Қасым, кеңес өкіметі жылдарында халыққа білім беру ісіне белсене араласқан, кейін «халық жауы» деген желеумен ақтаңдақтардың шарпуына ұшыраған Өтегенов Ысмағұл мен Қазиев Ғаділ, ауылдық кеңестердің басқару қызметтерін атқарған Сыралиев Оразбай мен Қыдырәлиев Қайырғали және басқа еліне еңбектерімен танылған отызға тарта азаматтардың есімдерін естелігіне жазып қалдырған екен. Сол Сапар ақсақалдың өзі де көп жыл кеңес, партия қызметтерінде жауапты жұмыстар атқарған, кейін ширек ғасырға жуық ұстаздық еткен. Айта берсек, Бекмұхамбет мектебінен тәлім алған, болашақ үлкен білім сахнасына қадам басқан тарланбоз азаматтардың көп болғанын білеміз. Егер қалпенің көп еңбектеніп ашқан сол мектеп-мешіті болмаса, жоғарыда аталғандар мен солардың қатарында басқа да болғандар ауылдан сауат ашып, білім алудың мүмкіндігін табар ма еді? Әрине, жоқ. Аралары жүздеген шақырымға созылып жатқан Азғыр өңірін қоныстанған қазақ ауылдарында басқалай білім алудың мүмкіндігі қайдан болсын? Бұл өңірде басқалай білім ошағы болмағанына тарих куә.

Ордадағы Жәңгір хан ашқан мектептен кейінгі бұл екінші оқу орны болған. Қалай десек те, Бекмұхамбет Айтбаевтың ағартушылық қызметі үлкен дәрежеде саналуға тиіс. Ол – өз халқының қатарға қосылып, өнер-білімнен тиесілі үлес алып, оңы мен солын танитын парасатты дәрежеге көтерілуіне ерекше еңбек жұмсаған жан. Тағы бір айта кетерлік жай: мектеп-мешіт жабылып қалғаннан кейін Бекмұхамбет қалпе Жаңақала жағына қоныс аударады. Мүмкін оған ел ішінде жүріп жатқан Азамат соғысының (ондай күрестер Азғыр даласында да болған) зардаптары әсер еткен шығар. Бірақ, ол тіршілік қалпеге үйлесімді бола қоймаған. Аяқ астынан дертке шалдыққан Бекмұхамбет 1920 жылы 75 жасында дүние салады. Оның денесін Жаңақаладан Сүйіндіктегі атакүлдік қонысына Бисен Жәнекешев бастаған бір топ азаматтар түйеге сүйреткен ағаштың үстіне салып әкеліп жерлейді. Халқына қызмет етіп, өз қаражатымен мектеп ашып, талай зиялы азаматтарды тәрбиелеп шығарған ағартушы Айтбаев өзіне байлық жинаған «мықтылардың» бірі болса, жүзден астам шақырым жерге «түйеге сүйретіліп келіп» бақиға бармас еді-ау.

Бізді қатты толғандырып жүрген бір ғажап сыр бар. Ол – мынау. Бекмұхамбет әулие (дұрысы солай атаған орынды) ел іші дүрбелең болып, мектеп-мешіт жабылған тұста барлық оқулықтары мен бағалы заттарын әркімнің қолында кетпесін деп төрт сандыққа жинап салдырып, сыртын ақ киізбен қаптатып, мектеп-мешіттің орнына көмдіріп тастаған. Оның ішінде «Құран» сияқты қасиетті кітаптар болған. Өзі Жаңақала жағына көшкенде, аласапыран заманда дуалы дүниелерді ашып-шашып тастамайын, қасиетті кітап, тарихи шежірелер көлденең көк аттының қолында кетпесін, таза, шипалы қалпында сақталып жата берсін деген шығар қасиетті қалпе. Мүмкін аяқ астынан бұзылған заманның қапелімде оңалмасын көріпкел әулие шамалаған да болар.

Оның ішінде елдің, туған жердің тарихынан көп мағлұматтар беретін сан қилы құжаттар болуы ықтимал. Қалпенің өзі жайлы деректер де табылар еді. Ертеде Ыстамбулдан, Қазаннан, Уфадан басылып шыққан не бір қасиетті оқулықтар жатса керек. Оларды астанамыз Алматыдағы кітаптар мұражайына табыс етіп, халықтың игілігіне айналдырса, әулиенің кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты орындалмай ма?!

1995 жылы Азғырдың алғашқы ағартушысы Бекмұхамбет Айтбаевтың туғанына 150 жыл толды. Ол ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.

Бүкіл Азғыр тұрғындары әулие ағартушының аруағына бағыштап ас берді. Елдігімізді, ардақтыларымызды танытудың өнегелі жолына айналған бұл рәсім жас ұрпаққа жарқын ықпалдылық көрсетті. Ағартушыны азғырлықтар үлкен әулие санайды, ауырып-сырқаса, оның биітіне кеп түнеп шығады. Жол жүргендер әулиенің басына әдейілеп соғып, аруаққа сыйынып өтеді, ниязын қалдырады. Мұның барлығы – құптарлық іс. 1985 жылы Мәскеуге арыз жазғандардың кесірінен әулиенің басына тұрғызылған адамдар түнейтін күмбезді орынның есік-терезелері бітеліп тасталғаны бар. Оны да көзімізбен көргенбіз. Енді сол орынды жаңғыртып, қайта жабдықтаса, оған тұрғындар өз үлестерін қосса, аруақ алдындағы бір парыз өтелсе керек. Біз көрші Астрахань облысындағы Байбек ауылы тұрғындарының Сейіт баба әулиенің зиратын үлкен қамқорлыққа алып, қайта жасап жатқанын көріп, ол туралы облыстық «Атырау» газетіне жазғанбыз. Бұл жағдай азғырлық ағайындарға ой салар деген үміт бар.

Бекмұхамбет Айтбаевқа алғашқы ағартушы ретінде туған ауылында ескерткіш орнату қажет-ақ. Сүйіндік селосындағы орта мектепті сол ағартушының атымен атайтын мезгіл жетті. Ол туралы 1987 жылы аудандық, облыстық газеттерде әңгімелеп едім, әзірге оған құлақ асқан зиялы азаматтарды кездестіре алмай келе жатқан сияқтымын. Ұядағы балапандарға аузымен су тасыған қарлығаш тәрізді алыстағы ауылға түйелі керуенмен жүк жеткізіп, мектеп-мешіт құрылысын салып, оның барлық оқу-тәрбие жұмысына қажеті жағдай жасаған, шәкіттеріне асхана, дүкен қызметін пайдалану мүмкіндігін туғызған ағартушы-ұстаздың өз халқына сіңірген еңбегі қалай дәріптеуге де тұрарлық. Бақида болса да, аруақты әулие ауырып-сырқаған адамдардың дертіне дауа жасап, емшілік қызметімен желеп-жебеп жатқан Бекмұхамбет бабаның есімі де халқымен бірге жасай беруі тиіс.

Бабамыздың бүгінгі ұрпақтары жайында бірер ауыз сөз қозғаған да орынды. Беріш руының шежіресіне үңілсек, мынадай деректер жазылыпты. Әрине, олар нақты құжаттар емес, ертедегі ақсақалдардың айтқандары, кейінгілердің зерделеріне сақталғандары көлемінде қағазға түсірілгендер ғой. Сол тізбектерді парақтасақ, қалпенің өзіне дейінгі және өзінен кейінгі ұрпақтары былай өрбиді: Ру басы Беріштен – Байбақты, Байсейіт өскен. Байбақтыдан – Әсілбас, Шақай, Құсылбас. Әсілбастан – Себек пен Жаңбыршы, Шақайдан Есен, Құсылбастан Бегіс Беріштер таралады. Ал, Байсейіттен Есенғұл, Жайық, Қаратоқай Беріштер өсіп-өрбіген делінеді. Енді солардың Есенғұл ұрпағы Бекмұхамбетке дейін былай жалғасады: Есенғұлдан – Ұлғаймас, Ұлғаймастан – Қарақұл, Қарақұлдан – Беласар, Мыңжасар, Беласардан – Мүсіреп, Әсіреп, Әсірептен – Айтбай, Айтбайдан – Бекмұхамбет, Нұрмұхамбет, Құлмұхамбет, Жәнес пен Қойтан туған. Бекмұхамбет әкесінің тұңғыш перзенті екен. Бекмұхамбеттен – Хамза, Хамзадан – Уәлиолла, Файызрахман. Файызрахманнан – Ханзада, одан Какимзада өскен. Бұлар Сайхында тұрады, Сүйіндікте Уәлиолланың ұлдары Идеят пен Бақыт өскен. Олар құжатқа Уәлиолла деген әкесінің есімін Уәлиев деп жаздырып, оны орысшаға үйлестіреміз деп Валиев болған. Марқұм Валиев Идеят бабасының жолын қуып, ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды, мектепте директор болды, Бекмұхамбет қалпенің төрт сандыққа салып, көмген кітап-қазыналарының орнына мықты қазық қақтырған да осы Идеят болатын. Оның анасының есімі менің жадымда сақталмапты, бірақ Бекмұхамбет қалпенің құрметтеген  келіндерінің бірі екен және мешіттің орнына көмілген сандықтарды көзімен көрген екен. Сол қазық әлі сақтаулы тұр. Уәлиолланың екінші ұлы Бақыт (1936 жылы туған) Сүйіндікте тұрады. 1978 жылы әулие бейітіне биіктігі алты метрлік кесене тұрғызудың барлық жұмыстарын осы Бақыт жүргізді. Валиев Таупих (1941 жылы туған) ағасымен бірлесіп жұмыстанды. Әуленің биітінің басына көзі тірісінде туған немересі Файызрахман Хамзаұлының атынан үлкен көлемдегі мәрмәр тақтадан ескерткіш қойылды.

Бір өкінерлігі, кешегі аласапыран заманда Бекмұхамбет қалпенің өз қолынан салдырған ғаламат ғимаратынан, мектеп-мешітінен бұл күнде ешқандай із қалған жоқ. Сол киелі орынның терістік қапталында көмілген сандықтардың үстіне қағылған қазықтан өзге белгі таптырмайды, мешіттің орны тып-типыл. Оның түстік қапталында әулие қабіріне орнатылған силикат тастан қаланған кесене бар.

Бекмұхамбет қалпенің мектеп-мешітін совет өкіметі орнағаннан кейін сауат ашу мектебіне айналдырды, артынан бастауыш кластар оқитын болды. 1934 жылы Сүйіндікте жаңа мектеп құрылысы пайдалануға берілді. Дінді уағыздайтын нәрсенің барлығын «ескіліктің қалдығы» санап, үрке қараған заманда 1934 жылы «Алғабас» колхозының басқарма төрағасы Өтегенов Шәкір марқұм өзінің белсендісі Бегешев Қабдеш дегенді жұмсап, мектеп-мешіттің пайдаға асар деген құрылыс материалдарын тасыттырып алады. Ол материалдардан колхоздың қоймасын тұрғызып жатқанда, Қабдеш биік қабырғадан құлап мертігеді, ал аруақ ұстаған киелі орындағы мешітті талқанын шығарып бұздырғаны үшін бе, әлде Алланың майдайына жазғаны ма, Өтеген Шәкір тапа-тал түсте жылқының етіне қақалып өледі. Бұл марқұмдарға сөзіміз ауыр болмасын, «естіген құлаққа жазық жоқ», бізге әңгіме жеткізген ақсақалдар кезінде осылай айтқан.

Сонымен, Бекмұхамбет әулиенің мектеп-мешітінің дәл қасында өзінің шөберелері Идеят пен Бақыттың бас болып, ағайын-туманы ұйымдастырып тұрғызған силикат тастан қаланған биіктігі алты метрлік күмбез кесенесі тұр. Азғырлық тұрғындар әулие басына кеп түнейді. Ресейдің Басқұншақ, Сасықкөл, Қарабайлы, селоларынан да (ол жақтарда қазақтар көп тұрады) келушілер аз болмайды. Желігіп ауырғандар, жүйкесі тозғандар, ішкі құрылыста түрлі дертке шалдыққандар әулиенің ерекше қасиеті арқасында ауруынан жазылып жататынын аңыз ғып айтады. Жоғарыда Айтбай бабаның бес ұлының бірі – Бекмұхамбеттің туған інісі Жәнес дегенбіз. Жәнестен Қисмет туған. Қисметтен дүниеге келген Сәйфеден қазір ортамызда. Ұзақ жылдар партия қызметінде болды, одан Құрманғазы атындағы совхозда директорлық қызметін атқарды. Енді Шортанбай селолық округінің әкімі. Өмір жолын бабасы сияқты ұстаздықтан бастаған, елдің, жердің тарихын терең білетін ғұламалығы бар. Әдемі әңгімелерге сарқылмайды және тартымды, дәмді сөйлейді. Өзі туып-өскен Сүйіндік тарихынан терең-терең сырлар қозғайды. Бабасы Бекмұхамбеттің әулиелігін, аруақты адам екенін алуан түрлі мысалдармен толғап береді.

Азғыр өңірінде де айтулы аруақты адамдар көп болғанына талас жоқ. Халқымыз бұл өңірді 17-18 ғасырларда-ақ қоныстанған. Төменгі Басқұншақ тұз өндіретін комбинатының тарихи мұражайында мұндағы жұмысшылардың 1774 жылы еңбекақы ақшаларын алған бір тізімнің көшірмесі қойылған. Оның ішінен мен жиырмаға жуық қазақ жұмысшыларын санадым. Басқұншақ Сүйіндіктен сексен шақырым жерде. Кешегі Бөкей Ордасы тұсында бұл өнірді «Қалмақ уезі»  деп атаған ғой. Жүз елу жылға жуық бұл даланы қалмақтар қоныстанғаны ақиқат. Ақыры қазақтардың ірге жайған ықпалды қозғалыстары қалмақтарды көшіп кетуге итермелегенін тарих тағы жасырмайды.

Осымен, әулиелер жайлы қолым жеткен деректерімді біршама баяндаған сыңайлымын. Ұлы аруақтардың рухы жаңғырықса деген игі мұраттың көрінісі – бұл. Алла қабыл қылғай, баршаңызды да аруақ қолдап, желеп-жебей берсін, қадірлі оқырман!

Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ,

Қазақстан Республикасына еңбек

сіңірген мәдениет қызметкері.