22.11.2016, 9:48
Қараулар: 1233
Бостандығы шектелді

Бостандығы шектелді

«Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген сөз босқа айтылмаса керек. Саралжын ауылының тұрғыны Е.Г. ештеңеден қаперсіз ауласында монша бұзып жатқан. Оған тентек суға тойып алған ауылдасы Е.К. келіп, былапыт сөздерімен мазасын алып, тиісе бастайды. Онысымен қоймай, жер-жебіріне жетіп, жұлқылап, ақыр аяғы үстіндегі көйлегін жыртып, жұмысына үлкен кедергі келтіреді. Тіпті, қолындағы күрегіне жабысқан сәтінде бұл ашуланып, «кет» деп, күрек сабымен құлақ шекеден бір ұрады. Әлгі соққыдан  есеңгіреген жәбірленуші басын ұстап отырғышқа отыра қалады. Кешікпей оны ағайындары үйіне алып кетеді.

Осылайша,  қаннен-қаперсіз тірлік істеп жатқан азамат арақ деген әзәзілдің жетегіне ілесіп, мазасын алған жерлесінің кесірінен істі боп, қылмыстық жауапқа тартылды. Аудандық сот сотталушы Е.Г.-ні  ҚР ҚК-нің 106 бабы 1 бөлігімен кінәлі деп танып, оған үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

З.ЗАЙНОЛЛИНА,

аудандық соттың кеңсе меңгерушісі.