28.03.2017, 10:57
Қараулар: 1269
Қылмыс аясы кеңейіп тұр

Қылмыс аясы кеңейіп тұр

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан прокуроры Нартай Байменовтың төрағалық етуімен ведомствоаралық кеңестің отырысы оздырылды. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, кейбір бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудан аумағында орын алып отырған қылмыстар жөнінде хабарлама жасаған аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев пен аудандық прокуратураның аға прокуроры Руслан Шәкіржанов өткен жылы саябырсыған ұрлықтың биыл қайта жиілей бастағанын атап көрсетті. 2016 жылдың бірінші тоқсанында аудан бойынша 31, ағымдағы жылдың өткен мерзімінде 36 қылмыс тіркеліп отыр. Олардың басым бөлігі ұрлық, әсіресе, мал ұрлығы (былтыр осы кезеңде 9, биыл 12, өсім 25%). Оған басты себеп – бұрыннан айтылып келе жатқан мал иелерінің салғырттығы, малды бақпай қараусыз жіберулері. Жеке меншік құқығын қорғау және мүлікті ұрлаумен күресу жөніндегі аудандық комиссия мүшелері округтерге шығып, мал иесінің жауапкершілігі туралы түсінік жүргізіп, парақшалар таратса да, күткендей нәтиже жоқтығына хабарламашылар қынжылыс білдірді. Алда малын қарамаған жеке тұлғаға – 20, шаруа қожалық жетекшісі мен жеке кәсіпкерге – 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертті. Осыны тұрғындарға жеткізіп, малдың бағылуын ұйымдастыруды округ әкімдеріне жүктеді.

Аудандық прокуротураның прокуроры Нұрат Саматов пен аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерлан Жоралиев құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатындағы жұмыстардың барысын сөз етті. Мектептерден басқа жерде бейнекамералардың орнатылмағанын, профилактикалық шараларға үкіметтік емес ұйымдар мен жалпы қоғамның араласпай отырғанын сынға алды. Сол немқұрайлылықтың салдарынан былтыр болмаған ауыр қылмыс жақында орын алса, орта дәрежедегілердің өзі 13,6 пайызға өскен (2016-да жыл бойы – 22, қазір – 25). Әкімшілік құқықбұзушылық та артып барады. ҚР ӘҚБтК-нің  440-бабы 1 бөлімімен былтырғы 2 айда  28, биыл 36 тұлға жауапкершілікке тартылған.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева да қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыстардың алдын алуға көпшіліктің атсалысуы маңызды екендігіне тоқталып, мектеп, ата-ана және құқық қорғау органдарының ынтымақтаса жұмыс істеуі арқасында жасөспірімдер арасында қылмыстың тіркелмегенін тілге тиек етті. Үлкендердің балаға үлгі болу орнына дөрекі сөйлеулерімен, жағымсыз қылықтарымен көзге түсетінін, қоқыстарды көшеге лақтыра салатынын мысал етті. Борышкер алиментшілер хақында әңгіме қозғады.

Ведомствоаралық кеңес отырысында қаралған үшінші мәселе – тиым салынған киік жануарын заңсыз аулау бойынша қозғалған қылмыстық істер туралы аудандық ішкі істер бөлімі бастығы Абай Алдабергеновтің есебі тыңдалғаннан кейін, хаттамалық шешім қабылданды. Онда облыс әкімінің ұрлықпен күрес жөніндегі тапсырмасын орындау үшін аудан әкімдігі, аудандық ветеринария бөлімі, аумақтық инспекция, ауылдық округ әкімдері, ішкі істер бөлімі мен жергілікті полиция қызметі, прокуратура атқаратын істер нақтыланып, ол бойынша аудандық прокуратураға сәуір айының 28-і күні жазбаша мәлімет түсіру міндеттелді.

Каримолла ҒАЙСИН.