29.11.2018, 16:33
Қараулар: 1423
АДАМДЫҒЫҢ ҚАЙДА, АҒАЙЫН?!

АДАМДЫҒЫҢ ҚАЙДА, АҒАЙЫН?!

Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың. Иә, тап солай. Мұны туыстықты, ағайындықтың құндылығын жақсы білген аталарымыз өмірлік қағида қып қалдырған екен. Қазірде бір әкенің белінен тарағандар бір-бірін көрсе, сөйлеспей жатып, төбелесе кетуге әзір тұрады. «Ой, былай емес қой!» деп өре тұра алмассыз?! Бүгінгінің  шындығы осы. Бұл әркім өз қазанында қайнап жататын үлкен қалаларда емес, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған дейтін шағын ауылдарда да айқын көрініс тапқан. Біздің ауданда да ағайындылар арасындағы дау-дамай сотқа жетіп, тіпті қайғылы оқиға да тіркелген екен.

Осы бір жаға ұстатар жайттарды таратып айтсақ, артық етпес. Ойлыға ой салар дейміз.

 

АНАСЫН ЗАРЛАТЫП, ҚАРЫНДАСЫН ҚАН ҚАҚСАТҚАН

Бисен ауылының тумасы Нәзира Ғалиева ағаның жақсысы қандайын

Ағасы жақсы қандай-ды,

Алдыңда асқар таудай-ды,

Сүйенгенде сүйеніш, құлағанда қолдайды, -деген  жыр-шумақтан білетін шығар. Ресейді тұрақты мекен қылған Нәзира анасының шақыруымен ауылға келеді. Ағасы Талиғат ащы суға жақындау болғаны соншалық, жұмыс жасап, нәпақа табу, отбасын құрып, ұрпақ өсіру дегеннің бәрін әлдеқашан кейінгі орынға қойған. Алыстан қарындасы келген күні де осы әдетінен жаңылған жоқ.

Дастархан басында басталған келіспеушілік Талиғаттың жұдырық сермеуіне  жалғасты. Төркіндеп кеп отырған қарындасын шашынан алып, есікке сүйреп, маңдайдан соғып, күш көрсеткен. Жұдырық та сөз емес, ақаңнан ұрттап, кекірік атып тұрған ағатайы тіпті пышақ ала жүгіріпті. Нәзира мас ағасының қолынан сытылып шығып, далаға қашып құтылған.  Сыртқа шығып үлгермесе, ағасының қолынан ажал құшпасына кім кепіл?!

Қарындасы ағасын кешірмейтінін айтты. Ағайындылар арасындағы осы жайт сотта қаралып, Талиғат Ғалиевке қатысты іс 150 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылсын деген үкіммен аяқталды.

Сайқындық Жарасқан Темірбековтің қарындасқа деген «ілтипаты» дәл осы Талиғаттың әрекетінен кем түспейді. Жарасқан да ішкілікке әуес. Сайқындық «сарбазымыз» қарындасын былай қойып, анасын да балағаттап, қоқан-лоқы көрсетіп, отбасының шырқын бұзуды әдеттегі жайтқа айналдырған. Жарасқанның анасы Зере құқық органдарына арызданып, өз баласынан араша сұрап отыр. Тұрақты жұмысы, күндік табысы жоқ болса да, аузын арақтан құрғатпайтын Жарасқан анасы мен қарындасын сөзбен қажап, кемсітіп, балағаттап, күн демей, түн демей, шу шығарып, істі боп отыр. Қарындасқа қорған болудың орнына отбасының ойранын шығарған Жарасқанды бір туғаны кешіріп, өткеннен сабақ алар деп үміттенсе де, анасы Зере ұлына қатаң жаза тағайындауды сұраған. Сайқындық «батырымыз» да жиырма тәулікке қамауға алынды.  Мұндай қамақ та «үй тентегін» тезге сала алмады. Тек бір жылдың ішінде аудандық сотта Жарасқан Темірбековке қатысты төрт бірдей іс қаралып, оның екеуі қамауға алынумен, қалған екеуі татуласумен аяқталған.

Тағы бір сайқындық азамат Спандияр Қабышовтың үй ішіне көрсетіп отырған шатағын айтсақ, жылағанның алдынан өкірген шықты деген болады. Спекеңнің үстіне тек бір жылдың өзінде он бір іс қаралған. Анасының жегенін желім, ішкенін ірің қылып отырған адамды тіпті азамат деп айтуға болмас, сірә?! Анасы туған ұлынан көрген зәбірін айтқанда етегі жасқа толады.  «Жүйкем әбден тозды. Істерге амалым қалмады» дейді байғұс ана. Сот алдына істі боп келген Спекең әр келген сайын қылған ісіне өкінетінін, анасынан кешірім сұрайтынын, қайталап мұндай әрекетке бармайтынын айтып ақталады. Бірақ осы уәдесінің бәрі сот ғимаратының босағасында әрі аспайды-ау. Спандияр Қабышов мәжбүрлі түрде емделіп те келді. Бірақ, кейіпкеріміздің санасы «айығар» күн алыс сияқты.

«Ағайынның азары болса да, безері болмас» дегендей, шаңырағының шырқын бұзған маскүнем аға, ұлдан ана мен қарындастың теріс айналып жатқаны жоқ. Бірақ, соны түсініп жатқан жан бар ма?!

 

АҒАСЫНЫҢ ҚОЛЫНАН АЖАЛ ҚҰШТЫ

Хан ордасының тұрғындары ағайынды Бисен мен Мұрат Азиевтердің текетіресі қайғылы жағдаймен аяқталды.

Марқұм болған Мұрат та ішкілікке әуес болған екен. Ішкен сайын ағасы отырған үйдің қожайыны екені «есіне түсіп», үйді босатуын талап еткен. Биылғы жылдың 15 наурызында да ақаңнан «жұқалатқан» Мұрат бауырына келіп, бәз баяғы әңгімесіне басқан, сөзіне селт етпеген ағасын жағадан алып, кеудесі мен басына 3-4 жұдырығын жұмсап үлгереді. Ағасы да қарап қалмайды, басын бұғып, отырып қалып, қорғанады. Құлаштап сермеген жұдырығы ауа қармап қалған Мұрат тәубесіне түсіп, сыртқа шығып кетеді. Бисен осы уақыт аралығында пышақпен қаруланып үлгереді. Інісі қайтып кеп, бас салар болса, қорғанбақ болады. Ойлағаны дөп келді. Мұрат сәлден соң қайта келіп, ағасының жағасына қайта жармасады. Бисен де қолындағы пышағын оңды-солды сермеп үлгереді. Бірақ, інісінің жарақаттанғанын байқап үлгермейді. Сыртқы бөлмеге шығып қан құсқан Мұрат қайта кіріп, ас үйдегі үстел қасына кеп, құлай кетеді. Сол орында тырп етпестен  ертеңгі күнге дейін жатады. Келесі күні тірлік баяғысынша жалғаса береді.  Бисен таңертеңгілік малын жайғап келіп, таңғы, түскі асын ішеді. Осы уақытта інісінің орнынан тұрмаса да, сөйлеп жатқанын айтады. Түскі екіде үйді сыртынан кілттеп, тағы да малдың шаруасымен сыртта жүреді. Кешкі жетілерде ғана інісінің қыбыр етпей, қимылсыз жатқанын байқап, дабыл қағады. Інісінің мас боп келіп, келесі күні бас көтерместен жататынына көзі үйренген Бисен інісін өлтіруді мақсат етпегенін, дер кезінде дәрігер шақырып, алғашқы көмек көрсете алмағанына өкінетінін, қамқорлығында кәмелетке толмаған қызы барын айтып, қатаң жаза тағайындамауын сұраған. Десе де, жүйке ауытқушылығымен психикалық орталықта есепте тұратын Бисен Азиев қылмысты деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Осылайша, ағайындылар арасындағы текетірес өліммен аяқталып, бір шаңырақты шырақсыз қалдырды: іні өліп, аға түрмеге тоғытылды. Бисен Азиевтің қызы сотталушының інісінің қамқорлығына берілді. Анасыз өсіп келе жатқан жауқазын ғұмыр енді әке қамқорынсыз қалды.

 

Кімді не деп кінәларсың мұндайда?! Адамдықты аяқ асты қып, анаға ақыртып, қарындасқа қоқан-лоқы көрсеткізіп тұрған шишаға сыйса да, кісілікке кереғар арақ екені аян. Арақтың адам қылмайтынын білсе те, әуестігімізді тежей алмайтындығымыз қандай қиын?…

Көнеден келе жатқан тәмсіл бар. Әкесі баласына ренжіген сайын үй алдындағы терекке шеге қаға береді екен. Қағылған шегенің көптігі сондай, бос орын қалмапты. Баласы әкесінен «терекке неге шеге қағып жүрсіз?» деп сұрайды. Әкесі себебін айтады. Баласы ұялып, әкесінен кешірім сұрап, тек жақсы ісімен қуантпақ болады. Баласының әрбір жақсы әрекеті үшін бір шегеден суырылып алынатын болады. Баласы уәдесінде тұрып, күндер өткен соң, теректе бір де бір шеге қалмайды. Баласы қуанып: «Әке, ренжіткен сәттерім үшін кешірім сұраймын. Шегенің бәрі алынды, кешірдіңіз бе?» деп сұрайды. Сонда әкесі «Шегенің бәрі алынды-ау, орны қалғаны болмаса…» деген екен.

Жетесі барға жеткілікті түрде айтылған тәмсіл.

Анамызға, бауырларымызға жатқа айтпас сөзімізді айтып, жабырқатпайықшы, кешірім сұрағанмен көңілде дік, жүрек із қалатынын ұмытпайықшы, ағайын!     

Гүлжиһан САҒИТОВА,

аудандық сот төрағасы,

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

Этикалық нормаларға сәйкес кейіпкерлер аттары өзгертіліп берілді.