2.08.2019, 16:07
Қараулар: 634
«СМАК» ТӘТТІ ТАРАТТЫ

«СМАК» ТӘТТІ ТАРАТТЫ

 

«Zhas project» жобасына қатысып, «Смак» тобына біріккен сайқындық Құрымбаевтар өз қызметтерін жүзеге асыра бастады. Топтың аты айтып тұрғандай жоба жеңімпаздары тағам дайындауды, нақтырақ айтсақ, түрлі тәттілерді, сонымен қатар балалар сүйсініп тұтынатын пиццаны да әзірлейді екен. Күні кеше Әйгерім Құрымбаева бастаған топ тәтті шағын тоқаштар мен өзге де өнімдерін ауылдағы аз қамтылған екі отбасыға ұсынды. Бұл тартуға сол үйлердің отаналары риза болысып жатса, бүлдіршіндер бірден  тәттілерге ұмтылды. Жаңа ғана сырттан үйге кіргісі келмей, жылап қалған бүлдіршін тәттілерді көргенде ашуын лезде ұмытып та кетті. Қонақтардың сыйлығына қуанып, күлім қаққан балақайлардың қуанышын көріп, бастаманың еш кетпегенін, бірнеше жүрекке жылу сыйлағанын көрдік.

– Бұл әлеуметтік жоба жастарды қоғам өміріне тартуды көздейді. Отызға толмаған жастарды бір сәт әлеуметтік желіден ажырап, айналаға мән беруді, ауылдастарына, әсіресе, қамкөңіл жандарға жәрдемдесуді үгіттейді,-дейді топ жетекшісі.

Жоба талабы бойынша олар бастапқыда өнімдерін саттыққа шығаруға емес, белгілі бір санаттағы ауылдастарына тегін таратуға жұмыстанады екен. Ал, жобадан ұтқан қаражатқа өнімдерін пісіріп, сақтауға қажетті газ плита мен тоңазытқыш, өзге де керек-жарағын алған. Енді «Смак» тобы өз міндеттемелері негізінде әр ай сайын бірнеше отбасыны осындай өнімдерімен қуантпақ. Мәселен, тамыз айында бүгін барған Рысгүл Өтеғалиева тағы барып, балақайдың туған күніне арнайы торт пісіріп апармақшы. Бұл жоба қараша айына дейін жалғасын табады.

Тегін тәттілерді алғысы келетін ауылдастарымыз ара-тұра хабарласып тұрады. Тек суретке түсіп, оның әлеуметтік желілерде таралғанын қаламайды. Ал, суретке түсу ол біздің бір міндетіміз. Өйткені, сол арқылы тобымыздың жұмысын көрсетеміз ғой. Тіпті қайсыбір ауылдасымыз жобаның мақсатын түсінбей той тортын тегін пісіріп беруді өтінген болатын,- дейді топ мүшесі Ажар Құрымбаева.

Негізі Ажар тәттілер дайындауды бұл жоба басталмас бұрын қолға алған. Ең алдымен өз төрт қызын мейрамдарда, туған күндерінде, одан қалса туыстарының жақсылықтарында қуанту мақсатында тәтті торт, әр алуан пісірмелерін дайындайтын. Кейін ауылдастарына саттыққа да шығарған.

-« Zhas project» жобасына қатысқалы тапсырыспен тәтті пісіріп сатуға уақыт тапшы. Оның үстіне жоба шарты бойынша төленетін арнайы ақы бар. Сондықтан қосымша табыстың әзірге қажеттілігі жоқ. Бірақ қай істі де білген зиян етпейді деп ойлаймын,- дейді топ мүшесі.

«Жоба міндеттеген мерзімі біткен соң бұл бастаманы жалғастырасыңдар ма?» деген төте сұрағымызға топ мүшелері «Болашақ көрсетеді» деп жауап берді.

Раушан БАҚЫТОВА