1.11.2019, 9:58
Қараулар: 945
МЕДИА ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК

МЕДИА ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК

Елімізде ерлер мен әйелдердің гендерлік теңдігін кесте түрінде қарастырар болсақ, ол кем дегенде 5-10 пайыз шамасында ерлерге қарай басымдық береді екен. Мұндай ахуал тек Қазақстанда ғана емес көпшілік батыс елдердегі БАҚ-та байқалады. Түрлі ақпарат алғанда да, тілшілер қауымы деректі ер азаматтардан  алуға тырысатын көрінеді. Бұл жөнінде  өткен сейсенбіде Орал шаһарындағы «Жайық Пресс» медиахолдингінің пресс-залында өткен «Медиа және гендерлік тұрақты даму мақсаттары» атты семинар-тренингте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті Александр Рожков мәлімдеді.

Семинардың ашылуында бас директорымыз Рауан Сәбитұлы «Жайық Пресс» медиахолдингінде гендерлік теңсіздік мәселесі байқалмайтынын баса айтты. Оған редакторлық қызметті абыроймен атқарып келе жатқан нәзік жандылар куә деп түйіндеді сөзін. Өз кезегінде Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдері» өкілдігінің бағдарламалық маманы Гүлнар Смайылова, жоба жетекшісі, филология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры Назгүл Шыңғысовалар бір кездегідей бүгінде гендерлік теңдік мәселесі осыншама өткір тұрмағанмен, осы бағыттағы зерттеулер нәтижелері әлі де әйелдер қауымының құқықтары тапталып жатқанын дәлелдеп отырғанын сөз етті.

Осы ретте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті Елена Дудинова семинарға қатысушы аудандық басылым редакторлары мен тілшілері және «Арба» мүгедектер қоғамдық ұйым мүшелері арасында алдын ала өткізілген сауалнаманың қорытындысымен таныстырып, қатысушылардың 9% гендерлік теңсіздік мәселесіне кезіккенін жеткізді.

2015 жылы БҰҰ-ына кіретін 193 мүше елмен күн тәртібіне гендерлік теңдікті орнатудың 2030 жылға дейінгі жоспары қойылып, оны жүзеге асыруда 17 мақсат айқындалған.  Бұл жөнінде Александр Рожковтың «Өркениетті өзгертетін мақсаттар: 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудағы гендерлік фактордың өзектілігі» презентациясында кеңінен баяндалды. Елена Дудинова өткізген «Гендерлік дамудың мақсаттарын мемлекеттендіру және оқшаулау. Қазақстандағы гендерлік теңдіктің тарихы және құрылымы. Гендер мен этика» тақырыбындағы пікірталасы, «Менің стереотиптерім» интерактивті ойыны өте тартымды өтті.  Семинар барысында отандық және шетелдік БАҚ-тағы гендер тақырыбы, жергілікті басылымдардағы гендердік теңдік мәселесі, медиадағы гендерлік стереотиптер мен теріс түсінік, әйелдердің саясаттағы рөлі, оларға журналисттің көзқарасы, журналисттер мен аудиторияның гендерлік балансты қабылдауы нақты деректермен келтірілді.  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасымен Бостон университетінен магистратураны тәмамдаған Екатерина Вескинаның жарнамадағы әйелдер мен ерлер ролі атты контент-анализі да қызықты өтті.

«Арба» ұйымының төрағасы Гүлнара Батпақұлова: «Қоғам арбаға таңылғандарды жыныс жоқтай қабылдайды. Ал тілшілер біздерді тек қайырымдылық айлығында, айтулы күндері ғана еске алады. Немесе бізді не мүсіркеп, не батырдай көрсетеді. Енді бізді адам, қоғамның толық мүшесіндей көрсететін уақыт жеткен шығар. Осыны қоғам пікірін қалыптастыруда орасан рөлі бар журналистер бастаса игі болар еді»,- деп өтінішін білдірді.

Шара соңында пікір алмасылып, сертификаттар табысталды. Семинарда белсенділік танытқандар да сыйсыз қалмады.

Раушан БАҚЫТОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар