6.11.2019, 18:42
Қараулар: 821
БІРІНШІ ОРЫНБАСАР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

БІРІНШІ ОРЫНБАСАР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

 

Аудан әкімдігінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Бұл отырыста филиал төрағасының бірінші орынбасары тағайындалды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасы Нұрлан Рахымжанов партияның орталық аппараты келісімімен аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасарлығына Мейрамбек Аққалиевтің кандидатурасын ұсынды. Саяси бюро мүшелері әр кездері аудандық мәслихат аппаратында қызмет етіп, Орда, Сайқын ауылдық округтерінде әкім болған Мейрамбек Сағынғалиұлының кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Бүгінге дейін осы қызметті абыройлы атқарған Тілеген Арыстанбеков зейнеткерлік демалысқа шықты.

— «Сөзді тұзға аунатып та, мұзға аунатып та, ішкі жылуға бөлеп жеткізуге де болады». Қызмет барысында осының барлығы да болған шығар. Десек те жеткен жетістігім, атақ-абыройм өздеріңмен бірлескен жұмыстың жемісі,-деген Тілеген Керейұлы жиналғандарға өз ризашылығын білдірді.

Мейрамбек Аққалиев партия жүктеген міндеттерді орындап, аға буын сенімінен шығуға уәде берді.

Осы кеңесте «Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Нұр Отан» Партиядағы 7 серпіні» атты бағдарламасы туралы және партиялық кадрлық резервке іріктеу жасау жөнінде  айтты.

Ауданның атқамінерлері мен қосшылары қатысқан алқалы жиын еңбегімен еленген Тілеген Керейұлына көрсетілген құрметпен жалғасты.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Рахметұлы әріптес ағасын партия атынан құттықтап, иығына зерлі шапан жауып, «Нұр Отан» партиясының атаулы сағатын сыйға тартты. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов аудандық мәслихат депутаттарының шешімімен Тілеген Керейұлына «Ауданның құрметті азаматы» атағын беріп, құрметін асырды. Аудандық сот төрағасы Гүлжихан Сағитова да кәсіби емес медиатор қоғамдық қызметті атқарып жүрген Тілеген Арыстанбековке өз лебізін білдіріп, академик Салық Зимановтың он томдық «Қазақтың Ата заңдары» жинағын тарту етті.

Зейнеткерлік жасқа толған аудандық мәслихаттың хатшысы, саяси бюро мүшесі Ерболат Таңатов пен Ұялы ауылдық округінің әкімі, бастауыш партия ұйымының жетекшісі Бақытжан Оразғұлов аудан, облыс әкімдерінің, «Нұр Отан» партиясы төрағаларының құттықтауына ие болды.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар