20.09.2017, 0:29
Қараулар: 343
Кезектен тыс конференция

Кезектен тыс конференция

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс ХІХ конференциясына сайланған 58 делегаттың 56-сы, бұқаралық ақпарат құралдары өкілі және шақырулы адамдар қатысымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында оздырылған аталмыш жиында Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласының негізгі басымдықтары сөз болып (баяндамашы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков), осы төңіректе атқарылып жатқан жұмыстар мен ұсыныстар ортаға салынды.

Конференцияны ашып, жүргізген партияның аудандық филиалы төрағасы, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов өз ойын Мемлекет басшысының: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз»-деген сөзімен сабақтастырып, осынау ұзақ мерзімді бағдарламаны жүзеге асыру бағытында талмай, күш біріктіре жұмыстануға шақырды. «Тарихы тереңге бойлаған, есімдері әйгілі талай дүлдүлдер шыққан біздің аймақ бұл бағдарламаның әр тарауына сай келетіндей»,- деген аудандық мәслихат хатшысы, Сайқын бастауыш партия ұйымынан делегат Ерболат Таңатов аталмыш мақала экономикалық даму кезеңінде ұлттық мүддемізді де жоғарылатуға үндейтінін мәлімдеді. Жарыссөзге қатысқан Ұялы және Т.Жароков бастауыш партия ұйымдарынан делегаттар Бақытжан Оразғұлов пен Жалғас Әшенов аталмыш бағдарлама аясында қолға алынған тың бастамалар хақында ой сабақтап, ел, әсіресе, жастар  арасында қазақстандық патриотизмді дамыту ісіне баса назар аударылу қажеттігіне тоқталды.

Күн тәртібіне қойылған екінші мәселе бойынша нұротандықтардың кезекті ХХІ облыстық конференциясына 7 делегат ұсынылып, соңында тиісінше қаулы қабылданды.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.

Аудан әкімдігінде

Басқа да мақалалар