31.10.2017, 12:29
Қараулар: 340
«Ашық әкімдік» қорытындыланды

«Ашық әкімдік» қорытындыланды

Тамыз айынан бастап Т.Масин, Ұялы, Бисен, Мұратсай, Сайқын, Саралжын ауылдық округтерінде оздырылып келе жатқан аудан әкімдігінің «Ашық әкімдік» шарасы өткен аптада Хан ордасы ауылында қорытындыланды.

Онда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов бастаған аудандық бөлім, мекеме басшылары тұрғындарды қабылдады. Басқа округтерге қарағанда аудан орталығына бір табан жақын орналасқандықтан шығар, келушілер қатары көп болмады. Оларды сала басшылары, білікті мамандар ыждағаттылықпен тыңдап, мәселелерінің шешілу жолдарын көрсетіп, түсіндіріп жіберіп жатты. Өзгелерден гөрі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі басшысы Б.Насимоллин мен электр тарату бөлімінің басшысы С.Оңаевқа келушілер қарасы басым көрінді.

– Бұл бір жақсы бастама екен. Мұндай кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрса, шалғай елді мекен тұрғындарына қолайлы екендігіне дау жоқ. Әйтпесе, бір қағаздың мәселесімен жарты күн сабылып жолда жүресің, ал, ол біз секілді егде тартқан жандарға оңай емес. Оның үстіне зыр етіп барып келе қоятын қазір кімнің астында көлік бар дейсің? Бары бір-екі «УАЗ» автокөлігі, кейде оларда да орын болмай жатады,-деді еңбек ардагері Есентай Нұрлыбаев.

Осылайша, ордалық тұрғындардың біразының жұмыстары орталыққа келмей-ақ шешімін тауып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп қайтты.

Әділет ӘБДІРОВ.

Аудан әкімдігінде

Басқа да мақалалар