26.02.2021, 18:45
Қараулар: 310
ТӨЛЕНСЕ САЛЫҚ – БОЛАМЫЗ ҚАРЫҚ

ТӨЛЕНСЕ САЛЫҚ – БОЛАМЫЗ ҚАРЫҚ

   

 

  • Чек керек пе?
  • Оны қайтемін, тілдей чектен үй саламын ба?

Бұл екінің бірінен еститін жауабыңыз. Иә, чек сауаттылығын кез келгеніміз ұға бермейміз. Чек не үшін керек?  Осы тілдей қағаз – сіз бен біздің ел қазынасына қосқан тамшы пайдамыздың көрсеткіші. Ресми тілмен айтсақ, салықтық түсім.

Айтпақшы, біз бейжай қарағанмен осы салық төлемдеріне келген еуропалықтар аса жауапты. Жалпақ тілмен айтқанда америкалықтар ажалдан, аурудан, апаттан емес, осы салық органынан баратын хабарламадан қатты қорқады дейді.  Дамыған Батыс елдерінде де, АҚШ-та да салық төлеуден бас тартқан адамдар алаяқтар санатына енгізіліп, ең ауыр қылмыстарға жатқызылған. Чикагодағы ірі қылмыстық топқа жетекшілік еткен ганкстер Аль Капоне ұрлық-қарлық, тонау, адам өлтіру және  т.б жасаған 915 қылмысы үшін емес, мемлекеттік салықтардан жалтарғаны үшін 11 жылға түрмеге тоғытылып, бар жиған-тергенінен әп-сәтте айырылған екен. Тағы бір мысалды келтірелік. АҚШ-тың  Internal Revenue Services  және RІS сынды салық қызметтері күн сайын он шақты адамды салық төлеуден бас тартқаны үшін түрмеге қамайды екен.

Біздің елде «салық мәдениетін» әлі де қалыптастыруды қажет етеді. Тіпті, салықтың не үшін төлеу керектігін жіті түсінбей, маңдай теріммен тапқан қаражатымды кім көрінгенге шашпаймын дейтіндер де бар арамызда. Өзімізге тиесілі қаражатымыздың белгілі бір бөлігін  салық ретінде төлеу  арқылы біз шын мәнісінде өзіміз өмір сүретін ортаның экономикалық һәм әлеуметтік әлеуетін арттыруға, халық тұрмысының жақсаруына үлесімізді тигіземіз деген сөз. Демек, салық – мемлекет бюджетін толтырудың негізгі көзі. Салық түсімдері арқылы қорғаныс, медицина, білім, өзге де маңызды салалар қаржыландырылады. Салық кірісі молайған сайын ел экономикасының өсімі мен өзге де салалардағы өзгерістерді бақылап, нақты әрекеттер жасауға мүмкіндік туады. Шетелдердегі тәжірибелерді де тілге тиек етсек, дамыған мемлекеттерде салық түрлері өте үлкен. АҚШ-та ішкі жалпы өнімге түсетін салық 28%-ды құраса, Англияда – 36%, Дания мен Швецияда 48%-ды құрайды. Сол себепті де бұл елдерде жемқорлықтың деңгейі төмен саналады. Керісінше, білім беру мен медициналық қызметтердің сапасы өте жоғары.  Сондықтан салықтың экономикалық мәні мен қажеттіліктерін  бір мақалаға сыйғыза алмаспыз.

ОНЛАЙН КАССА ОЙДАЙ ШАРУА ТЫНДЫРАДЫ

Кәсіпкерлердің табыс түсімін қадағалауда онлайн кассалық аппараттар өз тиімділігін көрсетті.  Онлайн кассалық аппарат көлеңкелі бизнестің жолын кесіп, кәсіпкерлерді онлайн режимде жұмыс істету арқылы кассалық аппараттан өтетін барлық операцияны бақылап отыру, яғни заңсыз ақша айналымының алдын алумен қатар көлеңкелі экономиканы болдыртпауды көздейді.  Ал, көлеңкеде жүрген мол ақша бюджетке түссе, қаншама әлеуметтік мәселелер шешімін табар еді.

Онлайн касса бізде талап етіліп, кәсіпкерліктің үлкен-кішісі жаппай орната бастап едік. Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстанда тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы жарлығына сәйкес қарқын алып, қатаң қадағалау жасалмай тұр.  2023 жылға дейін кәсіп өкілдеріне істерін емін-еркін жүргізуге мүмкіндік берілді. Десе де бұл жеңілдіктер ҚР Салық кодексінің 166-бабына сай ҚР аумағында ақшалай есеп айырысулар онлайн бақылау-касса машиналарын мiндеттi түрде қолдану қажеттілігін жойған емес.

Аудан бойынша 1046 жеке кәсіпкер тіркелген болса,  971-і онлайн кассалық  машинаны орнатқан, яғни, аталмыш құрылғыны 92,9 %-ы қолданып отыр бүгінде.   Аудан бойынша телекоммуникациялар желiсi барлық округте толықтай тартылғандықтан  кәсіпкерлер бұрынғы аппаратпен жұмыс жасай алмайды.

Радик Гумаров, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы:

­­­­­­­­­­­− Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды жетілдіру мақсатында «Цифрлық Қазақстан» және 2018 жылғы  ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру шеңберінде кәсіпкерлерді кезен-кезеңімен онлайн кассалық машинасына көшіру жұмыстары басталды. Онлайн кассалық аппаратты орнатудың әу бастағы мақсаты көлеңкелі бизнеске тосқауыл қою, тұтынушының құқығын қорғау болып табылады. Жаңа салық есептемесінің тәсілі бұрынғы жүйеден  әлдеқайда  тиімді, яғни, салық саласы қызметкерлеріне нақты, дәл есеп  жүргізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, түсімдердің бұрмаланбай  электронды құралдар арқылы тура есепке  алынуын қамтамасыз етеді. Кәсіпкердің әр тапқан тиынын онлайн түрде біздерге жеткізіп отырады, яғни әр басылған түбіртек біздің жүйеге автоматты түрде тіркеледі, − дейді онлайн құрылғының артықшылықтарын көрсете.

Онлайн кассалық аппараттың артықшылықтары хақында кәсіпкерлердің өздері де жарыса айтты. Әсіресе, сатушысы бар дүкен иелеріне өте ыңғайлы көрінеді. Қай уақытта, қанша сомада түбіртек басылып, қанша көлемде табыс түскенін қашықта отырып-ақ бақылауға мүмкіндік мол екен. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер салық есептіліктерін электронды түрде салық төлеушінің cabinet.salyk.kz  кабинеті арқылы және «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz)  арқылы жүзеге асыра алады.

Күні бүгінге бақылау-касса машиналардың (БКМ) мемлекеттік тізіміне 75 онлайн моделі енгізілген. Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты БКМ-дың мобильді құрылғыда (смартфонда, планшетте, ноутбукте және т.б.) жұмыс жасай алатын жаңа түрлері БКМ мемлекеттік тізіліміне енгізілген.

  • Бұрынғыдай кассалық кітапты толтырмаймыз, тіпті үйден шықпай-ақ, өз бизнесімізді басқаруға әбден болады, – дейді азық-түлек дүкенінің иесі Айман Асанғалиева:
  • Онлайн кассалық аппараттың артықшылықтары өте көп. Бұрын күнделікті есепті жазып, кассалық журналды толтырып шаршайтын едік. Қазір бәрі де онлайн, бүкіл ақпарат серверде сақтаулы. Күнделікті қанша мөлшерде сауда жасағанымызды жергілікті салық өкілдері көріп отырады. Қазір қай салада болмасын ашықтық талап етіледі ғой. Сондықтан онлайн кассалық аппаратты қолдануда ешқандай кедергісін көріп тұрғаным жоқ.

 

Шаштараз бен киім-кешектер дүкендерінің иелері де кассалық аппаратты орнатудың пайдасын айтып берді.

Асылбек Ғабдуллин, шаштараз иесі:

–Онлайн кассалық аппаратпен жұмыс істеудің артықшылықтары көп, кемшілігі жоқ дер едім. Бүкіл салық төлемдерін онлайн жасаймын, жұмысым едәуір жеңілдеді. Басында бұл құрылғылардың қалай жұмыс істейтінін дұрыс түсіней, кәсіпкерлердің арасында түсінбеушіліктер туған-ды. Қазір жақсы игеріп әкеттік, бәрі де көңілімнен шығады. Салық төлеуден қашқан емеспін.

Анар Сикенова, дүкенші:

–Дүкенімізде негізінен киімдер және косметикалық бұйымдар сатылады. Сауданың қарқыны әр кезде әр түрлі. Кейде бір дана шұлық немесе бір ғана джемпер өтуі мүмкін. Қандай сауда жасалды, соның бәрін тіркеп  отырамын. Онлайн деген аты айтып тұрғандай біздің жұмыстарымыз сол мезетте салық органдарының көз алдында тұрады, – деп  ойымен бөлісті.

Үздіксіз сауда жасайтын дүкен иелеріне онлайн кассалық аппараттар тиімді шығар, ал шаруа қожалықтары қайтпек дерсіз?

–Жергілікті шаруалар «ReKassa» мобильді қосымшасы арқылы салық түсімдерін жасайды. Бүгінде ресми түрде тіркелген 537 қожалықтың басым бөлігі аталмыш қосымшаның игілігін көруде. Әр ай сайын «Қазақтелеком» бөлімшесіне 1400 теңге көлемінде төлем жасалса болғаны. Орал қаласындағы «Кублей» ет өндірісі мекемесі де қожалық иелерінен міндетті түрде осы қосымшаны жүктеп алуды талап етеді, – дейді салық маманы Жанна Камалова.

ТҮБІРТІК: ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ

Тұтынушы қолма-қол ақшамен сауда жасаған кезде, өз құқығын қорғау үшін міндетті түрде түбіртек талап ету қажет дейді салық мамандары. Оның маңызы қандай? Мысалы, дүкеннен бір шұжық алдық делік. Үйге келіп, кесіп көргенде ғана мерзімі өтіп, борсып кеткенін байқадық. «Мәлика апа, есіңізде ме, кеше жұмыстан қайтып келе жатып, шұжық алып едім ғой. Мерзімі өтіп кеткен екен» деп кері апарамыз. Ауылдық жер болған соң, Мәлика сізді, сіз оны жақсы танисыз. Сөзді көп созбай, ауыстырып не ақшаңызды қайтарып бере салады. Егер апамыз сол аяғынан тұрып, қабағынан қар жауып тұрса, сіздің кеше не алғаныңызды «ұмытып» та қалуы мүмкін. Ауыстырмаймын да, ақшаны да кері қайтармаймын десе, қыларға амалыңыз жоқ. Өйткені, қолыңызда түбіртек жоқ. Міне, түбіртектің маңыздылығы.  Тауарды сатып алу фактісін растайтын түбіртек сақталса, оны айырбастауға немесе қайтаруға болады.

Азаматтар түбіртекті не үшін талап ету керек? Тұтынушылық мүддесінен бөлек, азаматтық ұстанымын да білдіре алады. Себебі, әрбір ұрылған чек – мемлекет қазынасына түскен салық. Бюджетке түскен салық халықтың әлеуметтік қажетін қамтуға, жол, аурухана мен мектеп салуға пайдаланылатыны белгілі.

Сатушы түбіртек бермесе қайда шағымдануға болады? Бұл жағдайды видеоға түсіріп, Wipon мобильді қосымшасы арқылы Мемлекеттік кірістер органына жібере аласыз. Факт расталса, тұрғынның ұялы телефонына 1 мың теңге көлемінде теңгерім аударылады.

Соңғы кездері «Wipon» мобильді қосымшасын қолданатын жерлестеріміз көбейіп келеді дейді мамандар. Бұл арқылы кәсіпкерлер тарапынан орын алған қандай ма заң бұзушылықтарды онлайн шағым жазуға болады екен. Ауданымызда былтырғы жылы  «Түбіртекті талап ет те, жүлдені ұтып ал» акциясы аясында  тұтынушылардан түскен шағымдар бойынша 13 жеке кәсіпкерге әкімшілік шара қолданылып, нәтижесінде 12 ескерту, 1 айыппұл салынған.

Тағы бір ескерер жайт, мәселен сіз дүкенге барып тамақ өнімдерін сатып алдыңыз делік. Көп жағдайда азық-түлік үшін ақшаны қолымыздағы телефон арқылы аударып жібереміз. Алайда, сол аударым үшін түбіртек талап етуді ұмытып кетеміз. Егер түбіртек берілмесе, бұл ақша есептелмейді. Демек, мемлекетке бұл табыстан салық төленбейді деп түсініңіз. Сіз аударым арқылы сатып алған тауарыңыз үшін ғана ақша төлеген болып есептелесіз. Ал түбіртек бермеген сатушы заңды бұзушы боп табылады.

Сондай-ақ, салық өкілдері қарапайым халықтың жеке аударымдарына ешқандай салық салынбай, жеке аударымдар үшін салық салынады деген қауесет ақпараттарға сенбеулерін сұрайды. Мысалы, сіз қандай мақсаттарға болсын 500, 100 немесе 10 мың теңге көлемінде аударма жасайтын болсаңыз,  немесе басқа қаладағы ұл-қызыңызға қандай ма көлемде ақша аударар болсаңыз, бұл операцияларға салық салынбайды. Егер ұялы байланыс телефоныңызға бірлік толтыру үшін ақша салар болсаңыз, мәселен 1000 теңге ақша салсаңыз, телефоныңызға 950 теңге деп түссе бұл мобильді оператордың комиссиясы болып табылады. Бұл да  салық емес!

Салық төлеу – азаматтық парыз. Әсіресе, кәсіп иелері бұл тұрғыда немқұрайлылық танытпаулары тиіс.  Сатушы да, сатып алушы да түбіртек беру арқылы ел қазынасының еселенуіне өз үлесін қосқаны болып табылады. Әр тұлғаның салық төлемдерін уақтылы өтеуге деген  азаматтық борышын арттыру маңыздылығын жойған емес.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

САЛЫҚТЫҢ ДА САЛЫҒЫ БАР

Салыққа қатысты  мынадай да қызықты мәліметтерді оқи отырыңыздар.

ХХ ғасырдың басында Тибетте мемлекеттік алым-салықтың 2 мыңдай түрі қолданылды. Үйленгені үшін де, ән айтып, би билегені, барабан соққаны үшінде адамдардан ақша талап етілген. Мұның басты себебі 1926 жылы Тибет әскері құрылып, соған қосымша кіріс көзі қажет болған.

 

 

ТҮБІРТЕКТІ ТАСТАМАҢЫЗ!

Көбіміз дүкенде банк карталары арқылы төлем жасаймыз. Ол үшін сатушы POS-терминалды пайдаланады. Төлем жасалғаннан кейін терминал түбіртек шығарып береді. Онда сатып алушы азаматтың жеке деректері көрсетіледі. Бұл түбіртек – алаяқтар мен хакерлерге олжа. Олар деректерді пайдалана отырып, сатып алушының банктегі жеке есепшотына шабуыл жасауы мүмкін. Сондықтан түбіртекті кез келген жерге тастамаңыз!