27.05.2021, 16:38
Қараулар: 174
СҰР ЗАМАННЫҢ СҰРҚИЯ САЯСАТЫ

СҰР ЗАМАННЫҢ СҰРҚИЯ САЯСАТЫ

Саяси қуғын-сүргін. Осы ұғымның астарында мыңдаған емес, миллиондаған адамның көз жасы, қайғы-қасіреті, қор болған тағдыры жатыр. Саяси қуғын-сүргін акциясы Коммунистік партияның Бас хатшысы И.Сталиннің есімімен тікелей байланысты болғаны да жасырын емес. 1921 жылдың сәуір айында өткен РКБ(б) ОК-нің пленумы ауырып жатқан В.Лениннің келісімін алмастан, оны Орталық Комитеттің Бас хатшысы етіп сайлайды. В.Ленин өзінің «Съезге хат» атты тарихи хатында партияның Орталық Комитетінің бірқатар мүшелеріне, соның ішінде, И.Сталинге де мінездеме бере келіп, оның лауазымдық қызметіне қатысты былай деп жазады: «Сталин жолдас Бас хатшы болып алғаннан кейін, ұшаң-теңіз билікті өз қолына жинап алды, сондықтан осы билікті оның әрдайым жеткілікті түрде абайлап пайдалана алар-алмасына мен сене алмаймын. Сталин тым дөрекі мінезді, өз ортамызда, өздеріміздің арамыздағы қатынастарда ғана төзуге болатын бұл кемшілік Бас хатшы қызметінде төзгісіз жайт. Сондықтан мен жолдастарға Сталинді осы орыннан ауыстырудың әдісін ойластырып көруді және бұл орынға басқа адамды тағайындауды ұсынамын».

1956 жылы ақпан айында өткен партияның ХХ съезінде СОКП ОК-нің бірінші хатшысы Н.Хрущевтің Сталиннің жеке басына табынудың зардаптары хақында жасаған баяндамасы осы жабық тақырыпқа қатысты жабулы қазанның қақпағын жартылай болса да ашып берген-ді. Осы «Қызыл террор» тақырыбына қатысты жазылған мақаланың көптігінде қисап жоқ. Шыны керек, олардың мазмұны біртектес болғанымен, террордан зардап шеккен адам санына қатысты деректі мәліметтер әрқилы. Ол жөнінде Дәулетқали Асауовтың «Алтын орда» газетінде жариялаған «Зұлмат жылдар зобалаңы» атты зерттеу мақаласында:

–Осы мақаланы жазу барысында мұрағаттан төмендегідей дерек көзіне тап болдық. Оның басқа авторлардың еңбектеріне қарағанда бір артықшылығы – бұл Н.Хрущевтің атына жазылған ресми құжат. Құжат 1954 жылдың 1 ақпаны күні мөрленген. Әдейі орысша нұсқасын беріп отырмыз,-деп толық текстісін келтіріпті. Төменде біз де сол мәліметті алға тартып отырмыз.

«1 февраль 1954 г.

Секретарю ЦК КПСС товарищу Хрущеву Н.

В связи с поступающими в ЦК КПСС сигналами от ряда лиц о незаконном осуждении за контрреволюционные преступления в прошлые годы Коллегией ОГПУ, тройками НКВД, Особым совещанием, Военнной коллегией, судами и военными трибуналами и в соответствии с вашим указанием о необходимости пересмотреть дела на лиц, осужденных за контрреволюционные преступления и ныне содержащихся в лагерях и тюрьмах, докладываем: за время с 1921 года по настоящее время за контрреволюционные преступления был осуждено 3777380 человек, в том числе к ВНМ (ату жазасына кесілгендер) -642980 человек, к содержанию в лагерях и тюрьмах на срок от 25 лет и ниже –2369220, в ссылку и высылку 795180 человек.

Генеральный прокурор Р.Руденко.

Министр внутренних дел С.Круглов.

Министр юстиции К.Горшенин».

Бұл анықтамада көрініс тапқандай, осы кезге дейін беймағұлым болып келген біраз нәрсенің беті ашылып отыр. Осынау деректі мәліметтерден саяси қуғын-сүргін акциясы азамат соғысы бітер-бітпестен басталып, Сталин өлгеннен кейін да үш жылға жуық жалғасқанын, репрессиялық жазалау шаралары 35 жылға созылғанын білуге болады. Жоғарыда аттары аталған КСРО-ның Бас прокуроры Р.Руденко, ішкі істер министрі С.Круглов, Әділет министрі К.Горшенин Н.Хрущевке берген хабарламасында репрессияға ұшыраған 3777380 адамның ісі қайта қаралғанын алға тартады. Істері қаралмай қалғандары да болуы мүмкін ғой. Ресей журналистері саяси қуғын-сүргін құрбандарының жалпы саны 5 миллион төңірегінде болды деп көрсеткенін бір кездері ақпараттардан көзіміз шалғаны бар-ды. «Мемориал» сайты сталиндік зобалаң жылдардың құрбаны болған сотталушылардың ұлттық құрамы туралы деректер келтіріп, 1939-1950 жылдары ГУЛАГ лагерлері  мен түрмелерде 193588 қазақ қапаста болғанын көрсетеді. Әрине, біз оны айсбергтің тек беткі беті деп түсінуіміз керек. Себебі, оған дейін 20- жылдары ерекше қарқын алған «Қызыл террор» дәуірінде опат болған ұлт зиялыларын, одан кейін 1950-1953 жылдары жазықсыз жапа шегіп, қараңғы қапаста отырғандарды қайда қоямыз?! Жалпы, саяси қуғын-сүргін құрбандарының арасында білімді де, білікті жандардың үлес салмағы басым болғаны баршаға мәлім. ГУЛАГ лагерлері мен түрмелерінде азап шеккен сан мыңдаған адамдардың арасында қайраткері бар, қатардағысы бар, жерлестеріміз де аз болмаған. Солардың ішінен біз білетін бес кісінің есімін атап кетсек. Олар мыналар: Сейітқали Меңдешев, Мағауия Өтегенов, Мұташ Дәулетқалиев, Мұстақ Кенжеғалиев, Хаби Сисенғалиев.

Орда музейінде істеген жылдары Алматыдағы партия тарихы институтының мұрағатында болғаным бар. Сонда С.Меңдешев туралы материалмен таныстым.  Солардың ішінде С.Меңдешевтің сол уақыттағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянға жазған шағын хаты болатын. Онда С.Меңдешев өзінің өмір жолын, қайраткерлік қызметін баяндай отырып, партияға, халыққа адал қызмет еткенін, НКВД органдарының айыптау пункттері ешқандай шындыққа жуыспайтын жала екендігін айта келіп, оң шешім қабылдап, тағдыр тығырығынан құтқаруды сұрайды. Хат Мирзоянның қолына тиді ме, тисе жауап берілді ме, жоқ па ол жағынан дерек жоқ. Аяулы азамат, көрнекті партия, мемлекет, қоғам қайраткері С.Меңдешев алдымен абақтыға қамалып, артынан атылып кетті. Жанұясы қудалауға ұшырады. Әйелі Рәзия Меңдешева АЛЖИР-де отырды, балалары жетімдер үйіне таратылды. Түрме жүйесіндегі қатыгез тәртіптің сорақылығы сол, сотталғандарды ұрып-соғып, қорлап, адамдық ар-намысын аяққа таптап, ерік-жігерін мұқалтып ұстауға бағындырылған көрінеді. Оған Сейітқалидың абақтыда отырған кездегі фотосуреті айғақ. Бүгінде ол сурет С.Меңдешевтің басқа да суреттерімен бірген Орда мұражайында сақтаулы. Бәрі де түпнұсқа түрінде. Олардың құндылығы да сонда.

Сондай-ақ Сталинге жазған атақты «Бесеудің хаты» авторларының бірі Мұташ Дәулетқалиев те 60-жылдары мәдениет қайраткері болғанға ұқсайды. Өтегенов Мағауия 30-жылдары Орда аупарткомның бірініш хатшысы қызметінде жүргенде ұсталып, соңынан атылып кеткен. Мұстақ Кенжеғалиев, Хаби Сисенғалиевтер бірнеше жыл отырып, 50-жылдары ақталып келіп, ауылда жұмыс істеді. Мұстақ Бисен кеңшарының №2 бөлімшесінде меңгеруші болса, Хаби Ордада ауылдық кітапханасының меңгерушісі болды.  Мұстақтың, Хабидің балалары Жәнібекте тұрғаны белгілі.

Жасыратыны жоқ, қазақ халқына жасалған қастандық тек мұнымен шектелмейді.  1952 жылы Орда ауданының таратылуы да бір қасірет емес пе? Онда да өз жерінен зорлықпен көшірілген қанша адам жазықсыздан жапа шекті. Қанша бейбақтың сүйегі сонау Шымкент жерінде қалды. Оның бәрі аядай мақаланың аясы көтермесі және айқын. Көпті көрген аға буын өкілдерінің тұяғы ретінде ендігі жалғыз тілегіміз, сол сұр заманның сұрқия саясаты қайталанбаса екен.

Амантай ХАМЗИН,

тарихшы-журналист,

Сайқын ауылы.