29.07.2021, 12:20
Қараулар: 67
БАЛАҢЫЗДЫҢ ІШІ АУЫРСА…

БАЛАҢЫЗДЫҢ ІШІ АУЫРСА…

Жаздың аптап ыстық айларында денсаулыққа салғырт қарауға болмайды. Әсіресе, кішкентай балалардың саулығы назарсыз қалмауы тиіс. Өйткені,  жұқпалы жедел ішек ауруларының бас көтеретін мезгілі жаз айлары болып есептеледі. Егер де балаңыздың іші өтіп, құса бастаса уақытты босқа созбай дәрігерге апарыңыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, бүгінде ішек инфекциясының 60-тан астам қоздырғышы анықталған. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, сыртқы ортаға тарайды. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады. Сондықтан, бөлмелерді өте таза ұстап, санитарлық-гигиеналық шаралардан ауытқымау денсаулықтың басты кепілі екенін жадыдан шығармайық…

Ішек инфекциясы – жұқпалы ауру.  Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, қайнатылмаған сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен, лас суға түскендіктен жұғады. Әсіресе, балақайлар жуылмаған жеміс-жидекті ауызға салып, тіпті қолына түскенін талғамай жей беруге әуес келеді емес пе?!

Ішек инфекциялары бұрынғы заманнан бері «кір – қолдың ауруы» деп аталған екен және ішек инфекциясына тазалық шараларын сақтамайтын, нас адамдар жиірек ауырады деп саналған.

 

Диарея немқұрайлы қарайтын дерт емес

Диарея – бұл балада су аралас сұйық нәжісінің болуы. Сұйық нәжіспен бірге, ауырған бала өз ағзасындағы керекті су, тұз және көптеген пайдалы заттарды жоғалтады да, ауруы онан сайын асқына түседі. Баланың іш өтуімен бірге құсық пайда болады. Осының салдарынан науқастың денесі дел-сал болып, жағдайы болмай, көңіл-күйі нашарлайды. Осы өзгеріс медицина тілінде «дегитратация» яғни, «сусыздану» деп аталады. Бала ағзасының сусыздануы ауыр, орташа және жеңіл деңгейде өтеді. Сусыздануды  кезінде емдемесе, бала одан әрі әлсіреп, басқа да жұқпалы ауруларға қарсы тұратын күшін жоғалтады. Сондықтан да, сусызданудың негізгі белгілері байқалысымен, оған қарсы емдік шараларын бірден жүргізген абзал.

Ішек инфекциясын жұқтырған баланың дене қызуы көтеріліп, іші қайта-қайта өтеді. Асқа тәбеті болмай, құсады, мазасызданады, басы ауырады. Дәретіне қан немесе кілегей араласады. Қайта-қайта іші өтіп, құсқандықтан баланың ағзасы тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Осының әсерінен әбден қалжырап, әлсіздік пайда болады.

 

Ата-аналар не істеуі қажет?

Егер аталған белгілер байқалса, дереу дәрігерге қарату керек және мұндай  кезде алғашқы көмек көрсетілуі қажет. Әлбетте, дәрігер келгенге дейін балаға ата-анасының көмегі ауадай қажет.  Бұл кезде балаларға регидрон ерітіндісін берген жөн. Алайда, бұл ерітіндіні де тек дәрігер маманың нұсқауымен ішкізген дұрыс! Өйткені, регидронның құрамында тұз көп. Оны дұрыс қолданбаған жағдайда іш ауруын одан әрі асқындырып, денедегі сұйықтықтың азаюына әкелуі мүмкін екенін ескеріңіз. Аталмыш сұйықтықты әрбір 4 сағат сайын 1 шай қасықпен ішкізеді. Ерітінді әрбір күнге жаңадан езіліп беріледі. Ал егер регидрон болмаса 200 мл қайнаған суға еріген бір шымшым тұз салған суды берген абзал. Осы емнен кейін  сұйық нәжіспен сыртқа шығып кеткен су мен тұздар тапшылығы қалыпты жүйеге келіп,  баланың  іш өтуі тыйылуы мүмкін. Содан соң балаға сорпа, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған суды ішкізген жөн. Сондай-ақ, баланың қасына аздаған тұздалған құрғақ крекер, мейіз, өрік, бананның кесілген бөліктері, ақ немесе қара нан, тәтті немесе тұзды қытырлақ нандар, нан таяқшалары және т.б. тағамдар қойып қойыңыз. Соның ішінен өзінің тәбеті тартқанын алып жеп, су ішуді жалғастырсын. Егер бала бірдеңе жегісі келіп сұраса, аз-аздан беріңіз! Бір рет тойып жегенше, үш рет аз мөлшерде жегені дұрыс. Ал ішектің микрофлорасына тікелей әсер ететін қуырылған, ащы, фаст-фуд, консервіленген тағамдардан аулақ болыңыз.

 

Дәрігер не дейді?

Жаз басталды, көп ата-ананың айтатыны – «баламның іші өтіп, мазасы кетіп тұр». Осылай десе де, кей ата-ана баласын дәрігерге көрсетуге асықпайды.  Үйреншікті, үйден емдей салатын ауру ма дерсің. Бірақ әбден меңдеген дерттің мазаны ғана алып, берекетті қашырып қана қоймай, өлім жағдайымен де аяқталатынын естен шығармағанымыз дұрыс.

  • Жаз басталысымен түрлі диагноздармен балаларға ем-шараларын жүргіземіз. Негізінен жаңа туған сәбилер және үш жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында жедел-ішек инфекциясы жиі орын алады. Әттегенайы кей аналар нәрестенің іші өтіп ауырса, «тісі жарып жатыр» деп мән бере қоймайды. Үй жағдайында емдейді. Іш ауырған кезде ағзаның сусыздану процесі күшейе түседі. Жуырда  ғана бисендік бес айлық баланы ауыр жағдайда әкелді. Жоғарыда айтып өткенімдей тісінен көріп, уақыт созып жүре берген. Періштесі қағып, беті бері қарады. Жаз басталғалы орташа деңгейлі іш ауруымен сегіз балаға ем жүргіздік. Жедел ішек инфекциясы бактерия, вирус пен токсиндерден пайда болады.  Бактерия арқылы дизентерия таяқшасы, сальмонелла, стафилококк, іш сүзегі т.б аурулар туады. Сондықтан бұл жағдайда дәрігерге көріну баланың   өмірі үшін аса маңызы екенін қаперге береміз,–дейді педиатр дәрігер Ақлима Кәрімқызы.

 

Ішек инфекциясынан қалай сақтану керек?

Алдымен қарапайым гигиеналық шараларды ескеру қажет. Даладан үйге кіргенде, тамақ ішерде қол жууды ұмытпаңыз;

Көшеден, базардан кез келген күмәнді орыннан тамақтанбаңыз;

Көкөніс, жемісті ағын су астында жуған соң жеңіз;

Көкөніс, жемісті өз мезгілінде, піскен кезінде тұтыныңыз;

Тез бұзылатын тағамды тоңазытқышта сақтаңыз. Кейбір тағам тоңазытқышта тұрса да, бұзылатыны есіңізде болсын;

Жарамдылық мерзімі өткен, жылы жерде тұрып қалған тамақты жемеңіз;

Санитарлық нормаға сай келмейтін өзен, көлдерден су ішпеңіз, шомылмаңыз;

Суға шомылғанда судың ауызға кіруінен сақтаныңыз;

Сүт, ет өнімдерін толық қайнатып, пісіріп ішіңіз;

Термиялық, яғни қайнатып, пісіруді қажет етпейтін өнімдерді (нан, тәттілер, тағы басқа) көкөніс және етпен бірге сақтауға болмайды. Дүкеннен алған кезде де бөлек пакетке салыңыз. Ет тураған тақтайды жууды ұмытпаңыз.

Банан мен жұмыртқаны қолданар алдында жуыңыз;

Асханада қолданатын ыдыс жууға, үстел сүртуге арналған құралдарды (шүберек, губка) жиі ауыстырыңыз;

Тамаққа шыбынның қонуына жол бермеңіз;

Егер тамақтан сәл басқа иіс, көпіру, ашу белгілері байқалса жемеңіз, тастаңыз;

Салатты дастарханға қояр кезде дайындаған жөн;

Балаңыздың өз бетімен, көшеде кез келген адам ұсынған тамақты жеуіне болмайтынын қатаң ескертіңіз. Бастысы, сақтық қашанда артықтық етпейді.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ