8.07.2021, 15:26
Қараулар: 83
БӨКЕЙ ЕЛІНДЕГІ СТАРШЫНДЫҚ МЕКТЕПТЕР

БӨКЕЙ ЕЛІНДЕГІ СТАРШЫНДЫҚ МЕКТЕПТЕР

Бөкей ордасының тарихын кең байтақ еліміздің өзге өңірлерімен салыстырсақ, алар орны ерекше. Әсіресе, оқу ағарту саласы мен білім жүйесінің тамыры терең.

Елімізде алғаш ғылыми пәндерді оқытатын бірінші мектеп 1841 жылы Хан Жәңгірдің бастауымен ашылғаны тарихтан белгілі. Биыл осы тұңғыш мектепке 180 жыл. Жәңгір училищесінен кейін, 1868 жылдан бастап Бөкей ордасының жеті бөлігінде (Қамыс-Самар, Қалмақ, Нарын, Тарғын, Талов, І Теңіз жағалауы аймағы, ІІ Теңіз жағалауы аймағы) бірсыныптық мектептер жұмыс жасай бастады. Алайда, бұл қисымдық мектептер де оқуға ынтасы бар бөкейлік қазақ балаларын түгел қамти алмады. Сондықтан қаражатты көп талап етпейтін, шаруашылық жағынан ұйымдастыруы жеңіл көпшілікті қамтитын жаңа мектептер ашу керек болды. Осыдан келіп старшындық мектептер пайда болды.

Тарихи құжаттарға сүйінсек 1896 жылғы мәлімдемеде Бөкей ордасында 64 орыс-қазақ мектебі, солардың ішінде 2 екісыныптық училище, 6 бірсыныптық училище, 14 старшын мектептері, 38 медресе мен мектеп, 2 орыс сыныбы мен 2 жеке мектеп болған. Құжатта 1895 жылғы есеппен салыстырғанда сегіз мектепке өсіп, соның ішінде жаңадан жеті старшындық мектеп ашылғандығы жазылады. Бірінші старшындық мектептер Нарын, Қамыс-Самар қисымдарында және ІІ Теңіз жағалауында ашылса, екінші старшындық мектептер Торғын қисымы мен І Теңіз жағалауында орналасқан.

Яғни, алғашқы жеті старшындық мектеп 1895 жылдың соңында ашылса, қалған жетеуі 1896 жылы ашылған.

Старшындық мектептер туралы Н. Казанский «Астархан губерниясына халыққа білім беру» атты мақаласында: «Қазақтардың өз балаларын старшындық мектепке үлкен ықыласпен бергені алғашқы тәжірибеден-ақ байқалды» деген екен. Сондай-ақ, автор Ішкі Орда инспекторының 1895 жылғы есебінде, Орданың барлық бес бөлігі мен екі округінде старшындық мектептер ашу туралы өтініш түскенін жазады.

Старшындық мектептер халықтан жинаған қаражат есебінен ұйымдастырылып, олар киіз үйлерде немесе жер үйлерде орналасқан. Оларға оқытушылыққа Хан ордасындағы екісыныптық училищені бітіріп, Қазан оқытушылар семинариясында «бұратана бастауыш оқытушысы» атына сынақ тапсырғандар жіберіліп отырған. Жалпы, старшындық мектептер халық көбірек орналасқан елді мекендерде ашылып, сондай-ақ, әр жерлерге көшіп отырған. Ішкі Қазақ ордасындағы бастауыш мектептер жөніндегі тізімдемеде, 1895-1896 жылдары ашылған старшындық мектептер туралы деректер келтірілген. Онда Ішкі Қырғыз ордасының Қалмақ қисымындағы №1 старшындық мектеп 1895 жылы 14 қараша Хан ставкасынан 100 верст Қаракөл елді мекенінде ашылса, 1897 жылы 27 қазанда Шоңайға, 1899 жылы 22 наурызда Сайхынға көшірілген екен. Ал, №2 старшындық мектеп алдымен 1895 жылы 14 қарашада Шоңайда орналасып, 1896 жылы 4

мамырда Хан ставкасынын 150 шақырым (верста) Ішпеге көшірілген. Сол жылы Хан ставкасынан 100 шақырым Шынайбеков елді мекенінде де екінші старшындық мектеп ашылған. Сондай-ақ, Хан ставкасынан 60, 80, 140, 150 шақырым жерлерде №3, 5, 7 старшындық мектептер болған. Астрахан губерниясының халық училищелері ІІІ инспекциясының 1896 жылғы қызметкерлер құрамы туралы мәлімдемеде Қалмақ қисымындағы №1 старшын мектебінде дін оқытушысы Ахун Шынайбеков, оқытушы Ерғали Мұқашев, №2 старшын мектебінің дін оқытушысы сұлтан Ахмедғали Таукенов, оқытушы шені жоқ Неғметолла Қарасаев. Тарихи құжат бойынша Қамыс-Самар қисымында (Хан ставкасынан 200-300 шақырым) сегіз старшындық мектеп болған. Қоспақ айдында орналасқан №3 старшын мектебінің дін оқытушысы молла Айтқожа Тажиев, оқытушысы шені жоқ, Омарғали Айтқожиев. Сарыкөлде ашылған №4 старшын мектебінің дін оқытушысы Молла Батырғали, оқытушы міндетін атқарушы шені жоқ Сақып Дәулетұлы Ақбаев. Ол 1904 жылы Қазан оқытушылар семинариясын бітірген. Нарын қисымында 1896-1899 жылдары (Хан ставкасынын 100-250 шақырымда) он старшындық мектеп болған. Нарын қисымының Толыбай тоғайындағы №5 старшын мектебінде дін оқытушысы – молла Хайролла Сарбаев, оқытушысы – шені жоқ Қадырәлі Жұмашев. Жарқияқ тоғайындағы №6 старшын мектебінде дін оқытушысы – молла Жұбан Жүрдібеков, оқытушысы – Жұмағали Қапанов. Талов қисымында 1896-1899 жылдары (Хан ставкасынын 150-250 верст) бес старшындық мектеп болған. Талов қисымы Қарасу мекеніндегі №7 старшын мектебінің оқытушысы – шені жоқ, Әубекер Ғилыманов. Тоқбаскөлдегі №8 старшын мектебінде дін оқытушысы – указной молла Құбаев, оқытушысы – шені жоқ Ғазез Хұсайынов. Тарғын қисымында (Хан ставкасынан 75-150 верст) алты старшындық мектеп жұмыс жасаған. Тарғын қисымының Торанкөлдегі №9 старшын мектебінің оқытушысы – Сұлтан Ғабдолмәжит Жұманиязов. №10 старшын мектебінің оқытушысы – міндетін атқарушы шені жоқ Жұмағазы Бегімбетов. І Теңіз жағалауы аймағының Үбіш Есмақов ауылындағы №11 старшын мектебінің оқытушысы міндетін шені жоқ, Қазан оқытушылыр семинариясын бітірген Паңгерей Мұртазгелдіұлы Ақсартов атқарған. Ахун Аралов ауылындағы №12 старшын мектебінің оқытушы міндетін шені жоқ Зұлхарнай Сақыпов атқарған. ІІ Теңіз жағалауы аймағының Ұзынкөлде орналасқан №13 старшын мектебінің дін оқытушысы – указной молла Орғалиев, оқытушының орны бос деп жазылған. Ақжүніс тоғайындағы №4 старшын мектебінің оқытушысы міндетін атқарушы – шені жоқ Ғимран Дәулетияров.

Музей-қорық қорында ІІ Теңіз жағалауы аймағының №1старшындығы «Қойқын» мекеніндегі старшын мектебінің тарихи суреттемесінде: «1895 жылы ашылған жылжымалы мектеп алғашында №12 старшындығы Ақжүніс мекенінде, кейін №13 старшындығына қарасты Керей-Шошақ, Сулхи, Чапчачи, Ноғайбай мекендеріне көшіріліп отырған. Ал, 1910 жылы 4 қазанда мектеп ІІ Теңіз жағалауы аймағының №1 старшындығында қайта ашылған. Мектептің жеке ғимараты болмаған, едені саз балшықтан, төбесі

сабаннан жасалған жалдамалы пәтерде орналасқан. Ашылған жылы мектепте 16 бала болған, бұған дейін мектепті шамамен 160 бала оқып бітірен екен. Мектепті бітірген кейбір оқушылар Үлкен Ганюшкендегі екісыныптық училищеге түсіп оқуын жалғастырса, жартысы өз ауылдарына қайтып мал шаруашылығымен айналысқан. Мектеп кітапханасында 192 тақырыптық кітап, есепшот және кесте-әліппе болған. Мұғалімі – Ғұбайдолла Мұқашұлы Алагөзов. Хан ставкасындағы қалалық училищенің педкурсын бітірген. Оқушылардың жасы – 7 мен 12 жас аралығында. Мектепке қабылдау уақыты – үш ай, яғни, 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін. Сабақ таңғы 9:00-ден, түскі 14:00-ге дейін. Балалар кітап пен дәптерлерін аласа партаның үстіне қойып, өздері жерде отырып оқыған. Мектептен тек 2-3 жылдық алғашқы білім алған. Оқуды, жазуды, арифметиканы, жеңілдеу орысша сөздерді үйреткен. Мектептен 120 шақырым жердегі Бекмұхамедов ставкасында аурухана пункті болған. Ауырған балалар тек үй жағдайында емделген. Жиі кездесетін аурудың түрлері – жөтел, тамақ ауруы, бас ауруы, көз ауруы. Мектепке керек қажетті заттар жергілікті қазақтардың есебімен қамтамасыз етілген», — деп жазылған.

ХХ ғасырдың басында тұрғындар старшындық мектептердің материалдық базасы төмен, оқытатын мұғалімдері жеткіліксіз екеніне көз жеткізе бастады. 1909 жылы 15 тамызда Сейтқазы Бөлтек мекенінде мұғалім болған Хатымғали Түменов: «Менің мектебім орналасқан жердегі тұрғындар балаларын мектепке ықыласпен беруде. Сондай-ақ, тұрғындардың тек старшындық мектептермен шектелмей, балаларын қисымдық мектептерге, қалалық және басқа да училищилерге беруді қалағанын аңғаруға болады» деп мәлімдеме берген екен. Бұл жерде бөкейлік қазақтардың оқу-білімге деген құлшыныстарының жоғары болғанын байқауымызға болады.

Тағы бір басты мәселе – оқушыларға арналған мемлекеттік тегін бос орындардың аз болуы. Ол жөнінде Хатымғали Түменов: «Мемлекеттік грантқа тек кедей балалары емес, дәулетті отбасының балалары да түсетіндіктен тегін бос орындар жетіспейді, ал кедей қазақтар балаларын өз қаражаты есебінен оқыта алмайды, – деп жазады.

Сол кездегі мектептердің материалдық жағдайлары қаншалықты төмен, сабақ беретін жоғары білімді мұғалімдері жеткіліксіз болғаны жоғарыдағы мәліметтерден-ақ, белгілі. Дегенмен де, бұл старшындық мектептер білімге ұмтылысы бар көптеген жанға алғашқы оқу-жазуды меңгертіп, қаншама шәкірттің білім жолындағы алғашқы баспалдағы болды?!

Ал, осындай мектептердің елімізде жаппай таралып, халықтың білімге деген көзқарасының жақсаруына бастама жасаған Жәңгір мектебінің үлесі зор.

Мира КУТУШЕВА,

облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының

ғылыми қызметкері