17.06.2021, 18:07
Қараулар: 133
АҒАЙЫНДЫ САДЫҚОВТАР

АҒАЙЫНДЫ САДЫҚОВТАР

Садықовтардың балалық, жастық шақтары қиын заманға тап келіп, бірде тоқ, бір де аш өмір кешсе де қатарларынан озық оқып, білім алды. Оған   Қызылордада білім алған туған апаларының бауырларын  (үш інісі мен бір сіңлісін) өзімен бірге үлкен қалаға әкетіп, білім алуларына мұрындық болғаны да өз септігін тигізсе керек. Жалпы Садықтың алты қызы, үш ұлы бар болған. Елге оралып, қызмет жасай бастаған кезде, аяқ астынан соғыс басталып, бір үйдегі үш бірдей азамат бірінен соң бірі майданға аттанып кете барды.  Ол кезде ең үлкені Әнуар ғана отбасылы еді. Ол  Орда мектебінде мұғалім болып жүргенде,  1939 жылы әскери шақыртылып, сол жағынан соғысқа кіреді. Әнуар Садықовтың майдан даласында жазған соңғы хаты бұл күнде облыстық Хан Ордасы музей-қорығында сақталған. Хатта:

«Імәкә, Гүлжиян, Қанат, Майра.

Дендерің сау тегіс жақсы болсаңыздар. Мен де денім сау өте жақсымын. 4-5 күн болды бір жерде тоқтап демалып жатырмыз. Көп ұзамай басқа жерге жүрерміз. Көп ұзамай Герман фашистерін жойып жеңіспен елге қайтамыз, жақсылық болса.

Мені ойламаңыздар, денім сау …. жақсы. Тек сендерден хат алуды қойдым. Неге хат жазбайсыңдар? Әлде бізді ұмытып кеттіңдер ме?

Імәм болмаса басқаларыңның қолдарыңнан хат жазу келеді ғой. Маған «Қызыл Жұлдыз» беретін болып приказ оқыған, әзірге алғаным жоқ (қолыма). Ден сау жүрсем алам ғой приказ оқығасын. Жоғалмайды ғой.

Сендердің денсаулық хабарларыңды Ордадағы іні-қарындастар жазып тұрады. Әйтпесе сіздің денсаулықтарыңызды естуден де қалған болар едім, сіздің өзіңізден хат күткен уақытта. Өйткені сіздің хат жазуға қолдарың тимейді. Хош сау болыңыздар. Інілік сәлеммен Әнуар. 13.04.45 жыл», – деп жазылыпты.

Көп ұзамай сол жылдың 26 сәуірінде Жұпар Бекесоваға күйеуі аға телефонист, ефрейтор Әнуар Садықовтың Отан қорғау жолында 1945 жылы 20 сәуірде ерлікпен қаза болып, ол Грайфенхоген (Германия) тас жолының оң жағындағы Вольтин қыстағында әскери құрметпен жерленгені туралы қара қағаз жіберіледі. Артынша 2 қазанда дала почтасы арқылы Жұпарға Әнуар Садықовтың майданда әскери тапсырмаларды үлгілі орындағаны және неміс басқыншыларымен соғыста ерлік көрсеткені үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын жөнінде анықтама келеді.  Құжат отбасына заңда көрсетілген жеңілдіктерді пайдаланып, жергілікті өкімет орындарына тапсыру үшін берілген. Есіл ер Ұлы Жеңіске 18 күн қалғанда майдан даласында оққа ұшып, туған жерден жырақта көз жұмады.

Садықовтардың ортаншысы Нұри туралы 2016 жылы  21 маусымда «Орда жұлдызы» газетіне тарихшы-өлкетанушы Амантай Хамзиннің «Қамал Қаһарманы ордалық Нұри Садықов» атты мақала жарық көрді. Онда жасынан алғыр болып ер жеткен Нұридің мұғалімдер училищесін үздік бітіріп, 1936-1937 оқу жылында Алматыға таяу Есік қаласындағы орта мектепке мұғалім болғаны, ҚазПИ жанындағы мұғалімдер институтының физика-математика факультетін қызыл дипломмен бітіріп, әскерге алынғаны жазылады. Қайран боздақ қаһарлы соғыстың алғашқы күнінде қаһарман Брест қамалында ерлікпен қаза табады. Нұри Садықовпен әскерде бірге болған Александр Аникин деген қарулас жолдасы 1985 жылы: «Мен Садыков Нұримен 1940 жылдың ақпан айынан 1941 жылдың  22 маусымы аралығында миномет батареясының 125-атқыштар полкінде бірге қызмет еттім. Нұри жолдастарының ортасында көңілді әрі көпшіл, әрқашан көмекке дайын болды,  батареядағы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысатын. Әскерден босаған соң білім беру ісімен айналысып, отбасын құрып, екі ұл мен қызды болуды армандады. Алайда бұл армандары орындалмады. Ол 22 мамырда қамал маңындағы қару-жарақтар қоймасында жаралыларға көмектесу кезінде көз жұмды», – деп еске алады (мәлімет ғаламтордан алынды). Нұри Садықов құрамында болған, 125-атқыштар полкы миномет батареясының миномет расчетының командирі сержант Владимир Фурсов «Өліспей беріспедік» («Стояли насмерть») деген естелігінде толассыз шабуылмен өткен он бір сағат ұрыста көптеген жауынгердің ерлікпен қаза тапқанын жазады. Оның ішінде жерлесіміз Нұри Садықовтың да есімі аталған. В.Фурсовтың бұл естелігі 1964 жылы Н.Шаховтың «Казахстанцы защитники Брестской крепости» деген жинаққа енген. Музей қорында 1983 жылы 28 қыркүйекте Брест қамалы қорғаныс музейінің аға ғылыми қызметкері Галина Зваричтің жерлес жауынгер Нұри Садықовтың ерлігі мен  оның есімі қаһарман Брест қамалы мемориалдық кешенінің мәрмәр тақтасына жазылуға рұқсат етілгені жөнінде  жазған хабары сақталған. Сонымен қатар ол жауынгердің өскен ортасы, туған жері, ата-анасы, оқыған мектебі жөнінде толық мәлімет беруін сұраған. Бұл хат соғыстан аман-есен оралған ағайынды Садықовтардың кішісі Рүстемге жазылған. Елге қайтпаған ағалары туралы талмай іздеу жұмыстарын жүргізген Рүстем Садықов «Қызыл Жұлдыз» иегері атанған Әнуар мен Брест қамалының қаһарманы Нұри туралы деректерді  жинақтап, 1984 жылы музей қорына тапсырған.

Рүстем Садықов та Ұлы Отан соғысына қатысқан жан. Ол майданға Ордадан 1942 жылдың мамырында аттанады. Камышин қаласында әскери жаттығудан өтіп, 14-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында Сталинград, Новороссийскде  82 мм миномет ротасында нысанашы болып Дон даласындағы ұрыстарға қатысады. Ауыр ұрыстарда жараланып әуелі Аткарск, кейін Татищев қалаларында ем алады. Кейін іріктелген бір топ жігіттермен бірге Солтүстік Осетиядағы Орджоникидзе қаласына әскери училищеге оқуға жіберіледі. Бұл 1943 жылдың бас кезі болатын. Оқуы, әскери сабақ үлгерімі талапқа сай болса да, жас сарбаз басшылықтан рұқсат алып қайтадан соғысқа аттанады. Аға сержант Рүстем Садықов 33-артбригаданың 318-танкіге қарсы артполкінде 122 мм артиллериялық зеңбірек расчетының командирі болды. Ол Украина жеріндегі ұрыста қатты контузия алып, оң жақ қолынан жараланып, Харьков госпиталында ем алады. 1944 жылдың мамырында қайтадан майданға келіп, даңқты қолбасшы Х..Багремян басқарған Прибалтика майданында, кейін Г.Жуков басқарған І Украина майданының құрамында жауды өз ұясында талқандауға қатысты. 2-батареяның орудия командирі сержант Рүстем Садықов 1945 жылы 5 наурызда Германияның Штангер облысындағы болған шабуылдаушы шайқастарда жауға қарсы тойтарыс беру кезінде жаудың «Тигр» танкісін, екі пулемет нүктесін,  8 немістің көзін жойып, «Ерлігі үшін», кейін «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен, Жоғарғы Бас қолбасшының көптеген алғысхат, грамоталарымен марапатталады.

Соғыс аяқталған соң туған жерге аман-есен оралған жауынгер, білім беру ісімен айналысып, Орда мектебінде мұғалім болады. Ол білімін жетілдіру мақсатында 1952 жылы Қызылордадағы Мемлекеттік Оқытушылар институтында жаратылыстыру және география мамандығы бойынша білім алады. Әріптестеріне, шәкірттеріне, еліне қадірлі азамат 1962 жылдары отбасымен Алматыға көшіп, 1969 жылы Абай атындағы педагогикалық институтта зейнетке шыққанша ұстаздық қызметін жалғастырады.

Майдангер Рүстем Садықов зайыбы Маржан Хайретдинқызымен жарасты ғұұмыр кешіп, жеті перзент сүйді.

Соғыс талайдың тағдырын талқан етті. Осылайша, басталғанына 80 жыл болған соғыс салдарынан арыстандай үш ұлы бар отбасының бір ғана тармағы тамыр жайды, шырақты сақтап қалды. Бұл күнде Алматыда тұратын Рүстем Садықовтың ұрпақтары жеңіс сарбазының құжаттары мен орден, медальдарын көздерінің қарашығындай сақтап, аталарының ерлігін немере-шөберелеріне мақтан етуде.

Мира КУТУШЕВА,

облыстық Хан  Ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық

 музей-қорығының ғылыми қызметкері