10.07.2018, 10:01
Қараулар: 675
Ақын-журналист Ғ.Сейтақ 60 жаста

Ақын-журналист Ғ.Сейтақ 60 жаста

Мен көктен түскенім жоқ,

Жерден өрдім.

Жасымнан періште емес, пендеге ердім,

Баяулап күндерім де барады өтіп,

Ай аунап,

Жұлдыз күліп,

Дөңгелеп күн, – деп жырлаған Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағы мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Т.Айбергенов, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың лауреаты, ауданымыздың құрметті азаматы, жерлес ақын ҒайсаҒали Сейтақ асқаралы алпыс жасқа толды. Туған жердің туын биікке көтерген ағамыздың мерейжасына арналып кіндік қаны тамған Хан ордасы ауылында «Өмірім – өлеңім» атты әдеби сазды кеш оздырылды. Онда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов Ғайса-Ғали Самиғоллаұлын құттықтап, иығына шапан жауып, сый-сияпатын ұсынды.

 

…Ақын жырын арнап жүрген халқы үшін,

Жақсы ақынсың, Жайықтағы жалқысың,

Жасын жырды жарқылдатып жасай бер,

Құтты болсын, жаңа толған алпысың!-деп сырымдық ақын Махмет аға Қажиахметовтың Ғайса-Ғали ақынға арнауында айтылғандай, ардақты азаматтың әдеби кешінің шымылдығы «Шілдеде біз туғанбыз…» туындысымен түрілді.

Ақын өмірінен сыр шерткен фильмде де «Жақыным менің – жалпақ ел» деп жырлаған Ғайса-Ғали ағамыздың түрлі жыр додаларында талай тұлпарларды шаң қаптырғаны айтылып, өңіріне Ғұмар Қараш төсбелгісін таққандығы сөз болды. Жүргізуші Назымгүл Оразгелдиева Қазақпарат халықаралық Агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, «Жайық Пресс» медиахолдингі директорының орынбасары, екі ұл мен бір қыздың әкесі һәм мерейтой иесі Ғайсақаңа: «Өнерде ізіңізден ерген ұрпағыңыз бар ма?»- деп сауал тастағанда ол: «Немереден үміттіміз»,-деді. Кіндігі Нарынның топырағында кесілген тұңғыш немересі Нарұл атасының визиткасына айналған «Нарынның нар ұлдары» өлеңін нақышына келтіре оқып берді. Кеш барысында жас толқын Альфия Төлегенова, Аружан Нұржанқызы  мен Айдос Қадірәлі де ақын жырларын жатқа айтса, Ғайса-Ғали Сейтақтың сөзіне жазылған (сазы Еркін Нұрымбетовтікі) «Асқақтай бер, Астана!» әнін Эльдар Құдабаев қалықтатты.

Ақын әр туындысымен жүрек лүпілін жеткізіп, ішкі жан дүниесін айқара ашады. Ал, «Төртінші бала» өлеңінің мәнісін Ғ.Сейтақ әріптесінің перзентіне арналған еді деп түсіндірді. Оның қаламынан туған шығармалардың дені тарихи тұлғаларға, қасиетті орындарға, әсіресе, өзіміздің өңірдің елеулі оқиғаларына негізделген. Мәселен, «Бөкей ханның бейіті», «Жәңгір ханның жазуы», «Сексен сарбаз», тіпті, жерлес Нұрғаным Байсейітованың үйінде ілулі тұрған Орданың жусаны да «Орданың бір түп жусаны» өлеңіне арқау болған. Өңіріміздің өткені мен бүгінгісін бір туындының ішіне сыйдырған «Павел патшаның соңғы күні», «Егер Бөкей көшпесе…» шығармаларында өлкеміздің тағдыры шешілген сәтті дөп басып суреттеген. Оның патриоттық рухтағы өлеңдері де  көп-ақ.

Кеш барысында сөз алған құрметті мейман, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағы мүшесі, ақын Амангелді аға Шахин қарағайлары көкпен таласқан қасиетті топырақта дүниеге келген әріптес інісін туған күнімен құттықтап, «Құдіретің құм Нарын» толғауын оқыды.

Қара домбырамен термелеткен ақын ағаның құрбысы Тілектес Байқадам жұбайы, белгілі хирург Хамит Ералиннің ыстық тілегін жырмен жеткізгендей болды. «Өксіген өз елінде ана тілдің жалауын желбіретер уақыт келді» деп де жар салды қадірменді мейман. Иә, елдік мәселені көтерген досының үніне үн қосқан мерейжас иесі Тәуелсіздік туын көтеруге шақырған «Жоқ шығар бұдан асқан азап бүгін» өлеңін оқыды. Сонымен қатар жақында жарық көретін «Қасиет қонған қара жер» атты жаңа жинағына енетін бірнеше туындыларымен де таныстырды.

«Батыста шекараны қорғап тұрған батырдың ұрпақтары барсыңдар ма?» деп ел-жұртының есендігін сұрай сөзін сабақтаған ақын қызымыз Жансая Мусина мен оның қарсыласы, тумысы саралжындық айтыскер Талғат Мықи да қалжыңдаса айтысып, өмірдегі һәм өлеңдегі ақылшы ағаларына шалтты да шабытты ғұмыр тіледі. Өз кезегінде көршілес Жәнібек ауданынан арнайы келген бисендік Назгүл Кәрімова да ақын ағасы өз өлеңімен Бөкей даласының картасын сызды десе, ордалық Рахметолла Ғұмаров сыныптастарының жылы сөзі жазылған құттықтау хат пен сый-сияпатын табыстады.

Бұл әдеби кеште Ғайса-Ғали аға ұстаздары Шолпан Құрмашева, Роза Әділәлиева, Сейсен Байзонов, Әлима Қабдірахимова, Рәзия Жаманғарина, сынып жетекшісі Қалқаман Хайретдинов және өнердегі пір тұтар жерлесі, ұялылық арқалы ақын марқұм Жанғали Набиоллиндердің есімдерін аса құрметпен ауызға алды. Және елеген еліне, қадірлеген жұртына, ұйымдастырушыларға, округ кіре берісінен құшақ жая қарсы алған ауданның атқамінерлеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылығы мен өмір жолынан сыр шертетін көрме жасақтаған  Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешеніне қазақтың Қадыры (Мырза Әли) мен Жанғалиі ұстаған қасиетті қалам мен өзі тұтынған өзге де дүниелерді тарту етті.

Ғабит Мүсірепов: «Ақын орны – қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде» деген екен. Ендеше, Ғайса ағамыздың қаламы оны алда да биік шыңдарға жетелей берсін дейміз.

Раушан БАҚЫТОВА.