14.08.2018, 17:49
Қараулар: 420
 » 
Жазғы демалыс

Жазғы демалыс

dav

Аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының тәлімгерлері Ұлжан Жұмағалиева мен Нұргүл Халиоллинаның ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұршықты ұмытпайық, ұлықтайық!» атты тәрбиелік шара өтті. Онда сонау замандардан көненің көзіндей болған ұршық иіру өнері лагерь тәрбиеленушілері арасында насихатталып, ұршықтың құрылысы, жіпті иірудің тәсілдері, одан жасалатын бұйымдар көрсетілді.

Ұршық – басы, сабы және мұрындығы деп үш бөлікке бөлінеді. Айта кетелік, ұршықтың басын тығыз ағаштан ойып, жұмсақ тастан қашап, қорғасыннан дөңгелектеп құйып жасайды. Ал, жіп иірудің де екі түрлі құралы бар. Алғашқысы – ұршық, екіншісі – аяқпен айналдыратын жіп иіргіш. Жіпті алдымен түйенің, қойдың, ешкінің жүнін әбден жуып, кепкен соң майдалап түтеді. Содан соң ұршықпен иіреді. Иірген жіптен қолғап, шұлық, алаша, кілем, т.б. тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешектерді тоқиды. Аталмыш шарада қыз балалар ұршық иірудің қыр-сырымен танысып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қызығушылықтарын танытып, жұмыстанып та көрді.

Сондай-ақ, лагерьде ұлдар арасында тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту және дәріптеу мақсатында қазақтың ұлттық ойындарының бірі күрестен «Лагерь барысы» өтті. Алдымен, Нұржан Сариев күрестің тарихына тоқталып, жарыстың ережелерін түсіндірді. Белдесуге 15 демалушы шығып, өз бақтарын сынады. Бір-біріне беріспей, намысқа тырысып, тартысты өткен сайыста қара күштің иесі екенін дәлелдеген Нұрсұлтан Ғиылманов «Лагерь барысы» атанса, Әлихан Әліпқалиев екінші, Саят Өтеген үшінші орынды місе тұтты. Ал, Нұртілек Машан «Көрермен көзайымы» аталымын иеленді. Жеңімпаз палуандар дипломдармен марапатталды.

Досжан КЕНЖЕБАЕВ,

аға тәлімгер.