1.11.2019, 10:16
Қараулар: 762
БЕС ІС  ҚЫСҚАРТЫЛДЫ

БЕС ІС  ҚЫСҚАРТЫЛДЫ

Дауларды татуласу тәртібімен шешу мүмкіндіктерін арттыру барысында елімізде пәрменді шаралар алынып, дауларды медиация тәртібімен шешу қолға алынды.

Қазіргі уақытта  аудан көлемінде де дауды сотқа дейін және сот кезінде реттеудің мүмкіндіктері қалыптасып, сотта қаралатын істерге дауласушы тараптардың келісімімен ауданымыздың кәсіби емес медиаторларының көмегіне жүгінетініміз бар.

Бүгінгі таңда аудан аумағында барлығы 18 кәсіби емес медиаторлар өз жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Ауыл ақсақалы Ноқаш Қадимов бастаған кәсіби емес медиаторлардың еңбегі елеулі. Осы медиаторлардың тараптарды татуластыруының арқасында іс қысқартылып, сотқа жетпей, мәмілеге кеп жатқандарын ерекше атап өту керек.

Айталық, бір күнде Бөкей ордасы  аудандық сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігінде отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге қарастырылған әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін  бес азаматқа  қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.

Іс құжаттары бойынша құқықбұзушылар өз жолдасына сыйламаушылық көрсетіп, боқтап-балағаттап, ар намысына тиетін сөздер айтып, жанұяның тыныштығын бұзып, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерді жасағандығы анықталды. Сот талқылау барысында судья тараптарға татуласуға ұсыныс жасап, медиация тәртібімен көзделген дауды реттеудің құқығын түсіндірді. Нәтижесінде, тараптар медиатордың көмегімен өзара медиативтік келісім жасап, өзара татуласқандарын және соттан істі тоқтатуды сұрады.

Осылайша, тараптардың өзара медиативтік келісіммен татуласуына байланысты, судья  әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді ҚР ӘҚБтК-нің 64-бабының 1-бөлігі негізінде тоқтатты.

Отбасында кандай болмасын дауды татуласушылықпен шешілгенге не жетсін, кешірімді болу адамгершіліктің қасиеті екен ұмытпайық.

Жандос ҚАНАТҰЛЫ,

аудандық соттың бас маманы, сот хатшысы