6.11.2019, 18:22
Қараулар: 705
ОҚЫРМАНДАРМЕН КЕЗДЕСУ

ОҚЫРМАНДАРМЕН КЕЗДЕСУ

«Орда жұлдызы» редакциясы ұжымының жазылым науқанына орай  оқырмандарымен жүздесіп, пікір-алмасу бағытындағы кезекті іс шаралар легі аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты.

Алдымен кездесудің  мән-мақсаты жайында «Орда жұлдызы» газетінің директор-редакторы Ұлпан Жакина тарқатып, айтып берді:

-Газетіміздің аяқ алысын бағамдап, орынды пікір, жүйелі сөзбен демеп, тілшілердің шабытын асырып, серпін берер көзі қарақты оқырмандарымыз деп білеміз. Біз де «газет халықтың үні, көзі Һәм құлағы» деп ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының ой орамынан ауытқымай, жергілікті халықтың үнін тыңдап, қоғамдағы келелі мәселелерге бет бұрып, түйінін тарқатуға хал-қадірімізше еңбектеніп келеміз.  Өздеріңізге жақсы мәлім, ақпараттық медианың жаңа талаптарына сай газетіміз біраз өзгерістерге кенелді. Газетіміздің бет-бейнесі айтарлықтай жаңарса, ішкі мазмұны да оқырманның үдесінен шығар дүниемен толығып келеді. «Фотошежіре», «Фотоқор», «Елтаным», «Тұғырлы тұлға», «Берекелі бибілер», «Шетелдегі бөкейліктер» сыңды жаңа айдарлар көптің көңілінен шықты десек артық айтқандық емес. Алдарыңызға келгендегі мақсатымыз киелі Нарын құмының төл перзенттері, яғни өздеріңізбен жүздесу арқылы аудандық басылымға қолдау көрсетіп, жазылым науқанында белсенділік танытуға шақыру болып табылады. Сізден де ұсыныс болсын, ой-пікірлеріңізді ортаға салыңыз, ұшқыр идеяны біз де құп көреміз,- деді.

Өз кезегінде мәдениет үйінің директоры Жоламан Сисенғалиев:

— Аудандық басылым «Орда жұлдызы» газетінің тұрақты оқырманымын және де осы үстел басына жиылған барша әріптестерім де төл газетіміздің шын жанашырлары деп білемін. Өзіңіз айтқандай, киелі Нарын құмының төл перзенті ретінде үнжариямыздың қанат жайып, өркендей беруіне тілекшіміз. Бүгінгі кездесуіміздің өзі көп нәрсені аңғартқандай. Біле білсек, газет тілшілерімен бұрын — соңды кездесіп, өзара пікір алмасудың сәті түспепті. Біздің қайсыбір шара — жиындарымызды жарқыратып көрсетіп, насихаттауда сіздердің еңбектеріңіз елеулі. Әрине, біздің жұмысымызға орай бірді-екілі жазылған сыни материал да жоқ емес. «Сын түзелмей, мін түзелмес» дегендей  орынды, дәйекті сынға біздер тек қуанамыз. Өйткені, дос күлдіріп емес, жылатып айту арқылы кемшін тұстарымызды байқатып, олқылықтардың орнын толтыруға үндейді. Әйтсе де, қандай ма концерттік бағдарламалар туралы мақаланы қысқа-нұсқа емес, барынша ашып көрсетсеңіздер екен. Мәселен, әріптестеріміздің арасында бірнеше конкурстардың жүлдегерлері, талантты, сегіз қырлы бір сырлы өнерпаздар жетерлік. Сол кісілердің шеберлігін, орындалған шығармалардың тарихы, сахналық көріністер, басқа да ерекшеліктерін тарқатып жазсаңыздар деген ұсынымызды айтқым кеп отыр.  Алдағы уақытта ауданымыздың мәдени әлеуетін арттырар тың жобаларымызбен бөлісе жатармыз деген сенімдемін деп сөзін түйіндеді.

Клуб  қызметкері Ботагөз Өтеғалиева:

— «Ұлан», «Балдырған», «Айгөлек» сыңды республиалық басылымдарға кей тұрғындарымыз жазыла алмауы мүмкін. Бүгінде керекті мәліметті ғаламтордан оқып аламыз десек те аудандық басылым бетінде де бүлдіршіндеріміз қызыға оқитын дүниелер берілсе жақсы емес пе?!- деп ойын білдірді.

 

Дәл осындай кездесу аудандық сот қызметкерлерімен жалғасын тапты.  Сот төрайымы Гүлжихан Сағитова аудандық басылымның әр нөмірін  үзбей оқитынын айтып, көкейтесті мәселерді уақтылы көтеріп, соңғы жаңалықтарды ел назарына ұсынуда жеделдік танытатын тілшілер қауымына өз ризашылығын жеткізді. Сондай ақ ол жергілікті БАҚ өкілдері мен соттың ортақ жобасы «Сот залынан» айдары тұралап қалмай, одан әрмен жүзеге аса берсе  деген ұсынысын жеткізді.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ