6.11.2019, 18:27
Қараулар: 667
«ІЗГІЛІК БАР ƏР ІСТЕ»

«ІЗГІЛІК БАР ƏР ІСТЕ»

Осы тақырыпта аудандық мəдениет үйінде əлеуметтік қызметкерлер мерекесіне арналған  концерт өтті.

-Аталмыш саланың қызметі жалғызілікті не мүгедек жандарға жәрдемдесумен шектелмейді, олар жәрдемақы, өзге де төлемдерді тағайындап, тұрғындарды жұмысқа тартады, жалпы әр азаматтың мұң-мұқтажын тыңдап, мейлінше көмектесуге тырысады,-деген аудан əкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева əлеуметтік сала иелерін кəсіби мейрамдарымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырып, үлкеннен құрметін аямаған, кішіге жол сілтей білген Берқайыр Қарағойшинге, Салтанат Молдашеваға, Зейнеп Абдуловаға, Ляззат Насимуллинаға, Серік Сапанов пен

Үмітханым Қалиеваларға Лариса Тельманқызы облыстық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Қолқаевтың алғысхатын табыстады. Еңбегімен еленген аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шыңғыс Абдуллин жəне аудандық жұмыспен қамту орталығы басшысы Исатай Оз бен бір топ маманды  аудан əкімінің алғысхатымен мадақтады.

Салтанатта сала ардагерлері де зор құрметке ие болды. Олардың атынан сөз алған Надежда Әменова өз ризашылығын білдіріп, құрамында жастар көп ұжымға халықтың бабын табу жолында сәттілік тіледі.

Сайқын ауылдық округінің əкімі Мейрамбек Аққалиев, аудандық мектептен тыс шығармашылық орталық директоры Əлібек Айтқалиев, т.б. мекеме басшылары ізгі ниеттері жазылған  хаттары мен сыйларын сахна төрінен табыстады.

Әлеуметтік сала мамандары мен аудандық демалыс орталығы қызметкерлерінің  күшімен дайындалған концеті өте тартымды болды.

«Өтелмелеген борыш» композициялық қойылымы (авторы Ботагөз Өтеғалиева) көрерменнің көзіне жас үйірді. Біраз ойға батырды, кейбірінің ызасын да келтірген шығар, сірә… Баласын еш нәрседен тарықтырмайын деп екі жұмыста бел жазбай қызмет ете жүріп өсірген ананың қартайған шағында қарттар үйінде жылғыз ұлын күтіп, немересінің маңдайын бір иіскеуге зар болып дүниеден өткенін көргенде жүрегің қалай сыздамасын?! Тас жүрек болған жалғыз ұлға қалайша ызыланбассың десеңізші?! Өкінішті-ақ, бірақ өмір шындығы осы болып тұр ғой. Ақ пен қараның таласқан биімен әрленген, әнімен әсемделген бұл қойылым перзенттік борышты ұмытпауға шақырды. Мерекелік бағдарламаға енген «Жақсы адамдарым», «Елге сапар»,«Ананың ақ жаулығы» әндері, М.Мақатаевтың «Күрсінбеші» өлеңі, хордың орындауындағы «Туған жер», «Атамекен» әндері тақырыппен үндестік тапса, Нұрдәулет Қайсағали мен Ерлан Сертековтың күйтартысы да көрерменін елтіп әкетті. Сала мамандарының ұлттар биі де үйлесімді болды. Тек орыс тілінде шырқалған «Как будто бы…» әні бір қарын майдағы құмалақтай көрінді бізге.

 

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ