6.11.2019, 18:32
Қараулар: 613
«ZHAS PROJECT»  ЖӘРМЕҢКЕСІ

«ZHAS PROJECT»  ЖӘРМЕҢКЕСІ

М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің фойесінде «Zhas project» жобасы қатысушыларының алғашқы жәрмеңкесі өтті. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаумен өз істерін бастаған жастарға «істерің жалғасты әрі жемісті болсын» деді.

Жобаны жүзеге асыруда жастар арасында түсінік жұмыстары жүргізіп, белсенділік танытқан  Саян Баетов, Мұхтар Жоламанов және Айымбек Егінғалиевтер алғысхатпен марапатталды.

Саян Баетов: «16 жасар швед қызы Грета Тунберг БҰҰ-ның конференциясында «Сіздер бізге не қалдырдыңдар?» деген сауалға жауап іздеген болатын. Күні ертең дәл осындай сауал сіздердің де алдарыңда туады. Сондықтан бүгіннен бастап қимылдау шарт. Ал, жоба жеңімпаздары мамандар көмегімен алғашқы қадамды жасады. Енді өздеріне сенімділікпен қарап алға ұмтылу қажет»,-деп жастарды жігерлендірді. Мінберге шыққан аудандық жастармен жұмыс ресурстық орталығының директоры Исатай Құрмашев осы жоба негізінде 80-ге жуық жас ұжымдық жұмысқа тартылып, бірқатары кәсіптерін әрмен қарай жалғастыруға ниетті екендіктеріне риза болысты. Жобаға қатысушылардың атынан сөз алған Арайлым Дәуленова модераторлардың көмегімен кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренгенін, Нұрсәуле Төлеуова жоба екі жыл бұрын қолға алмақшы болған малшаруашылығын дамытуға мүмкіндік бергендігін айтты. Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Медет Әнесов кәсіркерлікті дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер барын жеткізді. Көп балалы ана Қарлығаш Хадерова жастардың ізгілікке бастаған істеріне аналық алғысын білдірді.

«Zhas project» жобасымен бір миллион теңге қайтарымсыз қаржы ұтқан 27 топ өз өнімдерін осындағы сөрелерге орналастырып, шараға келген әлеуметтік осал топ мүшелеріне тегін таратты. Мәселен, «Несібе», «Милосердие», «Смак» топтары тәтті бәліштерін, «Омар-Осман», «Жанарыс» топтары сүт өнімдерін, енді бірі жұмыртқа ұсынды. Жастарымыздың арасында жылыжай өнімдерін әкелгендер де, компьютерлік курсты тегін өткізгендер де болды.

Өз тілшіміз