30.10.2020, 11:12
Қараулар: 346
 » 
ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның өкілі Қуаныш Қазихановтың қатысуымен өткен көшпелі кеңесте тұрғын үй сертификатын қалай алуға болатыны жөнінде толыққанды мәлімет беріліп, мемлекеттік бағдарламалардың ұсынатын мүмкіндіктері мен негізгі шарттары туралы түсіндірілді.

Сонымен, тұрғын үй сертификаты дегенді қалай түсінеміз және ол кімдерге тиесілі болмақ? Бір сөзбен жазар болсақ, тұрғын үй сертификаты – үй кезегінде тұрғандарға берілетін қаржылай демеу. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде үй алуға бекінсеңіз, 20%-дық алғашқы жарна, яғни,  шотыңызда 2 миллион теңге шамасында ақша болуы қажет. Алайда, шотыңызда аталған соманың жартысы болса, қалған 1 миллион теңгенің сертификатын аудандық тұрғын үй бөлімі береді. Сол секілді «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша  10 миллион теңге көлемінде баспанасын алу үшін алғашқы жарна 1 миллион теңгені шотыңызға жинауыңыз шарт. Жоғарыдағы мысалдай, шотыңызда тиісті соманың жартысы, яғни, 500 мың теңгеніз болса, қалған 500 мың теңгенің сертификатына ие бола аласыз. Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын көп балалы немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, жалғызбасты аналарға бұл әлеуметтік көмек қайтарымсыз негізде беріледі және отбасының әрбір мүшесіне соңғы 6 айдағы табысы 2 ең төменгі күнкөріс деңгейінен асқан жағдайда тиесілі болмақ. Ал, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеренария т.б сала қызметкерлері сәйкесінше сертификатта көрсетілген  соманы белгіленген  мерзімде кері қайтарулары шарт.

Сондай-ақ, бұл кеңесте тұрғын үй бағдарламаларының ұсынатын мүмкіндіктері де кеңінен талқыланды. «Шаңырақ»  бағдарламасына 1986 жылдан бастап 2017 жылға дейін жергілікті әкімдікте үй кезегінде тіркелген азаматтар ғана қатыса алады. Бұл бағдарламаның несие мөлшерлемесі 5%, бастапқы жарнасы 10%, несиелендіру мерзімі 20 жылды құрайды. Үй алушының айлық жалақысы, жеке кәсіпкерліктен түсетін табыс мөлшері секілді т.б негізгі кіріс көздері расталуымен қатар,  отбасы мүшелеріне шаққандағы табысы  101 270 мың теңгені құрауы тиіс. Сондай-ақ, «5-10-20» бағдарламасымен баспаналы болғысы келетін азаматтардың тұрғын үй кезегінде  тұруы міндетті. Негізгі басымдық мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала мамандарына берілсе, кезекте тұрған толық емес, көпбалалы отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар да осы бағдарламаға қатыса алады. Бұл бағдарламаның тағы бір артықшылығы – «Шаңырақ» бағдарламасымен үй алуға ниеттенгендерге су жаңа үйлер ұсынылады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы  көп балалы, толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар санатында кезекте тұрғандарға қолжетімді. Осы бағдарлама шеңберінде отбасының әр мүшесіне күнкөріс деңгейінің екі есе көлемі 62 366 мың теңгеден келсе, кезекте тұрғандарға нарықтағы үй құнының 10% жарнасының болуымен, жылдық 2% мөлшерлемесі негізінде 20 жылға дейін үй сатып алуға жеңілдетілген несие беру қарастырылған.  «Нұрлы жер» бағдарламасы –қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуде қолға алынған ауқымды бағдарламалардың бірі. Жергілікті тұрғын үй кезегінде тұрғандар түрлі сала өкілдерімен қатар әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасылар да қатыса алады. Бұл бағдарламаның несие мөлшерлемесі 5%, бастапқы жарнасы 20%, несиелендіру мерзімі 25 жылды құрайды. Балаларға арналған жаңа «Арнау» тұрғын үй депозитінің артықшылықтары жөнінде де айтылды. Бұл бағдарлама бойынша ата-аналарға кәмелет жасқа толмаған балаларының атынан шот ашып, баспанасының алғашқы жарнасын қазірден жинай беруіне мүмкіндік береді. Несие тек кәмелетке толған депозит иесінің атына берілетіндіктен  үй алар сәтте баланың жасы 18-ден асуы тиіс. Тұрғын үй бағдарламаларына қатысты өзге де ақпараттарды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жергілікті өкілдері Фарида Хайруллина мен Қарлығаш Өтешқалиевадан білуге болатыны қаперге берілді.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ